Сурет: 365info.kz
Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева Ақмола облысында сапармен жүр. Халықпен кездесуін ол Аршалы ауданы Анар ауылындағы Анаркөл бөгетінің көктемгі су тасқынына дайындығын бақылаудан бастады. Өйткені өткен ғасырдың ортасында салынған ауыл мен көл арасындағы ұзындығы 1 300 метрді құрайтын бөгет әбден ескірген. Оның үстіне ауыл тұрғындарын тасқын судан қорғауға қауқарсыз еді. Осыған байланысты былтыр қайта жаңғырту жұмысы басталып, бүгінге дейін айналма каналдың бір бөлігі тазартылыпты. Бөгет қабырғасы нығайтылып, 6 метрге дейін кеңейтілген.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Ana tili» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, былтыр жойқын су тасқыны болды. Зардап шеккендер қатарында Аршалы ауданы да бар. Сондықтан алдағы көктемге дайын болуымыз керек. Мәжілісте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Мемлекет 2030 жылға дейін 40-тан аса жаңа су қоймасын салу және ел аумағында жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын жөндеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр», деді Н.Дементьева.
Ал Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының төрағасы Асхат Рақымжанов «Жайықтеплоэнерго» АҚ жылу электр орталығының ұжымымен кездесті. Бүгінде шаһарды жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған мекеменің 88 пайызы тозған. Сондықтан реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, бірінші турбо агрегатты ауыстыру бес жыл бұрын басталып, 2025 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарланған.
«Мұндағы өзекті мәселе – жабдықтардың қымбаттығы. Делдалдар арқылы сатып алатын болғандықтан, тарифке де әсер етуі мүмкін. Жұмысшылардың айтуынша, орташа жалақы 200 мың теңгенің айналасында, салдарынан жастардың мұнда жұмыс істеуге деген қызығушылығы төмен», деді А.Рақымжанов.
Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова мен Қазыбек Әлішев Ақтөбе облысындағы ағайынмен жүздесіп, «Аmаnаt» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған балалар футбол академиясын көріп қайтты. Әңгіме барысында мәжілісмендер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында депутаттарға спорт саласындағы заңнаманы жаңартуды тапсырғанын еске салды. Президент өз сөзінде бұл түзетулердің жаңа чемпиондар буынын дайындауға негіз болатынын ерекше атап өткен еді. Былтыр қараша айында Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Гүлдара Нурумова Байзақ ауданы Қызыл Жұлдыз ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Мұнда 3 дәрігер, 13 орта медицина қызметкері және бір психолог жұмыс істейді. Аталған амбулатория ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.
«Мемлекет денсаулық сақтау саласына үнемі ерекше көңіл бөледі. Биыл дәрігерлерді қорғауға, олардың мәртебесін көтеруге бағытталған сапалы жаңа заң күшіне енді. Бірқатар әлеуметтік кепілдік енгізіліп, құқықтық қорғау күшейтілді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда медицина қызметкерлерінің балаларына бірінші кезекте орын беріледі, басы артық есеп беру мәселесі қысқартылады, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады және басқа да өзгерістер бар», деді депутат.
Петропавл қаласындағы бөгетті қалпына келтіру жұмыстары да Мәжіліс депутаттарының назарынан тыс қалмады. Былтырғы алапат су тасқыны Солтүстік Қазақстан халқын біраз әбігерге салған еді. Осыны ескеріп, теріскейліктер биыл алдын ала қамданып жатыр. Депутат Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода өңірге сапары барысында Ойқала шағын ауданындағы 1960 жылы пайдалануға берілген бөгеттің жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілген. Бөгетті бетон плиталарымен нығайту жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны 851 млн теңгені құрайды.
Бұдан өзге аймақтарда да Мәжіліс депутаттары өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауды жалғастырады. Сонымен қатар олар сайлаушыларға қабылданған заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат беріп, мәселелерін тыңдайды.