ӨСКЕМЕН. 4 ақпан. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен Глубокое ауданының әкімі Арман Бекбосынов тұрғындар алдында есептік кездесу өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Глубокое ауданының әкімі алғашқы есептік кездесулерін Кожохово, Краснояр ауылдық округтері мен Верхнеберезовский кентінде өткізген болатын.
А.Бекбосыновтың айтуынша, аудан ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа тынысын ашуды қолға алды.
«Мемлекеттің үлкен қолдауы бар екенін есепке алсақ, бүгінде мал шаруашылығымен шұғылдану өте тиімді болып тұр. Мал шаруашылығы – маусымдық сипат алатын егістікпен салыстырғанда жыл бойы тоқтамайтын өндіріс, тұрақты жұмыс орны», – деді аудан әкімі Арман Бекбосынов.
Оның айтуынша, Глубокое ауданында 2014 жылы мал шаруашылығының ішкі өнім көлемі 7 млрд. 553 млн. теңгені құрады. Өткен жылы ауданда ет, сүт және жұмыртқа өндірісі ұлғайды. Сондай-ақ сиыр, қой, ешкі басы мен құс саны да айтарлықтай артты.
Өндірілген сүт көлемі 13 мың тоннаны құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 8,7 пайызға көбейді. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы сәтімен жүзеге асырылуда. Дегенмен, кейбір жеке шаруашылықтарда ірі қара, жылқы басы мен шошқа санының төмендеуі байқалған.
«Бүгінде аудандағы аграрлық сала мамандарына ірі қара санын 22 200 басқа, ет өндіруді 7 мың тоннаға, сүтті 47 мың тоннаға жеткізуге тапсырма берілді», – деді аудан әкімі. Кездесу барысында өткен жылдың қортындылары мен ағымдағы жылдың жоспарлары жөнінде баяндаған ол тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Думан Анаш.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: glubokoe.gov.kz.