Оқиға • 03 Қаңтар, 2025

Алматыда интернет-алаяқтықпен айналысқан екі адам ұсталды

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда екі ер адамнан 190 sim-карта және төрт sim-box тәркіленді, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Алматыда интернет-алаяқтықпен айналысқан екі адам ұсталды

фото: Polisia.kz

Интернет-алаяқтар республика аумағында түрлі мессенджерлер арқылы ел азаматтарына қоңырау шалу үшін sim-box құрылғыларын пайдаланған.

ҚР ІІМ атап өткендей, адамдарды алдау үшін қылмыскерлердің белгілі бір елде болуы міндетті емес. Sim-box құрылғыларының болуы жеткілікті. Олар жергілікті ұялы байланыс операторларының интернет-трафигін қолдана отырып, жалған нөмірлермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

«Жаңа жыл қарсаңында ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үйлестіруімен Алматы ПД полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерде sim-box құрылғысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен 25 жастағы екі жігітті ұстады. Жедел уәкілдер пәтерді тінту кезінде әрқайсысы 32 слоттық төрт sim-box құрылғысын және қазақстандық ұялы байланыс операторларының 190 sim-картасын, бірнеше телефон мен ноутбуктарды тәркіледі», делінген хабарламада.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандарға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.