АСТАНА. 4 ақпан. Теннистен Федерация кубогы жарысында Қазақстан Қытай құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Қытай жерінде өтіп жатқан жарыста Азия және Мұхит аймағы елдерінің І тобында ойнайтын командалар сайысуда. Алғашқы ойында кортқа еліміздің екінші ракеткасы Ярослава Шведова мен қытайлық команданың көшбасшысы Пенг Шуай шықты. Бірінші сет П.Шуайдың пайдасына аяқталды. Қарсыласының бір добын өз пайдасына шеше білген ол 4:6 есебімен басым түсті. Екінші кезеңде қазақстандық теннисші дәл сондай есеппен жеңіске жетіп, қарсыластар жеңімпазды анықтау үшін шешуші үшінші кезеңге жүгінді. Бұл сетте Слава басымдық танытып, 6:3 есебімен кезеңді және ойынды жеңіспен аяқтады.
Артынша жарыс алаңына Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Зарина Диас пен қытай қызы Чжан Шуай шықты. Зарина ойынды ұзаққа созбай, тартыс тағдырын екі сетте шешті. Алғашқысында қытайлық теннисші қарсыласып баққанымен, екінші сетте Заринаның қарқынына төтеп бере алмады. Нәтижесінде, ойын қазақ қызының пайдасына 7:5, 6:0 есебімен аяқталды. Осылайша, командамыз мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, топтағы басты қарсыластарынан айласын асырды.
Үшінші ойында командалар жұптық сында сайысқа түсті. Бұл тартысқа ұлттық құраманың капитаны Диас Досқараев алдын-ала жоспарланған Зарина Диас-Ярослава Шведова жұбын емес, Кәмилә Керімбаева мен Юлия Путинцеваны шығарды. Ал Қытай тарапы Пенг Шуай мен Женг Сайсайға сенім артты. Екі сетке созылған тартыста қытайлықтар 6:1, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, бұл жеңіс жалпы есептегі нәтижеге өзгеріс енгізе алмайтыны анық.
Енді қыздарымыз Қытай Тайпейімен күш сынасады. Сондай-ақ, біз өнер көрсететін «В» тобында Тайланд елі де бар. Жалпы6 Азия және мұхит аймағы елдерінің І тобында сегіз мемлекет ойнайды. Олар «А» және «В» тобына бөлініп сайысқа түсуде. Екінші топтағы елдерді жоғарыда айтсақ, «А» тобында Өзбекстан, Жапония, Оңтүстік Корея және Гонконг елдері бар. Әр топтың жеңімпазы ІІ Әлемдік топтың плей-офф сатысына берілер жолдаманы сарапқа салады.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: facebook.com.