
Сурет: ntime.kz
«Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев жасанды интеллект орталығы болатын бірыңғай цифрлық хаб құру жұмыстарының барысына тоқталды. Индустриялық еңбек нарығында сұранысқа ие отандық кадрлар даярлауға, сондай-ақ білім мазмұнын әзірлеуге ерекше көңіл бөлінді.
Премьер-министр ЖИ дамуының практикалық тұрғыдан нақты пайдасын атап өтіп, технологиялық шешімдерді ауқымды енгізу бірінші кезекте ел азаматтарының өмір сүру сапасына оң әсер етуге тиіс екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы сұхбатында Үкімет алдына экономикалық өсуді қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру міндетін қойды. Біз өнімді жұмыс орындарын құруға, сол арқылы еліміздің барлық өңірінде отбасыларды тұрақты табыспен қамтуға мүмкіндік беретін шикізаттық емес дамыған салалары бар өзін-өзі қамтамасыз ететін экономикаға ұмтылып отырмыз. Елімізде GovTech және IT саласы табысты дамып келеді және оны жалғастыру қажет. Жалпы, цифрлы экономика өсудің маңызды әрі серпінді нүктелерінің біріне айналуға тиіс», деп баса айтты О.Бектенов.
Президент сұхбатында атап өтілгендей, Үкіметтің басым міндеттері экономиканың орнықтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды серпінді дамыту, еңбек өнімділігінің өсуі, сапалы жұмыс орындарының ұлғаюы болып қала береді. Премьер-министр аталған міндеттерді орындауда Үкімет тиісті іс-шараларды жүзеге асыратынын атап өтті.