Басылым • 01 Қаңтар, 2025

«Казахстанская правда» – үйлесім мінбері

34 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2025 жылдың 1 қаңтарында «Қазақ газеттері» серіктестігі құрамындағы тарихи «Казахстанская правда» газетінің жарық көргеніне 105 жыл толды. Ғасырдан аса уақыт ішінде ел шежіресін жазып келе жатқан ақпарат құралының бұл белесі отандық журналистиканың атаулы күндерінің бірі саналады.

«Казахстанская правда» – үйлесім мінбері

Сурет «КП»-ның архивінен алынды

105 жыл – тұтас дәуір. Жалпы, адамзат баласының тарихы үшін бір ғасыр деге­ніңіз қамшының сабындай ғана қысқа мерзім көрінгенімен, осы уақыт бедерінде еліміздің басынан тағдырлы қилы кезеңдер де, шаттыққа толы қуанышты сәттер де өтті. 1920 жылдың 1 қаңтарынан бері «Ка­зах­станская правда» (алғашқы атауы – «Из­вестия Киргизского края») сол талайлы оқиғалардың бәрін қазақ халқымен бірге басынан өткеріп келеді.

Мәселен, аталған газет тарихтағы азамат соғысы, аштық, саяси қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру, қайта құру, 1986 жылғы көтеріліс, тәуелсіздік алған жылдардағы саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени оқиғаларды қағазға қаттап, қиын-қыстау заманда халықтың қайғысы мен қуанышына ортақтасқанын, осындай соқтықпалы соқпақты жолмен жүріп, еліміз­дегі орыс тілінде жарық көретін бұқаралық ақпарат құралдары арасынан қара үзіп, жалпыұлттық басылым дәрежесіне жеткенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Осы орайда газеттің жалпыұлттық басы­лымға айналғанға дейінгі тарихына қысқаша тоқтала кетсек. 1920 жылдың 1 қаңтарында еліміздің сол кездегі астанасы Орынборда сүйінші данасы жарық көрген «Известия Киргизского края» өлкелік газеті 1921 жылы «Степная правда» болып өзгерді. 1923 жылғы 20 қарашадан бастап газет «Советская степь» деп аталды. Ал 1932 жылдың ақпан айында қазіргі тарихи атауын иеленіп, оқырманға «Казахстанская правда» деген атаумен жол тартты. Қазақ журналистикасы ғылымын зерттеуші ғалымдардың айтуына қарағанда, 1918 жылдан бастап, қазіргі Қазақстан аума­ғында қазақ және орыс тілдерінде оннан аса мерзімді басылым жарық көре бастаған. Солардың біразы қазіргі аймақтық, облыстық газеттердің бастауы саналады. Ал «Казахстанская правданың» республикалық ауқымдағы бас басылымдардың біріне айналуы аталған бұқаралық ақпарат құралының сол заманның өзінде көптің көңілінен шы­ғып, оқырман жүрегінен өзіндік орнын тапқан­дығынан екені даусыз.

Қазақ журналистикасында «Шерханның шекпенінен шықтық» деген қанатты сөз бар. Сол тәмсіл сөзді сәл өзгертсек, «Казахстанская правданың» да шекпенінің жылуын сезінген қаламгерлер шоғыры аз емес. Мысалы, газеттің соғыс жылдардағы сарғайған бетте­рін ақтарып отырсаңыз, халқымыздың бір­туар оғландары Бауыржан Момышұлы, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Құрманбек Сағындықов, Дмитрий Снегин, Мәлік Ғабдуллин, Тәшібай Әлмағамбетов, Ғазез Әбішев, Жұмағали Сайын, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиевтердің әскери әңгімелері, очерктері, өлең-жырлары жарияланғанына куә боласыз.

«Казахстанская правда» газеті Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Сергей Михалков, Константин Паустовский, Қай­некей Жармағанбетов сынды алыптардың публицистикалық мақалаларына да мінбер беріп, майданның өтінде жүрген сарбаздарды рухтандырғанын айтпай кетуге болмайды.

Бұл үрдіс соғыс жылдарынан кейін де үзіліп қалған жоқ. Әр кезең, әр заманда «Казахстанская правданың» шекпенінен шыққан азаматтардың арысы кеңес одағы, берісі қазақ еліне танылған тұлғаларға айналды. Атап айтсақ, Ф.Боярский, Ф.Михай­лов, П.Косенко, Н.Анов, О.Мацкевич, Ф.Игнатов, Н.Шевцов, И.Держиев, К.Ким, М.Полторанин, Ю.Кукушкин, М.Барман­құлов, Б.Ғабдуллин, С.Ягмурова, Ж.Омаров, А.Тараков, В.Пащенко, В.Курятов сынды есімдерді бір мақала аясында қамтып шығу әсте мүмкін емес.

Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары да «Казахстанская правда» газеті заман талабына сай мемлекетпен бірге түлеп, еліміздің ақпарат нарығындағы бағыт-бағдарын айқын­дап, оқырман ықыласына бөлене білді.

Газеттің бас редакторы Сәбит Малдыбаев «Казахстанская правда» газетінің алға қойған басты екі мақсаты бар екенін айтады. Біріншісі – бұқараның ойын билікке жеткізу. Бұл орайда басылым жетекшісі «Қазправданың» елдегі күрмеулі мәселелердің оң шешім табуына әрдайым ықпал етіп келе жатқанын тілге тиек етті.

«Біз «Казахстанская правда» газетінің әр санында қолымыздан келгенше халықтық мәселелерді көтеруге, бұқараның талап-тілегін тиісті мекемелерге жеткізуге барымызды саламыз. Мысалы, оңтүстіктен солтүстікке көшкен ағайындарға арналып салынған баспаналардың сапасыздығы туралы проблеманы алғаш болып көтеріп, осы жұмысқа жауапты азаматтар қызметінен шеттетілді. Мұндай фактілер өте көп. Яғни «Казахстанская правда» басылымы халық үнін билікке жеткізу міндетін адал атқарып жатыр», дейді ол.

Екінші мақсат – мемлекеттің ақпараттық саясатын бұқараға насихаттау. Бұл бағыт бойын­­­ша, басылым алғы шептен көрініп келеді.

«Ақпараттық саясатты жалаң ұранмен жүргізбей, мейлінше әр мате­риалдың оқы­лым­ды болуына мән береміз. Мақаланың берілу формасын табу, тартымды тақырып қою, мәтінді түсінікті һәм қарапайым жазу, газеттің макетін түрлендіру секілді сансыз жұ­мысты ұжымымыз шамасы келгенше жоғары деңгейде атқарып жатыр деп ойлаймын. Әр облыста тілшілеріміз бар. Олар да орта­л­ықтағы ұжымның талаптарына сай тер төгіп келеді», дейді бас редактор Сәбит Ғалымұлы.

Кейінгі жылдардағы интернеттің жедел дамып, ақпарат таратуда әлеуметтік желілердің алға озуы мерзімді басылымдар­дың сарапта­малық бағытқа қарай ойысуына әкелгені белгілі. 105 жылдық тарихы бар «Казахстанская правда» газеті заман көші­нен қалмай, оқырман сұранысын қанағат­тандыратын сараптама, репортаж, зерттеу мақалалар жазып, оқырман жүрегіне жол тауып отырғаны көңіл қуантады.

Бүгінде «Казахстанская правда» газеті еліміздегі орыс тілінде жарық көретін мерзімді баспасөздердің қарашаңырағы саналады. Орыстілді журналистерді шың­дайтын басты шеберхана да осы – басылым. Сондықтан да бір ғасыр бойы халықшыл үнін жоғалтпаған басылым ұжымын 105 жылдық мерейтойымен шын жүрекпен құттықтағымыз келеді. Себебі бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналып, мемлекеттің ақпараттық саясатын жүйелі жүргізіп, қоғамдық үйлесімді сәтімен насихаттап келе жатқан газеттің мерейтойы – бәрімізге ортақ қуаныш.