Аймақтар • 01 Қаңтар, 2025

Ақтау – Түркі әлемінің астанасы

43 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің мәдени өміріндегі жаңалықтың бірі – биыл мың бояулы мұнайлы өлке Маңғыстау облысының орталығы һәм республикадағы бірден-бір портты қала Ақтау шаһары «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанды. Бұл шешім өткен жылдың қараша айында Түрікменстанның астанасы Ашхабадта халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлері бас қосқан 41-кеңес отырысында қабылданып, оған дейін аталған міндетті атқарып келген Түрікменстанның Әнеу қаласында жабылу рәсімі өтті.

Ақтау – Түркі әлемінің астанасы

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бауырлас елдер арасындағы ортақ мәде­ниетке рең беретін бір ісі – мүше елдер арасынан жыл сайын «Түркі әлемінің мәдени астанасын» таңдауы. Мұндай мәр­тебеге алғаш рет 2012 жылы Астана қаласы (Қазақстан) ие болса, 2013 жылы Эскишеһир (Түркия), 2014 жылы Қазан (Татарстан), 2015 жылы Мерв (Түрік­менстан), 2016 жылы Шеки (Әзербайжан), 2017 жылы Түркістан (Қазақстан), 2018 жылы Кастамон (Түркия), 2019 жылы Ош (Қырғызстан), 2020 жылы Хиуа (Өзбекстан), 2022 жылы Бурса (Түркия), 2023 жылы Шуша (Әзербайжан), 2024 жылы Әнеу (Түрікменстан) қалалары танылыпты.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев: «ТҮРКСОЙ құрылғалы 32 жыл болды. Мен бас­қарып отырған соңғы үш жылда мәдени іс-шараларды жиі өткізумен қатар, жастарға қолдау білдіріп, әсіресе, білім, ғылым, спорт саласына үлкен мән беріп келеміз. Алдағы уақытта да Түркі мәдениеті, түркі ынтымақтастығына қызмет етуді жалғастыра береміз. Бұған дейін де Қазақстанның екі қаласы – Астана мен Түркістан Түркі әлемінің мәдени астанасы болған. Ал биыл – түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласы таңдалып отыр. Бұл өте дұрыс шешім деп білемін. Жауапкершілікті ақтаулықтар абыроймен атқаратынына сенімдімін. Сондай-ақ бізді қолдап отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігіне алғыс білдіремін», деді.

Қолда бар мәліметке жүгінсек, алдағы наурыз айында Ақтау қаласында атал­ған іс-шараның салтанатты ашылуы болады. Одан кейін ақтаулықтар түр­кітілдес халықтардың бауырластық қарым-қатынасы мен достық-мәдени іс-шараларын жыл бойы ұлықтауға көшеді. Көзделген дүниелер негізінен рухани-мәдени бағытта өтеді.

Атап айтар болсақ, түркітілдес этнос­тар өнерпаздарының қатысуымен опера, би, дәстүрлі өнер және басқа да көптеген байқау мен фестиваль, түркі әлемі су­рет­шілерінің симпозиумы, қолөнер ше­берлерінің фестивалі, түркітектес халықтар тарихын насихаттауға арналған ғылыми конференциялар, ақын-жазу­шылармен кездесулер, түркі әлемі ұлы ғұламаларының өмірі мен еңбектеріне арналған жиындар, классикалық және халық музыкасының концерттері, фотосуреттер мен картиналар көрмесі, теат­р труппаларының, музыкалық һәм би ұжымдарының шығармашылық концерті ұйымдастырылады. Сондай-ақ ақындар айтысы, халық өнерінің шеберлік сабақтары, ұлттық спорт түрлері бойын­ша жарыстар жоспарланыпты.

Жоғарыдағы мәдени-рухани іс-ша­раларды нәтижелі атқару үшін бюджет­тен екі миллиардқа жуық қаржы қарас­тырылыпты. Ұйымдастырушы тарап­тың айтуына қарағанда, жоспарланған қаржыға мәдени инфрақұрылымдар салынып, бұл нысандар кейін қала тұр­ғындарының игілігі үшін қызмет атқара­тын болады. Сонымен қатар аймақ үшін туризм мен кәсіпкерлікті дамытудың біре­гей мүмкіндігі туады.

Біз ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлынан Ақтау қаласын таңдаудағы басты ұстаным туралы сұ­радық.

 – Маңғыстау өңірі ТҮРКСОЙ ұйы­мының мақсаты үшін өте қолайлы аймақ. Мұнда күллі түркі жұртына ор­тақ қасиетті нысандар баршылық. Тіп­ті бұл өлке ашық аспан астындағы мұра­жай іспетті. Келген қонақтар Бозжыра, Ыбықтының сайы, Шерқала сынды ерекше табиғат тартуын тамашалайды. Ақтаудан жүз шақырым жердегі Торыш алқабына барсаңыз, көз алдыңызда көлбеңдейтін сұлбалар таңдандырмай қоймайды. Маңғыстау өңірі «362 әулиелі» жер. Халқы Шопан ата мен Бекет ата есімдерін пір тұтады, ерекше құрметтейді. Қарт Каспийдің өзі бес мемлекетпен шектесіп, Түрікменстан, Әзербайжан, Қазақстан секілді түркі мемлекеттеріне ортақ қа­зынаға айналып отыр. Осылайша, та­лайдың назарын өзіне аударған аймақ бүгінде туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Бозашы түбегіндегі ең көне мұнай-газ кен орындарының бірі – Қаламқас. Бұл атау әйгілі батыр қыздың есімімен байланысты. Аңыз бойынша, Қаламқас – Бектеміс әулетінің қызы, ол ерте заманда Бозашы түбегінде өмір сүрген. Заты әйел болса да, жастайынан ер адамдармен бірге жауға шапқан көрінеді. Бірде елге жау шауып, еркек кіндіктілер жауға аттанған сәтте ол қарттар мен балаларды асырауды өз мойнына алады. Қаламқас серіктерімен бірге бір түнде құдық қазып, сол жерде азықтарын сақтаған. Даланың қоңыр аңы ақбөкенді арнайы дайындалған орға айдап бара жатқанда оның аты сүрініп, өзі терең шұңқырға құлап, қаза табады-мыс. Батыр қыздың есімі бүгінге дейін ұмытылмай, осы аймақта ғана емес, ежелгі қорымда да сақталып, ескерткіш те орнатылған. Мұны біреу білсе, біреу біле бермейді. Ежелгі түркі халықтарының патшайымы Томирис іспетті жаужүрек қыз шыққан бұл мекеннен. Тарихқа бойлай берсе, сыршыл мекен Маңғыстау туралы сан мың хикая айтуға болады. Сол себепті біз, қасиет тұнған қазыналы өлкені әлемге кеңірек таныта түсуді көздеп отырмыз. Осынау киелі мекеннің орталығы Ақтау қаласын «Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» деп жариялаудағы мақсат осы.

Сөзімді түйіндеп айтар болсам, маңғыс­таулық ағайындар күллі түркі дүниесін таңғалдырарлық мерекелік мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, түркілік өнерпаздар мен басқа да маңызды қонақтар алында киелі мекеннің мәртебесін арттырады деген сенім зор.