Әлем • 29 Желтоқсан, 2024

Оңтүстік Кореяда ұшақ апатқа ұшырап, 179 адам көз жұмды

74 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореяның Чолла-Намдо провинциясында орналасқан Муан әуежайында ұшақ апатқа ұшырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оңтүстік Кореяда ұшақ апатқа ұшырап, 179 адам көз жұмды

Фото: Lee Young-ju/Maeng Dae-hwan/AP Photo

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 жолаушылар ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соғылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, апат құстар соғылған шассидегі ақау салдарынан болған.

Бастапқыда 47, артынша 62 адамның тірі қалғаны туралы ақпарат тараған. Алайда соңғы деректерге сәйкес, тек 2 адамның аман қалғаны белгілі болды. 

«Соңғы мәлімет бойынша, 179 адам қаза тапты. Бортта барлығы 175 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар арасында 173 корей және 2 Тайланд азаматы болған. Кем дегенде екі адам аман қалды», делінген агенттік хабарламасында.

Айта кетерлігі, Бангкоктан ұшып шыққан ұшақ жергілікті уақыт бойынша 08:30-да қонуы тиіс еді. Алдын ала мәліметтер бойынша, шассидің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты ұшақ фюзеляжға қонуға әрекеттенген, бірақ ұшқыштар ұшу-қону жолағының соңына дейін жылдамдығын төмендете алмай, соңында қоршауға соғылған. Салдарынан ұшақ жанып кеткен.