
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қанша кісі ұйқыда, қанша адам ояу, қаншасы қам-қарекет үстінде тырбанып жатады. Жол үстіндегі 60 мың жолаушыны айтпағанда, Астана – Алматы, Астана – Шымкент, Алматы – Шымкент, Астана – Семей, Алматы – Семей бағытында ызғытқан пойыздарды тізгіндеп, жол бойында қауіпсіздігін күзетіп, өткізіп, жіберіп, шығарып салып, қарсы алатындардың аяулы еңбегімен өлшенеді өмір. Бірінің қауіпсіздігі үшін келесі бірі кірпік ілмейтін уақыт тынысының өзі жүректермен бір соққандай әсер қалдырады. Осының бәрі ортақ Отанымыздың жарқын болашағы үшін емес пе?
«Жолаушылар тасымалының» мәлім етуінше, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған Жаңа жыл түні Қазақстан бойынша вокзалдарда 47 кассир кезекшілік етсе, пойыздарда 73 пойыз бастығы мен жолаушылар вагондарында 1 774 жолсерік, жалпы саны 115 пойыз бригадасы қызмет көрсетіпті. Осының бәрі 60 мың жолаушы үшін, мүмкін арасында сіз бен біздің жақынымыз да бар шығар.