Қылмыс • 09 Қаңтар, 2025

Көлеңкелі кәсіпке –­ тосқауыл

629 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жұмыстары жыл өт­кен сайын қарқынды жүргізіліп келеді. Соған қара­мас­тан, заңсыз тауар айналымы толастамай тұр. Әсі­ресе акциз­де­летін өнімнің заңсыз айналымы өңірде өрши бас­та­ғанын аңға­ру қиын емес. Құзырлы орган қызметкерлері жұ­мы­сы­ның нәтижесінде, темекі және алкоголь өнімдерінің көлең­келі айналымымен айналысқандар заңға сай жазаланды.

Көлеңкелі кәсіпке –­ тосқауыл

«Айналымнан алынған те­ме­кі өнімдерінің көле­мі бұр­нағы жылмен салыс­тыр­ғанда, үш есеге артқан. Мәселен, 2023 жылы 1 358 844 қорап заңсыз темекі өнімі айналымнан шығарылса, былтыр бұл көрсеткіш 4 999 688 қорапқа жетіп отыр. Мемлекеттік кіріс­тер органдарының, шекара қыз­метінің және экономикалық тергеу департаментінің бір­лесе атқарған жұмысы арқылы осын­дай заңсыздықтың беті ашылды», дейді облыс бо­йынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Әли.

Департамент басшысының орынбасары келтірген дерекке жүгінсек, былтыр заңсыз айналымға енген 28145,6 литр алкоголь өнімі тәркіленген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7362,2 литрге артқан. Сот шешіміне сәйкес көлеңкелі кәсіппен айналысқан азаматтарға 4,5 млн теңге айып­пұл салынған.

Қарапайым халық жылдар бойы түрлі қаржы­лық пира­мидалардың зардабын тартып келгені баршаға бел­гілі. Алайда заңға шекеден қарайтындар кәсібін тоқтатуға асықпайтын секілді. Заңсыз жұмыс атқарған түрлі ойын-сауық отаулары мен қаржылық пирамидалардың жолын кесу бойынша да өңірде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылған. Нәтижесінде, заң­ды белден басу арқылы табыс табуға бейімделген кәсіп иелері тиісті жазасын алып отыр.

«Осы жылы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қолға алуымен қаржы пира­ми­­даларын және заңсыз ойын-сауық орындарын ұйым­дас­тырушыларға қатысты 6 қыл­мыстық іс тіркелді. Депар­­тамент қызметкерлері зардап шеккен азаматтарға кел­ті­рілген залалды өтеу және ұйым­дастырушылар қолға алған қылмыстық істі анықтау бойынша барлық қажетті шараны қабылдады. Нақтырақ айтар болсақ, былтыр «Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сот үкімі шықты. Нәтижесінде, сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 млн теңгеден аса қаражат тәркіленді. Жалпы алғанда, көлеңкелі кәсіппен шұғылданғандарға қатысты жұмыс бір сәтке де тоқтамақ емес. Өйткені заңсыздықтың жолын кесу – басты мақсат. Өткен жылдың 11 айында қаржылық пирамида мен заңсыз ойын-сауық белгілері бар 3 372 сілтеме бұғатталды. Сонымен қатар 720 қатысушысы бар қаржылық пирамидалардың 7 WhatsApp қосымшасындағы топтар жабылған еді», дейді Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақов.

Оның айтуынша, эконо­ми­калық тергеп-тексеру депар­та­ментінің өңірдегі өкіл­дігі тарапынан көлеңкелі эко­но­микаға қарсы күрес жұмысы жыл өткен сайын қарқынды жүргізіліп жатыр. Әсіресе акцизделетін өнімдерді заңсыз айналымнан шығару бойынша нақты жұмыстар қолға алынған.

«Департамент қызмет­керлері акцизделетін өнім­дердің заңсыз айналымымен белсенді түрде күрес жүргізіп жатқанын айтпай кетуге болмас. Әлбетте, қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беріп жатқаны даусыз. Көршілес Қырғыз Республикасына мұнай өнімдерін заңсыз шығаруға қарсы күрес өңірдегі өзекті мәсе­лелердің қатарында екені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыс­тарға барынша байыппен қарап, дер кезінде заңсыздықтың алдын алуға ден қойған жөн. Осы бір өткір мәселені шешу мақсатында, өңірде «Переток» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуге арналған арнайы алгоритм әзірленген. Құзырлы органдардың қолға алған жұмысының нәтижесінде, мұнай өнімдерінің заңсыз шығарылуы 65 пайызға азайды. Бұл өз кезегінде жанармайдың ішкі нарықтағы жетіспеушілігін азайтуға зор ықпал ететіні анық. Осы жылдың 11 айында жалпы құны 5 млрд теңгеден асатын темекі өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 22 қылмыстық іс тіркелді. 6,8 млн қораптан аса темекі заңсыз айналымнан шығарылды», дейді С.Қойбақов.

Ал облыс бойынша мем­лекеттік кірістер депар­таменті бас­шысының орынбасары Еркін Әлидің айтуынша, мұнай өнім­дері бойынша заңсыз айналым 132,4 тоннаны құраған. Сот ше­шім­деріне сәйкес 4,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 3,7 млн теңгесі өндірілген.

Өңірде пәтерді жалға беру қыз­метімен айналы­са­тын­дар­дың жұмысын жүйелеуге де ба­сымдық беріліп отыр. Бұл өз ке­зегінде жергілікті қазынаға са­лық­тық төлемдер түсіретіні анық. Е.Әли келтірген дерекке сенсек, мүлікті жалға берумен ай­налысатын кәсіпкердің саны 2 971-ге жеткен. Ал осы жы­лы жүргізілген түсіндіру жұ­мы­сының нәтижесінде, 586 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

 

Жамбыл облысы