Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
80 жыл – екі-үш буын алмасып, көненің орнын жаңа басар мерзім. Майдан даласында қан кешіп, қантөгісті көзбен көрген батырларымыздың дені «келместің кемесіне» мініп, мәңгілік мекенге қоныс аударды. Соғыс уағында тылдағы ауыр жұмыстың қамыты мойнын қажаған ата-әжелеріміздің де қарасы сетінеп, сол бір ауыртпалықты жылдарды өздерімен бірге әкетіп жатыр. Түйіндей айтсақ, әр әулеттің жанына түскен жараны уақыттың өзі жазды. Десе де тарихтан сабақ алу, оған жаңа заман көзімен баға беру күн тәртібінен түспек емес.
Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының төрағалығы аясында атқарған жұмыстарын қорытындылаған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойының мәніне кеңірек тоқталып, «Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше мән берілуі керек. Ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігін есімізде мәңгі сақтап, мақтан тұту, құрметтеу – парызымыз. Айтулы мереке қарсаңында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін қабылдау, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ортақ мерекелік іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды деп санаймыз» деуі сол біз айтқан «тарихтан сабақ алу» деген оймен үндесетіндей.
Рас, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті, қан майдандағы жалпы халықтық ерлікті әркім өзіне телитін психология белең алып тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жеңіс – Кеңес одағына мүше болған ТМД елдеріне ортақ жеңіс.
Президентіміз ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында да ортақ жеңіс мәселесіне қатысты ойын айтып, жеңістің 80 жылдығы ТМД елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы дата екеніне тоқталды. Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайда да: «Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды» дей келіп, төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін ашу үшін жүйелі жұмыстардың жасалатынын, мұрағат материалдарын мұқият зерттеу мақсатында Қазақстанның Еңбек ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік ететін «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы 56 том еңбекті жарыққа шығарғанын, оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты іргелі әр жиын сайын мән беруі, «Айбын» орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының, Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атау туралы бастама көтеруі, Талдықорғандағы әуе базасына әйгілі ұшқыш Сергей Луганскийдің атын беруді ұсынуы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресейдің Мәдениет министрі Ольга Любимова Жеңістің 80 жылдығына арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітуі осы жылдың «Жеңіс жылы» боларын айғақтайды. Яғни жоғарыдағы 80 жылдыққа дайындық барысына қарап, Мемлекет басшысының да, бұқараның да тарихқа әділ баға беруді көздеп отырғанын байқауға болады. Сондықтан да 1 418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстың әр сәтінің ақиқатын аршып, Отан үшін отқа түсіп, құрбаны болған боздақтарға қатысты майданның ақтаңдақ беттерін ашу 80 жылдықтың басты мақсатына айналуы керек.