Қоғам • 03 Қаңтар, 2025

Қайырымдылық жасау компания назарында

221 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аймақтағы KAZ Minerals Тобы өңірде орын тепкен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мен түйткілді мәселелерін шешуге басымдық беріп келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Аталған мекеме бастамасына орай Ақтоғай және Қопа елді мекендерінде түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асты.

Қайырымдылық жасау компания назарында

Жақында «KAZ Minerals Aktogay» компаниясы жаңа жылдық мереке қарсаңында Ақтоғай кентінің, Қопа және Тарлаулы ауылдарының аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасыларынан шыққан 1249 балаға жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Бұған қоса Ақтоғай кентінің ауылдық клубында орналасқан шыршаны безендіру жұмыстараны белсене қатысып, шырша көркейтуге арналған заманауи сәндік бұйымдардың жиынтығын сатып алуға демеушілік танытты. Мерекелік тамаша көңіл-күй сыйлаған аталған компания ұжымына ауыл тұрғындары мен ата-аналардың айтар алғысы шексіз.

KAZ Minerals мекемесі жыл сайын аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасылардағы балаларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен және жаңа жылмен құттықтауды дәстүрге айналдырған. Компанияның «Мектепке жол» акциясына қатысып, білім мен ғылымды серік еткен жандардың сеніміне селкеу түсірмей келеді. 2024 жылы «KAZ Minerals Aktogay» компаниясы Ақтоғай кентінің, Қопа және Тарлаулы ауылдарының аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасыларынан шыққан оқушыларға қолдау көрсетті. Білім ошақтарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан мекеме дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында «Менің экологиялық арманым» атты байқау өткізіп, жеңімпаздарды аса бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Бұған қоса, өткен жылы компанияның қолдауымен «Мереке» би ұжымы Ташкентте өткен «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN»халықаралық байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Компания демеушілік ететін «KAZ Minerals Aktogay» футбол командасы облыстық ашық чемпионат пен футзалдан өткен республикалық кубокты қоса алғанда, турнирлерде топ жарып жүр, аймақта өтетін қазақша күрес, арқан тарту және асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізуге аталған компания мұрындық болып келеді. Сонымен бірге Қопа ауылындағы жабық спорт кешені KAZ Minerals Тобының қаржылай демеушілігімен бой көтерді.

«Компанияның Ақтоғайдағы кеңсесі ашылған сәттен бастап біз күн сайын Ақтоғай, Қопа және Тарлаулы тұрғындарының өтініштерін қабылдаймыз. Бұл әдістер халықтың қажеттіліктерін ескеруге және жұмыс алгоритмдерін құруға көмектеседі. Тоқсан сайын біз жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру үшін онлайн-сұхбаттар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ мектеп түлектеріне білім беру гранттарын ұсынып және қайта даярлау бойынша пилоттық жобаны іске асырып отырмыз Осы жобаның арқасында тұрғындар үш айлық курстардан өтіп, компанияға жұмысқа тұра алады», деді компанияның жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл жөніндегі менеджері Динара Шангереева.

Халыққа әлеуметтік қолдау таныту компанияның назарынан тыс қалған емес. Олар еңбек ардагерлері мен ауған соғысының ардагерлеріне, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушыларға және мүмкіндігі шектеулі жандардың да қажетіне жарап келеді. Өңірдің өрісін ашып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салып келе жатқан  аймақтағы алпауыт кәсіпорындардың бірі алдағы уақытта да ірі жобалардың, ілкімді істердің басы-қасыанан табылуды көздейді.