Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Ұлу жылы басталғанда өңірге жүздеген млрд қаражат бөлінгенін естіп, жүйелі жобаның біразы жүзеге асады екен деп үміт еткенбіз. Әрине, бірқатар жарқын жоба іске қосылды. Алайда игерілмеген қаражаттың сомасына қарасақ, талай тірлік бітпей қалғандай. Шенеуніктер асықпай жүріп арбамен қоян аламыз дегенше, жыл да аяқталып қалды. Өткен жылдың 20 желтоқсанындағы дерекке сенсек, өңірде 48 млрд теңгеден аса қаржыны игере алмау қаупі бар көрінеді. Аз күнде мұнша қаражатты тап-тұйнақтай етіп жұмсау – утопиямен тең. Жыл он екі ай істің икемін таппаған басшылардың аз күнде қандай қадамға барарын ойлаудың өзі қиын.
«Қазіргі күнге дейін жылдық жоспардың тек 91 пайызын игеріп отырмыз. Игерілмейтін қаражатты есептен алып тастайтын болсақ, жыл соңына дейін 48,2 млрд теңге қаражатты игеруіміз қажет», деген еді былтыр жыл соңындағы жиында облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек.
Қаржы басқармасының басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері 15 млрд теңгені игере алмай, шерменденің күйіне түскен. Тараз қаласы – 3,5 млрд, Талас ауданы – 3,2 млрд, Меркі ауданы – 2,4 млрд, Қордай ауданы 1,4 млрд теңгені жарата алмай қалған. Кейбір басқармалардағы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Мәселен, ауыл шаруашылығы басқармасы – 13,2 млрд, құрылыс басқармасы – 8,3 млрд, энергетика басқармасы 1 млрд теңгені игере алмапты.
Батырхан Әкектің баяндамасы жанына батқан болуы керек, өңір басшысы қарамағындағы шенеуніктерден қаржыны неге игере алмай жатқанын сұрады. Олардың «өйтеміз де бүйтеміз» деген сыңайдағы үйреншікті жауабы жұмыс істеуден гөрі ақталуға көбірек ұқсап кетті. Тараз қаласы мен қаржыны игеруде салғырттық танытқан бірнеше аудан әкімінің жақауратқан жауабына қарағанда, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбектің даты сенімдірек естілді. М.Өмірбек игерілмеген қаражатқа қатысты нақты деректерді айта отырып жауап берді. Құрылысы қолға алынған кейбір нысанның жұмысы әуелден дұрыс жоспарланбағанын да жайып салды. Қаражат қарастырылған нысандарда кемшіліктің аз болмағанын ашып айтты. Әрине, олқылықты айтқанның айыбы жоқ...
Бөлінген қаражаттың жыл жабылар тұсқа дейін игерілмеуі қала мен аудан әкімдеріне үлкен сын. Бірақ Батырхан Әкек келтірген дерекке көз жүгіртсек, әкімдерге қарағанда орынбасар ширақ жұмыс істейтіндей көрінеді. Жарты жыл бойы әкімсіз отырған Байзақ ауданында жылдық жоспар 98,9 пайызға орындалған екен. Орынбасарларының оңды қадамы жаңадан тағайындалған Олжас Баққараевқа таяқ болып тиген жоқ. Өйткені Байзақ ауданы көш басында тұр. Ал игерілмеген қаражат сомасы аса көп емес. Әйтсе де бұл Олжас Баққараевтың жұмысы тастай дегенді білдірмейді. Күні кеше ғана облыс орталығы маңындағы аудан тізгінін ұстаған жас әкімнің қаншалықты іскер екенін жылан жылында көре жатармыз.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев аттай қалап алдырған кадр Қайрат Көшенов басқаратын ауыл шаруашылығы басқармасында да жағдай мәз емес. Аппараттық жиында келтірілген дерекке сенсек, 13,2 млрд теңге игерілмеген.
Жыл басында әкімдердің өңірге қомақты қаржы тартуға күш салатыны әмбеге аян. Әлбетте, облыстың әр қиырындағы өткір мәселелерді шешуге айтарлықтай көп қаражат керек. Алайда қолға алған жобаларды сөреден мәреге сәтімен жетізу, тап-тұйнақтай етіп орындау – аудан әкімдері мен басқарма басшыларының міндеті. Десе де Қарашөкеев біреу екенін біле тұра, айналасындағы шенеуніктердің әкімге тіреу бола алмағаны ойландырмай қоймайды.
Аз күнде әкімдер мен басқарма басшылары қандай жұмыс істеді, не тындырды, қанша қаржыны игерді? Ол жағы әзірге белгісіз. Қаржыны игеруге қатысты жиынның жыл соңында өткені де таңдай қақтырмай қоймайды. Жаны мұрнының ұшына тірелген шенеуніктер жылдың соңында не айтсын? Оған дейін де бақылауды күшейту керек пе еді?
Қалай алып қарасақ та, өңір үшін бөлінген қомақты қаражат есебінен сапалы жобаларды жүзеге асыру керек. Алайда бізде жағдай басқаша болып тұрған секілді. Қалай десек те жергілікті шенеуніктердің өз жұмысына салғырт қарайтынын жыл соңында анық байқап отырмыз. Биыл бұл ахуал өзгерер ме екен? Кім білсін...
Жамбыл облысы