Экономика • 01 Қаңтар, 2025

Экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық беріледі

21 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің тапсырмасымен экономиканың нақты секторын дамыту мақсатында бірінші көшпелі кеңесті Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қарағанды облысында өткізді.

Экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық беріледі

Сурет: aa.com.tr

Республикалық кеңеске қатысу­шыларға, яғни, қаржы инсти­тут­тарының, екінші деңгейлі банк­тердің, барлық өңір әкімдіктерінің, ірі квазимемлекеттік компаниялардың басшыларына, СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Ұлттық цифрлық инвес­тициялық платформаны таныс­тырды. Бұл платформа инвесторлардың, мем­лекеттік органдардың және квази­мемлекеттік сектордың өзара іс-қимы­лына арналған «Бірыңғай терезе» болып саналады. Жүйеде еліміздің инвестициялық саясатының толық бейнесін қалыптастыру үшін барлық қатысушы арасында қажетті ақпарат алмасу үдерісі автоматтандырылған. Бүгінгі таңда платформа пулында 836 жоба бар, оның 60-ы «жасыл дәліз» аясында жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ кеңесте индустриялық саладағы және ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, 2024 жылы жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге 180-ге жуық жаңа өнеркәсіптік өндіріс іске қосылып, шамамен 14,4 мың жұмыс орны құрылды. Салаларға шаққанда, инвестиция көлемі 196,3 млрд теңгені құрайтын 34 жобамен құрылыс материалдары өндірісі, 110,7 млрд теңгені құрайтын 33 жобамен тамақ өнеркәсібі, 92,9 млрд теңгені құрайтын 32 жобамен машина жасау саласы көш бастап тұр. Өңірлерге шаққанда, инвестицияның ең көп көлемі Алматы (315,9 млрд теңге сомасындағы 15 жоба), Ақтөбе (200,4 млрд теңгелік 5 жоба), Жамбыл (175,5 млрд теңгелік 13 жоба) және Қостанай облыс­тарына (152,7 млрд теңгелік 13 жоба) тиесілі. Ең ірілерін айтсақ, Қостанай облысындағы «KamLitKZ» ЖШС жүк автомобильдерінің құрамдас бөліктері, Қарағанды облысындағы «Kyzyl Aray» ЖШС катодтық мыс, Алматы облысындағы «Жетісу Вольфрамы» ЖШС «Бұғыты» вольфрам кен орындарын өнеркәсіптік игеру. Ауыл шаруашылығында 11 айдағы қорытынды бойынша 250 млрд теңгеге 258 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұлар Павлодар облысындағы 1800 басқа арналған «Кронос-Павлодар» тауарлы-сүт фермасының құрылысы, Жамбыл облысындағы 30 млн жұмыртқаға арналған «Алель агро» құс фабрикасына арналған инкубатор, Ақмола облысындағы қуаты 3,3 мың тонна «IL-TOV» жартылай фабрикаттар өндірісі, Маңғыстау облысындағы 40 мың тонна «Ақтау КТО» көкөніс қоймасы және басқалары.

«Ұлттық экономика министрлігі келесі жылы экономиканың нақты секторын дамытуға баса назар аударады. Бұл салықтан түсетін, ІЖӨ-ге қосымша үлес қосатын және баламасы жоқ табыс. Жергілікті атқарушы органдар соңғы жылдары жеткілікті бюджеттік дербестікке ие болды. Біз бизнесті және нақты жобаларды қолдауға арналған еркін қаражатты ұсынамыз. Өз өндірісімізді дамытуымыз керек. Инвестициялық жобалардың ұлттық пулына салынған барлық жоба мен жол картасы әкімдердің рейтингіндегі №1 тармаққа айналуға тиіс. Бұл әрі үлкен экономика, қазіргі кезде бізге қажет қарапайым заттардың да экономикасы. Ұлттық экономика министрлігі жақын арада айналысатын мәселе де осы»,  деп атап өтті кеңесті қорытындылай келе С.Жұманғарин.

Сол күні вице-премьер – Ұлттық экономика министрі «Qarmet» АҚ, «Saran» индустриялық аймағы, «Сарыарқа» АЭА кәсіпорындарының өндірісімен және одан арғы даму жоспарларымен таныс­ты. «Saran» аумағында қазақстандық «QazTechna» кәсіпорны автобустар мен арнайы техниканы, «Tengri Tyres» автомобиль шиналарын, «Silk Road Electronics» ЖШС тұрмыстық техника өндірісін жолға қойып отыр. Жақында ғана «Silk RoadElectronics» ЖШС Samsung Electronics компаниясымен премиумды қоса алғанда, Samsung теледидарларының өзекті желісін шығару туралы келісімге қол қойды. «Saran» аумағында 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру арқылы 109,7 млрд теңге сомасындағы тағы алты ірі жобаны іске асыру жоспарлануда.

«Сарыарқа» АЭА аумағында Серік Жұманғарин кремний кластерін құру жобасының даму қарқынын тежейтін өзекті проблемаларға құлақ салды. Бизнес көтерген барлық мәселе оны шешуге алдағы уақытта жәрдемдесу үшін бақылауға алынды.