18 Маусым, 2015

Мамандар біліктілігін арттыру маңызды

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Эксперт» клубының «Самұрық-Қазына» АҚ трансформациясы: проблемалар және оларды іске асыру жолдары» тақырыбында отырыс өтті. Аталған клубтың кездесуіне «Эйр Астана» компаниясының вице-президенті Ербол Оспанов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев пен жиынға модератор болған клуб жетекшісі Нұрлан Ерімбетов қатысты. Елбасы бекіткен, қазіргі кез­де «Самұрық-Қазына» АҚ қол­дауымен оның барлық еншілес компанияларында трансформациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама былтырдан бері қолға алынып, осының аясында еншілес компаниялар өз қызметтерін бастап та кеткен болатын. Баршаға белгілі болғандай, аталмыш бағдарлама үш негізгі мақсатты көздейді, олар қолданыстағы активтердің құнын арттыру, портфельді оңтайландыру және корпоративтік басқаруды жетілдіру болып табылады. Осыған байланысты өз тарапынан қолға алынып жатқан іс-шаралар жөнінде БАҚ өкілдеріне бірқатар мәліметтер ұсынған компания басшылары, трансформация бағдарламасының болашақ игілігі үшін жасалынып отырған бастама екендігіне назар аударды. Бизнесті трансформациялау деген не, ол бағдарлама не үшін қажет, қордың еншілес компанияларында трансформациялау бағдарламасын енгізу үшін қандай алғышарттар болды, деген сұрақтарға жауап берілді. Көп жағдайда халықтың түсінбеушілігін тудырып, тіпті, «өрлеу» сатысын «қысқартумен» ұқсастыратын дүйім жұрттың ойына тың серпіліс беретін уақыт келіп жеткен секілді, сонымен қатар, болашаққа қадам басқан мемлекеттің тұрғындары қызмет бабында тек қана даму, өрлеу, алға ұмтылу мен өз деңгейін жетілдіру үшін аянбай тер төгу қажеттігі талқыланды. Бұл тұрғыда журналист сұ­рақ­тарына нақты жауап берген Б.Мусин белгілі ретте жұ­мыскерлердің қызмет бойынша өсуді көздеуі мен қажетті мамандықтардың сұранысын арттыру керектігін айтты. Қызметкерлерді қысқарту емес, олардың жасап отырған жұ­мыс деңгейін анықтап, оның қажеттілігіне байланысты мәсе­лені айқындап алу шарт. Бір мекемеде үш бухгалтердің жұмыс істеуі еңбек өнімділігін арттырмауы мүмкін, керісінше, олар жасап отырған жұмыс ретін анықтап, тура сол жұмысты бел­гілі техниканың көмегімен жасатып, ал бос қалған бухгалтерге оператор болуды ұсынғандығын айтты. Және ол Елбасы ұдайы айтып келетін қызметкерлердің біліктілігі мен олардың тараптан көрсетіліп жатқан қызмет елге өз үлесін тигізуі қажет екендігіне тоқталды. Шын мәнінде өте жоғары нәти­жеге жету үшін халық тарапынан осы мәселеге байланысты көзқарасты өзгерту абзал. Жұмыс кезінде маман біліктілігін арттыру – жұрт игілігі үшін жасалатын оңтайлы әдіс. Олар соның арқасында сұранысқа ие, өзіне сенімді әрі қажетті маман болып шыға алады. Ал бір орында өмір бойы жұмыс істеп, сол кезеңде қалып қоятын мамандары бар елде өрлеу сатысы баяулап қалатыны тағы бар. Шетелде азаматтар жұмыс орнын ауыстыруға құмар, себебі, олар бір орында тоқырап қалудан сақтанады. Олар осы психологияны жақсы меңгерген. Себебі, жақсылыққа ұмтылу – әрқашанда оң нәтиже берген, бере береді де, деген Нұрлан Ерімбетов мамандардың біліктілігін арттыру бәрінен маңызды екендігін жеткізді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».