Пікір • 06 Қаңтар, 2025

Әлеуметтік-экономикалық бастамалар халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған

42 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2025 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Ana tili» газетіне «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбында берген сұхбатында «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдама Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы екенін, бірақ оның толыққанды жүзеге асырылуы үшін әлі талай жұмыс атқарылуы қажет екенін атап өтті.

Әлеуметтік-экономикалық бастамалар халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған

Фото: dalanews.kz

Сұхбат туралы пікірлесу үшін, оны жете оқып шығуды ұсынып отырмыз. Өйткені, Президенттің ойын, көзқарасын қысқаша түрде жеткізу мүмкін емес екені белгілі.

Расымен де, мемлекет экономикасының өркендеуі, дамуы, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы, тұрмыс сапасының артуы үшін біз бүкіл қоғам болып белсенді араласуымыз керек. Тек Үкімет, Парламент, жергілікті билік тарапынан емес, бұған бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, басқа да ұйымдар, жалпы қоғам атсалысуы міндетті.

Жалпы Президент Қ.К.Тоқаев мемлекетіміздің дамуына атсалысып жатқан қоғамның әрбір мүшесіне: ұжымнан – жеке адамға дейін еңбегін бағалайтынын, әсіресе жастардың белсенділігіне ризашылығын білдіретінін айтты.

Негізі сұхбатта елімізде болып жатқан барлық күрделі және өткір мәселелер көтерілді. Оларға Президент тарапынан барынша ашық жауап беріліп, сырт айналып кеткен немесе бұлтарып қалған тақырып болмады.

Барлық мәселе біздің мемлекетіміздің тыныс-тіршілігіне қатысты, халықтың арасында алып-қашпа, түсініспеушілік тудырған пікірлермен қатар, халықты толғандырып жүрген мәселелерге нақты жауаптар алынды. Сонымен қатар соңғы кездері ел аузында жүрген, кейде жағдайды ушықтыруға тырысатын қауесеттерге де тоқталып, күдікті жәйттерді сейілте білді.

Өткен жылға және елімізге әсер еткен оқиғаларға баға беріп қана қоймай, мемлекеттік саясаттың көптеген аспектілеріне, соның ішінде цифрландыру, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне терең мән берді. Тіл саясаты және жастар, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық державалармен және халықаралық ұйымдармен байланыстары туралы ашық айтылды.

Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан» дегеніміз не?», «Заң және тәртіп» қағидасы нені білдіреді?» деген маңызды сұрақтарға да тоқталып өтті. Мемлекет басшысы бұл екі ұғымның бір-бірімен тығыз байланыста екенін көрсетіп, нақты критерийлер берді. Әділетті Қазақстанды құрудың табысы «Заң мен тәртіпсіз» мүмкін емес екендігіне назар аударды.

Елді жаңғырту тақырыбына да мән берілді. Мемлекет басшысы елді жаңғыртуға бағытталған реформалар мемлекеттік құрылыстың құрамдас бөлігі екенін және бүгінде ел дамуының үлкен жоспарлары бар екенін, оны жүзеге асыруды көздеп отырғанын нақты атап өтті.

Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған реформалар саяси тоқырауды болдырмай, елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететіні анық.

Бұл Мемлекет басшысының мемлекетімізде болып жатқан барлық оқиғалар мен фактілерден және атқарылып жатқан шаралардан хабардарлығын, халықпен бірге екенін, бәріне зер салып, бақылап отыратынын, ең бастысы – халықпен ашық диалогта екенін тағы да дәлелдеді.

Жалпы біз қоғам, мемлекет, жай сөзден, өсек-аяннан, құр сөзден аулақ болуымыз керек. Істің, тірліктің адамы болу уақыты келді ғой деп есептейміз. Мемлекетшіл болу, патриот болу деген ұрандату емес, ол әркім өз ісін адал атқару, мемлекетке, қоғамға адал қызмет ету болып табылады.

Әділдікті, әділ мемлекет құруды басты ұстанымға айналдыру қажет. Ол үшін ең алдымен заңдылық жұмыс істеуі тиіс. Бұл туралы Президент әуелден бастап айтып келеді.

Қазір депутаттар өңірлерде халықпен кездесулер өткізіп жүр. Кездесулерде Президенттің саясатын, қабылданып жатқан заңдарды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы кездесулер барысында Президенттің «Ана тілі» басылымына берген сұхбаты да қызу талқыланып жатыр. Соның ішінде атқарылып жатқан түрлі жұмыстар мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қызу талқыда. Одан бөлек, елдің саяси жүйесінің өзгеруі тек халықтық референдум арқылы жүзеге асырылуы тиіс деген сөзі арқылы халыққа берілген таңдау еркіндігін аңғарамыз.

Бұл кездесулерде жергілікті тұрғындар Мемлекет басшысының саясатын, реформаларын, бастамаларын қолдайтынын жеткізіп жатыр. Әсіресе жергілікті атқарушы органдардың реформаларына көңілдері толатынын, олардың бағытын дұрыс деп есептейтіндерін байқауға болады. Өңірді білетін азаматтардың қызметке тағайындалуы, мемлекеттік органдарды басқартуға дейін көтерілуі оң бастама ретінде қабылданып жатыр.

Президент өз сұхбатында Парламент депутаттарының атқарып жатқан жұмысы мен қосып жатқан үлесін оң бағалайтынын жасырмады. Бұл жалпы Парламенттің Президент жүргізіп отырған реформалары мен бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудегі берілген бағасы екені анық.

​Бүгінгі таңда Парламент жүріп жатқан реформаларға негіз болатын маңызды заңдармен қатар, өзекті мәселелерге арналған Үкіметтік сағаттар, Парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер өткізіп, депутаттар сауалдарында өткір мәселелер көтеріліп жатыр.

Сондықтан бүгінгі Парламент идеялар, озық ойлар, түрлі пікірлер мен көзқарастар талқылайтын, ортақ шешім қабылдайтын алаңға айналып отыр.

Қорытындылай келе, Қазақстанның дамуында маңызды қадамдар жасалып, елдің ішкі және сыртқы саяси бағыты дұрыс жолда екенін көруге болады. Инфрақұрылымның дамуы мен әлеуметтік-экономикалық бастамалар және саяси жаңғыру халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

 

Әли БЕКТАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты