Тағзым • 14 Қаңтар, 2025

Соңғы кездесу

269 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мекемтас Мырзахметұлы абайтанушы ғалым ғана емес, өмір­де де ұстанымы берік, пайымы терең парасат иесі, ойшыл, қай­­рат­кер еді. Шаршауды, қажуды біл­мей­тін нағыз ғы­лым­­ның адамы. Жасы 90-нан асқанда абай­тану­дағы ең күрделі та­қы­рып – «Абай­дың толық адам ілімі» атты зерт­теу еңбегін жаз­ды. Абай ілімін жан-жақты қарастырған осы зерттеуі – автор­дың «Мұх­тар Әуезов және абайтану пробле­ма­лары» атты док­торлық дис­сер­та­ция­сынан кейінгі ең күр­делі жұмыс. Абыз жас­тағы тұлғаның мұндай күрделі тақы­рып­қа баруы айтуға ғана оңай.

Соңғы кездесу

Сурет: smartnews.kz

Ғылым өзін ермек қыл­ған­дарды жақтырмайды. Ғалым болу үшін ғылымды сүйіп, ғылыммен бірге өмір сүру керек. Бұл дегеніңіз – ғылымның тұтқыны (жақсы ма­ғынада) болу деген сөз. Ол – екінің біріне бұйырмай­тын, кез келген адамның төзімі жетпейтін тірлік.

Мекемтас аға – ғылым үшін туып, ғылыммен бірге өмір сүрген ғалым. Шәкірттерінен де сондай жанкештілікті талап ететін. «Әдебиеттен байлық дәметпе, әдебиетке «бірдеңе беремін» деп кел. Ғылымнан пайда табамын десең, оған жолама. Адал болсаң, ғылым аштан өлтірмейді», деп еді. Қояр талабын да, күтер үмітін де осы сөзге сыйғызған екен, амал қанша, кезінде түсіне алмаппын.

Мекемтас ұстазымызда кісіге күш-қуат беретін энергия бар еді. Өзім ол кісімен сөйлескенде рухым көтеріліп, қуаттанып қалатынмын.

«Жамандыққа жамандық жасау – пенделік. Жақсылыққа жақсылық жасау – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық жасау – ер кісінің ісі», деп отыратын. 2024 жылы тамыз­дың соңында Түлкібастағы шипалы бұлақтағы демалыс үйінде бір апта жанында болып, әңгімеле­сіп қайттым. Бұрынғыдай емес, денсаулығы төмендеп қалған екен. Дәрігерге апарып едім: «Екі пайыз ғана энергия қалған екен, көктемге ілінбес», деді. Көңілім түсіп қалды. Бірақ қолдан келер не амал бар. Өзі де сезгендей: «Бұрын осы суға түскенде аллергиям­ сауы­ғып кету­ші еді, бұл жолы әсері болмады. Уақытым таяған екен», деді де қойды. Жас кезінде жолына кедергі жасаған кісілер көп болыпты. Бұрын олар туралы айтып отыратын. Бір әңгіменің кезегінде: «Өзіңізге қиянат жасаған адамдар туралы не ойлайсыз?» деп сұрадым. Үнде­мей біраз отырды. Сонан соң: «Ондай адамдар көп болды. Бәрі де пенде ғой. Қазір бәрін де кешір­дім, о дүниеге кек арқалап кеткім кел­мей­ді. Өмірің алдыңда, біреуден жа­ман­дық көрсең, сол кезде кешіре біл. Жү­ре­гің­ді кірлетпе. Пенденің ең үл­кен кем­шілігі – кешірімсіздігі», деді.

«Маған не айтарыңыз бар?» деп сұрадым бір күні әңгіме үстінде. «Саған не айтайын, жас емессің, өмір көрген жігітсің, өзің бәрін білесің. Баукең (ол кісі Бауыржан Момышұлын солай атайтын): «Өзіңе жасалған сат­қын­дықты кешір­сең де, ұлты­ңа жасалған сат­қын­дықты кешір­ме», деуші еді. Өзім­нің өмірден түйгенім, Алла Тағала талант бергенде сұраусыз бермеген, о дүниеге барғанда «не істедің?» деп сұрауы мүмкін. Сондықтан қолыңнан келгенді жасай бер, шедевр дүние бола ма, орта қол дүние бола ма, нашар бола ма, оған көңіл бөлме. Алла­ның берген талантын ысырап қылмай, пайдалана біл», деді. Сонан бірталай уақыт өткен соң: «От пен суыңды» жақсы бастадың, жақсы аяқтауыңа тілектеспін. Сүйегі жақсы шығарма, аздаған кем­шілігі жоқ емес. Қайта бір кө­ріп шықсаң жақсы болар еді. Мөде – түркі жұртының ең ұлы пат­­­шасы. Ол біздің рухымызды кө­те­­ре­тін күш, түркі бірлігі үшін ке­рек. Сені аруағы қолдар», деп қой­ды.

Арасында бала кезінде қас­қыр­дың құрбаны болған қарындасы туралы айта­ды. Жүйкесіне қатты әсер етсе ке­рек, жиі-жиі есіне алады. «Мен екі адам­ның міндетін атқаруым керек бол­ды. Өмірдің қызығын көрмей дү­ниеден өткен қарындасым үшін де өмір сүрдім деп ойлаймын. Сәби ғой, ештеңе білмесе де, менің өмірім үшін жанын берді ғой. Сондықтан ғы­лым­нан жанымды аяғам жоқ», деп тоқ­тады.

«Өмірге өкпеңіз, өкінішіңіз бар ма?» деп сұрадым.

«Өмірге өкпелеуге болмайды, бұдан да жаман болуы мүмкін ғой, өмірге өкпелеу – күпірлік. Ал өкініш деген көп, қайсысын айтайын, ең бастысы, қазақтың әдебиеттану ғылымы әлемдік деңгейге шыға алмады, оған басқа ға­лым­дармен қатар мен де себеп­кермін ғой деп ойлаймын. Қазір біздің халық мәнсіз нәрсе­лер­ге құштар болып барады. Ғы­лымға, техникаға жеткілікті көңіл бөлінбей жатыр. Байлар ға­лым­дарды емес, эстрадалық әнші­лерді, айтыскерлерді, бокс­шы­лар­ды қолдауға құмар. Бұл жақ­сы­лық әкелмейді. Бар­лық қ­азақ әнші, айтыскер, жұды­рық­шы төбелескіш болса, біз қай ұшпақ­қа шығамыз? Үкіметтің де, халық­тың да осыны түсінбейтініне өкінемін».

Жасы келіп, дене қуаты әлсі­ресе де, ақылын алдырмаған, жаны сергек екен. Бір апта бойы тек қана ғылым туралы, елдік мәселелер ­туралы айтты.

Абайтанушы, қазақ халқының біртуар перзенті Мекемтас Мыр­зах­­­метұлы ағамыз шынтуайтында 97 жасында дүние­ден өтті. Саналы ғұмырын, барлық қажыр-қай­ра­тын халқына арнаған тұлға ғы­лым арқылы ұлтқа олжа салды. Ғылымда да, өмірде де ұста­ны­мы берік, пайымы терең ақсақал болып өтті... Артында қалған ұшан-теңіз бай мұрасы – Қазақ халқы үшін, отандық әдебиеттану ғылымы үшін асыл қазына.

Марқұмның жатқан жері жән­нат болып, Алланың рахметіне бөленсін!

 

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты, шәкірті

Соңғы жаңалықтар

Қытайда жер сілкінді

Төтенше жағдай • Кеше