Өнер • 28 Желтоқсан, 2024

Сахнада – «Садағаң кетейін»

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әулиекөлде «Садағаң кетейін» атты драманың премьерасы өтті. Жергілікті «Шабыт» театры сахналаған жаңа қойылым бір әулеттің мысалында бүгінгі қоғамда көрініс беріп қалатын келеңсіз жайттарды, ал­дыңғы буын мен кейінгі жастардың дүниетанымындағы қайшылықтарды ашып көрсетеді.

Сахнада – «Садағаң кетейін»

Сахнада лудомания, нашақорлық және отбасылық қатынастардың бұзылуы сияқты мәселелер көтерілді. Кейіпкерлердің тағдыры, олардың жаза басып, орны толмас өкінішті жағдайға ұрынып, опық жеп қалуы көрерменге үлкен ой салады. Отбасы берекесінің қашуы, әке мен ұлдың, ана мен қыздың, ағайынды бауырлардың арасындағы өзара сый-құрметтің жоғалуы түрлі ойға жетелеп, көңілге қаяу түсіреді. Бір туған бауырлар ата-аналары кенеттен дүние салғаннан кейін ғана барып ес жиып, өткен өмірлерін қайта таразылай бастайды. Алайда уыстан шығып кеткен мүмкіндікті, өтіп кеткен уақытты кері қайтара алмайсың.

«Қойылым жүрек тебірентеді. Сахнада драма мен трагедия қатар өрбиді. Ак­терлердің сахнаны еркін игеруі, өзі сомдаған образды өте нанымды ойнап шыққаны қайран қалдырды. Былайша жай күндері күнде көріп жүрген қарапайым адамдардың бойында осындай үлкен қабілет жасырынып жататынын бұрын білмеппін. Сахнадағы қым-қуыт оқиғалардың бәрі көз алдымда өтіп жатқандай әсер қалдырады. Қойылым өмірдің өткінші, уақыттың жүйрік екенін еске салады. Сондықтан тірісінде ата-анаңның қадіріне жетіп, жақын бауырларыңды құрметтей білуге үйретеді», дейді көрермендердің бірі.

Қойылымды сахналаған кәсіби мамандар емес, қарапайым ауыл азаматтары. Олардың ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, оқушылар бар.

«Шабыт» театрының жетекшісі Нұр­жамал Құлтаеваның айтуынша, театр труппасы енді ауданға қарасты ауылдарды аралап, гастрольге шығуды ойластырып жатыр.

«Театр құру идеясы 2015 жылы, өнер мектебінде актерлік шеберліктен сабақ бере бастаған кезде туды. Содан 2023 жылы аудан әкімдігінің көмегімен театр құрып, оны «Шабыт» деп атадық. Осы қысқа уақыттың ішінде жеткен жетістігіміз өзіміздің шығар­машылық ұжымның бірлескен еңбегінің және жергілікті әкімшіліктің үлкен қол­дауы­ның нәтижесі деп білемін», дейді театр жетекшісі.

«Садағаң кетейін» спектакліне аудан басшылары, облыс көркемөнерпаздарының халық шығармашылығы орталығының өкілдері де келді. Жалпы, халықтың көңілі­нен шыққан қойылым, шенеуніктерге де қатты ұнаса керек. Аталған қойылым қаңтар айында облыс орталығында сахналанатын болды.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар