Жәдігер • 01 Қаңтар, 2025

Әлихан Бөкейханның өлкетану мұрасы

167 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл мұра Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Жазба дерек және ақпарат (фото-негатив, құжат) қорында сақталып келген өлкетанушы Л.Ф.Семёнов материа­лы ішінен шықты. Тапқан – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих мамандығының докторанты, болашақ PhD Нұрлыбек Елкей. Ол Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайға қатысты деректер іздеп жүріп, аталған өлкетанушының «Материалы к характеристике памятников материальной культуры Акмолинского округа» (ҚР ҰМ, негізгі қор № 42571) атты топтамасынан осы жәдігерлікті байқап, сүйін­шілеп «Egemen Qazaqstan» газетіне хабарласты. Материал орыс тілінде (мәшеңкеге басылған).

Әлихан Бөкейханның өлкетану мұрасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы еңбектен аңғарылатын жайт: Алаш көшбасшысы әр кезеңде жергілікті азаматтардан өлкеге қатысты түрлі деректерді сұрастырып, хаттап отырған. Мұндағы дерек беруші Олжабай Нұралыұлы (1881–1935) – әйгілі Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың тікелей ұрпағы. Өзі де, әкесі Нұралы да болыс болған. Нұралы Ақан серінің жақын дос-жараны болған. Нұралының әкесі – Саққұлақ би, бабасы – Бапан би. Арғы бабасы – Бөгенбай.

Олжабай болыс кейін, 1928 жылы кәмпескеге ұшырап, Қазақстанның батыс өлкесіне ,Үйшікке дейін жер аударылған. Ақын болған. Көп дүние жазған. Дін қайраткері Садуақас Ғылманимен араласқан. Бір-біріне өлеңмен жазған хаттары да бар.

Жалпы, Ә.Бөкейханның осы Сілеті обалары туралы еңбегі С.А.Жүсіп құрастырған 1995 жылғы «Таңдамалыда», кейінгі көп­томдық ішінде бар. Ең қызығы – мұның өлкетанушы Л.Ф.Семёнов жазбалары арасынан шығуы. Леонид Федорович Семенов – Алаш қайраткерлерімен замандас адам. Ақмола қаласында алғаш музей ашқан, «Халық үйінде» кітапханашы болған білімпаз. «Казахи Акмолинского уезда. Материалы к познанию их жизни и быта», «Материалы к характеристике рыбно-охотничьего хозяйства озера Кургальджин в 1930 году», «Материалы к характеристике памятников материальной культуры Акмолинского округа», «Полезные ископаемые Акмолинского округа. Сборник Акмолинского окрплана за 1930 год. Описание районов», т.б.еңбектері бар. 30-жылдардың соңында Қарағандыға көшіп, 1986 жылы қария жасында сол қалада қайтқан.

 

* * *

Ақмола уезі Қоржынкөл болысы

Сілеті өзені бойындағы обалар тізімі

 

1) Қазақтар «Сырлытам» деп атайтын төрт оба Сілеті өзенінің солтүстік жағасында, Бұқпа өзені екеуінің ортасында орналасқан. Кейбір обадан жергілікті халық пешке деп кірпіш алған. Сол обаның бірі төртбұрышты, тастан қаланыпты. Жартылай күйген кірпіштен тұрғызылған бөлмесі бар. Төбесі жапсарбас таспен жабылған. Жұмысшы қазақ соңғысынан кірпіш аламын деп, байқаусызда бөлменің ішіне құлап түскен. Бөлменің арасы пердемен бөлініп, кіріп тұрған таза ауа оны (пердені) жұлып түссе керек. Күлге айналған қалдығы жібектен жасалғанын аңғартып тұр. Мұнда мұрты бұзылмаған оба да бар.

2) Қызылоба (үш оба) Сілеті өзенінің солтүстік жағасынан 4 шақырым (*вёрст – километрден сәл-ақ үлкен қашықтық) жерде тұр. Осыдан 30 жыл бұрынғы қазба жұмыстарында бұдан да және 2-3 табыт табылған. Обаның үлкендігі қазақ киіз үйінің көлеміндей.

3) Мортық оба Сілетінің оңтүстік жағалауында шығысқа қарай Петропавл - Қоянды жолынан 1 шақырым жерде тұр. Мортықты қазғанда кірпіштен қаланған бөлме, шойыннан жасалған қолжуғыш, табыттағы адамдар сүйегі шыққан. Бұдан 40 жыл бұрын қазақтар бұл жерден осы күнгіден қатты, қалыңдығы үш елі, пішіні төртбұрыш кірпіштер алыпты.

4) Ақтөбе обасы Сілеті өзені солтүстік жағасынан 1 шақырым жерде.

5) Мәукен баласына қойған оба. Сілеті өзені солтүстік жағалауынан 2 шақырым жердегі жол бойында.

6) Төрт оба Сілеті өзені солтүстік жағалауынан батысқа қарай үлкен жолдан 5 шақырымдай жерде бір-біріне жақын орналасқан. Бәйгел мекеніне қарсы бетте тұр.

7) Қара оба (екі оба) Сілеті өзені сол­түстік жағалауынан 2 шақырым жерде Петропавл жолынан батысқа қарай 10 шақырым жерде тұр. Осыдан 15 жыл бұрын Қара обаны қазған кезде сүйекпен нақышталған қалмақ ері, адам сүйектері және басқа да тұрмыс заттары шыққан.

Сілетінің батыс жағалауынан 1 шақырым жерде және өзен бойындағы жолда аумағы 50 аршын оба бар. Ақмола, Көкшетау, Омбы уезі қазақтары арасында осы обада қалмақ ханының дүние мүлкі көмілген деген аңыз айтылады. Қазақтар осыны ашуға талай рет талап қылса да, кіретін жерді таба алмаған.

Оба тастан берік етіп қаланған. Осының шығыс жағынан, оба сыртынан қазақтар қолжуғыш тауып алған.

Хабарлаған:

Олжабай Нұралыұлы,

Ақмола облысы Қоржынкөл болы­сының қазағы

Жазып алған:

Әлихан Бөкейхан

Мұраны орысшадан аударған:

Айтуған Досби