Сол сияқты, түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш (1255 фут), ертедегі грек мергені 282 құлаш (1692 фут) жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз: дала көшпелілерінің басқа жұрттан қаншалықты жауынгер болғанын аңғарасыз.
Кеңестік этнограф, Орталық Азия халықтарының этнотұрмысын терең зерттеген С.Толстовтың жазбаларында ертеде тұрандықтар мемлекеттік сайыста жамбыны атып түсірген мергенге патша бір күнге тағын босатып беретіні айтылады.
Фламанд саяхатшысы, монах Гилем де Рубрук 1255 жылдары Қарақорам қаласында ұйымдастырылған мергендер сайысында адырнасын толық тарту үшін 70-80 кило қуат жұмсалатын тек аса күшті мергендер ғана тартатын «Дарқан садағы» туралы жазады. Атам қазақтың зор дүниені немесе биік адамды: «Дарқан дала» немесе «Дарқан адам» деп әспеттейтіні, дәл осы ұлыстың символы болған үлкен садақпен астасып жатқан сияқты.
Мұндай садақ жалғыз болған. Оны ұлыстың рәмізі ретінде патша сарайында сақтаған. 1900 жылдары жазылып, 1940 жылдары жарық көрген моңғол нояны Набанлубысын Цеден Максаржабтың қолжазба еңбегінде: «Ертеде мықты мергендер Дарқан садақпен 300 садақбойы (480 метр) жерге қойылған бағалы затты атып, тигізге алатын болған», дейді.
Оқырманға түсінікті болу үшін нақтырақ айтар болсақ: садақ біреу, оны тек мергендік қуаты зор садақшы ғана ата алады. Осы ауыр садақты мен деген мергендер кезектесіп (ондаған, жүздеген) атады. Оғын ең алысқа түсірген немесе арнаулы нысанаға дәл тигізген адам «Бас мерген» атанатын болған. Шын мәнінде, бұл тәсіл ел ішіндегі мергендердің қуат-қарымын саралау үшін жүргізілген.