
Мекемтас Мырзахметұлы дүниенің ізгі білімін жан мен жүректің игілігіне айналдырды, елдің өсер өркеніне жан мен жүректегі осы игіліктің, ақыл мен ойдағы қазынаның кілтін ұстатты, ұдайы шығармашылық ізденіс, ұдайы шығармашылық ойлау, ұдайы шығармашылық еңбек үстінде болды. Ғұлама-ұстаздың ғылым мен білімге талпынған, ғылым мен білімнің қадірін білетін жас пен кәріні бірдей сүйіндірген, риза еткен қасиетінің жарқын жарығы осында еді.
Адамның өмірінде бәрі де өтпелі: жастық өтеді; ажар таяды; күш қайтады. Адамның өзі өтсе де, өшпейтін, тозбайтын, азбайтын асыл байлығы – Тәңірі сыйлаған шығармашылық ойлауы мен шығармашылық ойы. Бірақ мұндай асыл байлықты ғылымда әркім емес, нағыз шығармашылық тұлға, кемел адам деңгейіне көтерілген ғұлама ұстаз ғана ұстай алады, сол ғана ел игілігіне жарата алады. Тек сол ғана шығармашылық ойлауы мен шығармашылық ойын бүкіл ғұмыр бойы ғана емес, қабірден әрі өткенде де серік етеді. Шығармашылық ойлауы мен ойын кемеліне келтіріп, содан тапқан білімін, жалпы ғылыми-шығармашылық еңбегін ел игілігіне жұмсауға асыққан, аянбай жұмсаған кісі ғана кәміл ұстаз, толық ғалым қасиетіне лайықты. Мекемтас Мырзахметұлы бөтен іске алаңдамай, бөгде сөзге араласпай, ақырын жүріп, анық басып өткен кәміл ұстаз, толық ғалым, дегдар ғұлама, білімі мен ілімін, жалпы ғылыми-шығармашылық және ұстаздық еңбегін ел игілігіне ерінбей, есепсіз жаратқан абзал жан, аяулы азамат, қайраткер тұлға еді.
«Өмірдің жолы – тар соқпақ...» дейді Абай. Ғылымның жолы одан да тар. Ал әдебиет туралы ғылым – ең бір бейнеті ауыр ғылым. Оның тереңіне бойлап, биігіне шығу оңай емес. Әдебиеттану ғылымында шын ғалымға ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру жоқ. Шын ғалымның өзі салып, өзі жалғайтын бір-ақ жол бар. Ол – маңдай тері моншақтап аққан адал еңбек пен ақиқат жолы. Біздің зайырлы өмірімізде бұл жол хақ жолымен пара-пар.
Келер ұрпағына, өсер өркеніне: «Мен – бір жұмбақ адаммын», деп тілегін, өтінішін қалдырған Абайдың жұмбағын шешу оңай емес. Абай жайында еңбек жазған, зерттеу жүргізген ғалымдардың бәрі де осы жұмбақтың шешуін іздеген және бәрі де іштей сол жұмбақты шештім деп марқаяды. Орынды. Өйткені әр ғалым Абайды өз көзімен көріп, өз көңілімен таниды. Ұлы ақынның жұмбағын да әр ғалым тек өзінше шешеді. Жұмбақ біреу болғанда, оның шешуі әлденеше. Және сол шешулердің бәрі де дұрыс. Абай жұмбағының, ұлылығының сыры осында. Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың жүрегіне, Абайдың ақындық әлеміне өз замандастарынан терең бойлады, сөйтіп ақынның жұмбағын да ақиқатына жетіп, бүгінгі ғылыми ойдың, бүгінгі абайтанудың ұшар биігіне шығып шешті. Біздің заманымыздың абайтануында ол биікке әзірге Мекеңнен басқа ешкім көтерілген жоқ.
Мекемтас Мырзахметұлы өзі өмірін арнаған ғылымға өзгелерді де ынталандырып, солар арқылы келер ұрпақтың, өсер өркеннің жолына сәуле шашып, жарық түсірді. Ұстаз бала күйінде қабылдап, маман дәрежесіне жеткізіп тәрбиелеп шығарған мыңдаған шәкіртінің қазіргі шақта бәрі бірдей пырақ болмағанымен, әрқайсысы – бір шырақ. Олардан ұстаз өмірінің жарығы мен қызуы тарайды.
Әдебиет – сөз өнері. Сөз өнерінен ардақты өнер жоқ. Өйткені ол – ұлтымыздың ақыл-ойы, ар-ожданы, абыройы. Сөз өнері туралы ғылымнан аяулы ғылым жоқ, өйткені ол – ұлтымыздың ақыл-ойы, ар-ожданы, абыройы туралы ғылым. Мекемтас Мырзахметұлы осы ақыл-ойымыздың абайтанудағы ұшар биігі, осы ар-ожданымыздың әуезовтанудағы саңлақ сарапшысы, осы абыройымыздың бауыржантанудағы биік бәйтерегі еді.
Алла алдыңыздан жарылқасын, ардақты ұстаз!
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,
профессор