Пікір • 31 Желтоқсан, 2024

Ұстаздарға айрықша қолдау

1470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұстаз еңбегі қашанда шәкіртінің білімі мен алған тәрбиесінен көрініс беретіні заңдылық. Қырық жылдан астам Алматыдағы көру қабілеті бұзылған және зағип балаларға арналған №4 мектеп интернатында математика пәнінен сабақ бере жүріп, осы жолда ұстаз еңбегі мен шәкірт тәрбиелеудің қыр-сырына қанықтым.

Ұстаздарға айрықша қолдау

Оқушы – болашақ маман, жеке тұлға. Мектептегі әр баланың көңілін тауып, қабілетін ашу ұстаздарға зор жауапкершілік жүктейді. Мек­те­­­­бі­міздің ашылғанына 90 жыл болды. Осы аралықта білім ордасы қаншама жетістікке қол жеткізді. Соның барлығында мұғалімнің де, тәрбиешінің де еселі еңбегі жатыр. Шәкірт жетістігі – мұғалімнің мерейі. Бүгінде білім ордамыздан түлеп ұшқан шәкірттеріміз жоғары оқу орнына грантқа оқуға түсіп,  жақсы нәтижемен тәмамдап, әрбір салада еселі еңбек етіп жүр. Түлектеріміздің жетістігі мектебіміз үшін үлкен абырой, жоғары жетістік.  Соңғы жылдары  мұғалім мерейін өсіруге бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заң білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздардың жүрегіне жол тапты. «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, қазіргі кезде мұғалімдер өз мәртебесіне сай сапалы білім беру үрдісіне белсене араласып жатыр. Білім саласындағы маңызды құжат педагог қызметіне соны серпіліс әкелді. Мұғалім құқы­­ғының арнайы заңмен қор­ғалуы, ұстаздардың қоғам алдын­дағы еңсесін көтеріп тастады. Қоғамда ұстазға деген айрықша көзқарас қалыптасты. Жүктемесі азайып, білім мен ілімді болашақ ұрпаққа жет­кізуші тұлға дәрежесіне көте­рілді. Президент тапсырмасына орай бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасын тауып отыр. Мұғалімнің қоғамдағы рөлі артып, жігеріне жігер қосылды.

Қазір мектебімізде 235 оқушы білім алады. Мұнда негізгі пән­дермен қоса осы балаларды өмірге бейімдейтін арнайы пәндер оқытылады. Олардың қатарында мимика, пантомимика, кеңістікті бағдарлау, көру қабілетін түзету, емдік дене­шы­­нық­тыру деген сияқты пәндер бар. Арнайы музыка бөлімі жұмыс істейді. Міне, осы бағытта мектеп ұстаздарына түсетін салмақ та, жауапкершілік жүгі де өте жоғары. Әр оқушының жүрегіне жол тауып, оның қоғаммен ықпалдастығына бар-күш жігерін салып жүрген мектеп ұжымы бүгінде жеке пәндер бойынша, музыка жағынан жетістікке жетіп жүр­ген оқушыларын мақтан етеді. Мектептегі ұлт-аспаптар оркестрі, домбыра, фортепиано, тағы да басқа бағыттағы сыныптарда оқушылар өз қабілеттерін дамытып жатыр.  Осындай ерекше жағдайда еңбек етіп жатқан мектеп мұғалімдері мен жетіс­тік­ке құлшынған оқушылар мек­тебіміздің абыройын асырып, әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бұл – мемлекет тарапынан ұстаздарды қолдауға бағытталған жобалар жемісі.

 

Гүлжанар НҰРПЕЙІСОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,

№4 арнайы мектеп-интернаттың математика пәнінің мұғалімі