
Шыршаны сәндеу дәстүрі ежелгі табиғатқа табыну кезеңінен бастау алады. Солтүстік Еуропа халықтары мәңгі жасыл ағашты өмір мен молшылық рәмізі деп есептеп, қыстың ортасында үйлеріне әкеліп қойған. XV-XVI ғасырларда бұл дәстүр Германияда жаңаша сипат алады. Немістер шыршаны жеміс-жидек, жаңғақ және тәтті тағамдармен безендіріп, оны қысқы мерекенің басты белгісі санаған. Аңыз бойынша, Мартин Лютер ормандағы қар басқан шыршалар мен жұлдыздардың жарқырап тұрғанын көріп, оны үйінде жасап көреді. Кейін бұл дәстүр Германиядан Еуропаның басқа елдеріне тарады. XIX ғасырда ағылшын патшайымы Виктория мен ханзада Альберт шыршаны Рождествоның басты рәмізіне айналдырды. Осылайша шырша безендіру дәстүрі әлемге кең таралып кеткен.
Ең ұзақ тойлайтын ел
Тет мейрамы – вьетнамдықтардың мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін, 15 күн бойы тойланатын әлемдегі ең ұзақ жаңа жыл мерекесі.
Вьетнамда жаңа жылды қарсы алу мерекесі – Тет мейрамы күнтізбенің алғашқы күнінен басталып 15 күнге созылады. Бұл мейрам жылдың ең маңызды әрі ерекше уақыты саналады. Вьетнамдықтар үшін тет тек жаңа жылдың басталуын ғана емес, табиғаттың жаңаруы мен отбасылық дәстүрлерді дәріптейтін кезең болып саналады.