
Сурет: ognialatau.kz/
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2024 жылы химиялық өңдеу үшін 247 бірлік техника пайдаланылса, 2025 жылы бұл сан 443-ке ұлғаймақ. Оның ішінде 46 агродрон бар, оларды Ауыл шаруашылығы министрлігі «Фитосанитария» РМК-нің аймақтық бөлімшелеріне сатып алған. Сондай-ақ 7 зерттеу дроны алынған.
«Түркістан облысында өткен жылдың көктемінде агродрондар арқылы алқаптарды бүрку және пестицидтерді сатып алу, тасымалдау, сақтау және өңдеуді қоса қамтитын орталықтандырылған қызметті қанатқақты сынақтан өткізу жасалды. Соның нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитарлық шараларды барлық өңірде «Бір жеткізуші – барлық жұмыс» қағидаты бойынша ұйымдастыруды енгізді. Бұл бизнеске аталған қызметтерді сатып алуға қатысуды тартымды етіп, жауапкершілікті арттырады. Бұдан бөлек, фермерлер мен химиялық өңдеу қызметтерін жеткізушілерге агродрондар, жерүсті желдеткішті және штангалы бүріккіштер құнының 25%-ын өтеу арқылы қолайлы жағдай жасадық», деді Ермек Кенжеханұлы.
Сондай-ақ отырыста аймақтардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы қаралды. 2024 жылы 29 қарашада басталған ерте қаржыландыру аясында бөлінген 100 млрд теңгенің 70 млрд теңгесі 671 ауыл шаруашылығы өндірушісіне бағытталды. Бұл қаржыны ең белсенді пайдаланғандар – дәнді дақылдар егетін аймақтар: Ақмола (15,4 млрд теңге), Қостанай (14,9 млрд теңге) және Солтүстік Қазақстан облыстары (14,5 млрд теңге). Оңтүстік аймақтарда – Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында, көктемгі егіс жұмыстары ертерек басталатын аймақтарда, өтінімдер сомасы небәрі 10 млрд теңгені құрайды.
Аймақтардың алдын ала мәліметінше, республикада көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы қазір шамамен 56%-ды құрайды. 2024 жылы өнімге арналған тұқымға деген қажеттілік 2,3 млн тонна болса, оның 99%-ы дайындалған.
Кеңес қорытындысында Серік Жұманғарин егістік алаңдарының құрылымын қайта қарауды – бидай егу алқаптарын қысқартып, майлы дақылдар мен басқа да жоғары тиімділігі бар дақылдарды көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ 2024 жылы өнімде ең жоғары нәтиже көрсеткен отандық селекцияның элиталық тұқымдарын егу алаңдарын барынша ұлғайту қажеттігін айтты.
Келесі сәрсенбіде Серік Жұманғарин көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысымен танысу және экономиканың нақты секторының дамуын талқылау үшін оңтүстік өңірлердің біріне баруды жоспарлап отыр. Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылы 30 желтоқсанда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Қарағанды облысында болып, ведомствоның жұмысы өңірлердегі жұмыспен кіріктірілетінін мәлімдеген еді.