Салт пен ғұрыпты айтамыз, қаншама тіл, сол арқылы қаншама халық пен ұлт жойылып кетіп жатыр. Олармен бірге мыңдаған құндылық пен тіл жеткісіз ерекшелік өмірін тоқтататыны өкінішті. Өткенде әріптес ағам Ресей аумағындағы керек атты түркілік ұлттан төрт-ақ адам қалғаны туралы түсірілім көріп отырғанын айтты. Арасында екеуі ғана ана тілін біледі екен. Мұндай ақпаратты естігенде шүкіршілік етесіз. Бірнеше ғасырды құм астына қалдырып, қазақ барда жасай беретін беташар мыңжылдық өркениеттермен тоғысып, ұлт сана-сезімі мен тұрмысына жаңаша орнығып қана қоймай, әлемдік мұра санатында ойып тұрып орнын алғаны қуаныштың зоры ғой.
Жаңа түскен келіннің ай дидары мен күн сипатын келген жұртына таныстыру ғана емес, бастапқы сәлем мен ілтипаттың нышаны да беташар. Төркінінен жат-жұртқа ұзап, ондағы жаңа отаудың түтінін түтетіп, жаңа ұрпақ өрбіту ниетіндегі қадам алдындағы теңдессіз салттың артында сәлем салу бұғып жатыр. Келіннің үлкенге құрметі, кішіге ізеті ғана емес, қайын жұртын таныстыруы, сөйткеніне қарағанда, түскен әулетке қаншалықты қадірлі екенін де айғақтайтын айтулы жоралғы. Бұған қоса қаншама жақсы ой мен ізгі амалдың тұсауы кесілетін сәт. Жас келіннің жарқын жүзіне тұтқан шымылдықтың ұшын ұстаған әрбір жастың немесе абысындардың ақ тілеуі, бетін ырымдап қария анаға аштыруы, қолтықтаған абысындар жолының жалғастығы – бәрі-бәрі елдің өсіп-өнуі мен өркен жаюына жасалған жақсы амалдар. Отбасы мен әулет құндылықтарын бекітуге бастайтын асыл жоралғылар осындай қуатты ойдан бас тартып, көктейтіні белгілі. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, ізгі ниетпен басқан қадамның өзі игіліктер ертпей қоймайды соңынан. Жүздеген, мейлі мыңдаған жыл өтсе де, халық ниетін тұтқан мұндай асыл құндылықтар тозбасының бір айғағы – бүгінгі беташар. Халықтық құндылықтарымыз әлемдік мұралар тізімін толықтыра берсін.