Байқау • 14 Қаңтар, 2025

Алиданның аты озды

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен ха­лық­­аралық «COPER­NICUS» олим­пиа­дасын­да елордалық оқушы Алидан Сәулебек бас жүлдені жеңіп алды.

Алиданның аты озды

№84 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы бұл білім бәйгесіне химия пәнінен қатысыпты. Оның жетекші­сі Эльмира Қаже­кенова­ның айтуынша, олимпиа­даға жүйелі дайындық 7 сыныптан басталған.

«Алидан сол кездің өзінде-ақ мектеп бағдарламасындағы кітаптарды толық оқып тауыс­ты. Өткен оқу жылдарын­дағы олимпиада тапсырмаларын тал­дап дайындал­ды. Нәти­жесін­де, 7-8 сынып­­тарда химия пәні­нен аудан­дық, облыстық, кейін респуб­ли­калық пәндік олим­пиада­ларға қатысып жүлделі орын­дар­ға ие болды. Ал 9 сы­нып­­қа көшкенде жоғары оқу орын­да­рының оқулықтарына ауыз салды. «Daryn.online», «Ustudy.kz», «Quizlet» сынды плат­формалармен де біршама дайындалдық. Еткен еңбек еш кеткен жоқ. Мінекей, шәкіртіміз таланттар тайталасында топ жа­рып келді. Біз мұнымен тоқта­маймыз. Алиданның алар асуы әлі алда. Рес­публикалық пәндік олимпиададан оза шауып, «ICho» халықаралық химия олим­пиа­дасында алтыннан алқа тағу – ендігі мақсатымыз», дейді Э.Қажекенова.

Жыл сайын дәстүрлі түр­де өтетін халықаралық «COPER­NICUS» олимпиа­дасы биыл алтыншы мәрте ұйымдас­тыры­лып отыр. Бұл жарыста жер-жерден келген жоғары сынып оқушылары жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша бақ сынайды. Яғни осынау кәделі конкурс жас өрендерді ғылым жолына жетелейді.

Анасының айтуынша, Алидан кішкентай кезінен-ақ әртүрлі нәрселердің қа­лай, неден жасалатынын зерт­теуді ұнататын болған.

«Баламның жеңісінің артында үлкен еңбек жатыр. Әрине бәрі пәнге деген қы­зығушылықтан басталады. Ұстаздарының да еңбегі зор. Біз ата-ана ретінде қолдау көрсетіп отырдық. Сонымен қатар тілді жақсы меңгеруіне жағдай жасадық. Алидан ағыл­шын тілінен бөлек, араб, түрік тілдерін де тәуір біледі. Бала­мыз болашақта ғылыммен айна­лысқысы келеді», дейді анасы ағынан жарылып.