Ұлтымызда «Бір аштықтың бір тоқтығы болады», «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» деген ата сөз бар. Жаратқан иіп, биыл 27 миллион тоннаға жуық астық жиналғанда, жұртты жігерлендіретін даналықтың ақиқатын және бір аңғардық. Ел халқының саны 20 миллионнан асып, әлеуметтік салада да серпіліс болып жатыр. Өткен жылдың елең етер оқиғасы қатарына Отанымызда көптеп салынып жатқан жаңа мектептерді атар едік. Соның бірі – «жайлы мектептер». Бүгінде елімізде 217 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатса, 2024 жылы соның 36-сы пайдалануға берілді. Мысалы, соның бірі дәл «Egemen Qazaqstan» газеті көшесінде бой көтеріп келеді. Құрылыс жылдамдығы мен сапасына көз тояды. Біз өз тарапымыздан түрлі мінберден: «Жайлы» – жалпылама техникалық атау. Енді оның мазмұнын арттыру үшін ресми «Ахмет Байтұрсынұлы мектептері жүйесі» деген жөн» деп ой тастап жүрміз...
Шүкір, өндіріс пен өнеркәсіпте де ілгерілеу бар. Газеттеріміз оң үрдісті сәт сайын оқырманға жеткізіп отыр. Мемлекет басшымыздың шетелдік салиқалы сапарлары, халықаралық беделі ел экономикасына тікелей 9,8 миллиард доллар инвестиция құйылуына себеп болды. Бұйырса, оның нәтижесі таяу жылдары жеміс беруге тиіс. Тек «Күтімді егін – бітімді» екенін ұмытпалық.
Жылжабар тұста бірі әлемдік, екіншісі бізге де қатысы болған екі халықаралық оқиғаның сабағын айтпай кете алмаймыз. Ол – қанша жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан Сириядағы жағдай яки Башар Асадтың бас сауғалап, Мәскеуді паналауы. Мұның сабағын да, салдарын да бірауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес. Жаратқанның жалғыз ақиқаты: қираған шаһарлардың, жаһанға тентіреген босқын халықтың сұрауы кімнен? Дәл осы сауал ежелден туыс, көрші болса да, бүгін қырқысып жатқан елдерге қойылары хақ...
Екінші халықаралық тосын жайт – Бакуден Грозныйға бағыт ұстап, соңында қазақ жеріне амалсыз қонып, апатқа ұшыраған Әзербайжан ұшағының тағдыр-талайы. Сын сағатта Қазақстан азаматтары ерлікке ұласқан кәсібилік, адамшылық, қайырымдылық танытып, мың жылдық өнегені жалғастырды. Біз туысқан әзербайжан ұлтының көз жасын сүртіп, елдік намысына қолдаушы бола алдық. Бауырластық пен сенім әрқашан осы биіктен түспеуі керек.
Бәрімізге бұйырған 2025 жыл – елдік парасат пен жауапкершілікті шыңдайтын белес болатынына сенімдіміз. Алда атқарылар қаншама жоспар-жоба тұр. Халықаралық, өңірлік, елдік іс-шаралар реті бар. «Таза Қазақстан» ұғымын күнделікті өміріміздің құрамды бөлігіне айналдырып, былтыр байыпталған заң мен тәртіп қағидатын орайымен әділдік және жауапкершілік, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық қағидаттарымен ілгерілетуге тиіспіз. Оның үстіне осы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып ресми бекітілді.
Жалпы, біз жұмыс пен жұмысшы ұғымына Алаш қайраткерлері даналығымен қарауымыз шарт. Рас, қазір елімізге жердің асты-үстіне, өндіріс пен өнеркәсіптің сала-саласына, ауылдан қалаға дейінгі барша тіршілігімізге қажетті техника-технологияның тілін білетін мамандар ауадай қажет. Жұмысшы – қара жұмыстың, тұтастай ел шаруасының көзін тауып, халыққа, айналасына игілік әкелетін кәсіп иесі. Сол себепті Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы жұмыс пен жұмысшыға ақыл мен жауапкершілікті бағдар етті. «Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндегі жұмысқа ұқсайды. Құмырсқаша жабыла тынбай істесе өнеді» дейді елшіл қайраткерлер. Тағы бір өнеге сөзінде Әлекең: «Ұлық іс ұсақтан құралады. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады» десе, Ақаң: «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек» деп тұжырымдайды. Ал, сапаға келгенде, Алаш көшбасшысының пайымы мынау: «Жақсы істесең – жақсылық, жаман істесең – жамандық тумақшы. Бұрынғының «Не ексең, соны орасың» деген сөзінің терең мағынасы осы!».
Өткен жылы Сарайшық жұрты – Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз дәстүр мен жаңашылдыққа табан тіреген, елді игілікке бастайтын алты құндылықты айқындай отырып: «Озық құндылықтар біздің болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы үшін оны қоғамда жан-жақты дәріптеудің тиімді тәсілдерін іздеу, ұсыну және тарату қажет» деп түйіндеп еді. Біздіңше, бәріміз үшін 2025 жылғы биік өлшем – осы жауапкершілік үдесінен шығу болмақ.