Басылым • Бүгін, 08:28

«Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясы

35 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені ғылыми қызметкерлерінің ұзақ жылдар бойғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясы жарық көрді. Жоба жетекшісі – энциклопедияның бас редакторы, құрастырушысы Әділғазы Қайырбеков.

«Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясы

Алматы қаласы әкімдігі және қалалық музейлер бірлестігі­нің қолдауымен шыққан энциклопе­дияның көлемі – 47 баспа табақ, таралымы – 1000 дана. Алғы­сө­зін Қазақстан Жазушылар одағы­ның басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова және Ә.Қайырбеков жазған. Бұл еңбекте қазақ әде­биетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы, драматург, Социалис­тік Еңбек Ері, академик, сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің өмір жолы, өс­кен ортасы, шы­ғар­­маларының жазылу тарихы, әдеби бай­ла­ныстары, ой-тұжы­­рымдары, замандастары­ның ле­бізі молынан қамтылған. Эн­­цикло­педияны дайындауға Қазақ­стан Рес­публикасы Мәдениет қай­рат­кері Г.Құдабаева, Музей кеше­ні­нің ғылыми қыз­меткер­лері Н.Ал­таева, Р.Отар, А.Көшербаева, Ж.Таева қатысты. Редакторы – Алматы қаласы музейлер бір­лес­­тігі директорының ғылыми жұ­мыс­тар жөніндегі орын­басары Р.Қайратұлы.

Іс-шараның модераторы ­Ә.Қа­йыр­беков энциклопедияның қалай әзірленгені туралы қыс­­қа­­ша ақпарат берді. Қазақстан Рес­публикасы Президентінің кеңес­шісі М.Отарбаев, Алматы қаласы әкі­мінің кеңесшісі М.Ахетов, Қа­зақстан Жазушылар одағының бас­қарма төрағасы М.Құлкенов, Қазақстанның Еңбек Ері А.Әші­мов, Мемлекеттік сый­лықтың лау­реаты Н.Оразалин, т.б. кітап тұ­саукесерінің рәсімін жасады. Кі­таптың 5 данасы Ұлттық кітапхана қорына тапсырылды. Көпшілік қауымға классиктің көзі тірісінде түскен деректі фильмдерден арнайы дайындалған шағын бейнежазба көрсетілді.

Кітап таныстырылымына Ға­бең­нің қызы Гаухар Мүсірепова, жа­зушының жиені Сәуле, немере қарындасы Жанат, т.б. қатысты. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Шүкіман кезінде Ғабеңнің сүйіп тыңдаған әндері Ақан серінің «Маңмаңгері» мен Біржан салдың «Алқаракөк» ән­дерін орындады. Кеш соңында қо­нақтарға энциклопедияның бір-бір данасы сыйға берілді.

 

Назгүл АЛТАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері