Тарих • 14 Қаңтар, 2025

Ғалам жанының ғадауаты

68 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Махаббат болмаса, ғадауат та жоқ шығар, кім біліпті. Демек махаббат туған күні ол да бірге келе ме, әлде әуелде махаббаттың жаңғырығы мен жарқын сәулесінен шошып оянып, әдетіне басты ма екен? Ой еңбегін былай қойғанда, жан еңбегі, сана-сезім, рух биігіне құлаш ұрушы ақын-жазушының шиырлаған тақырыбының бір парасы осыған саяды.

Ғалам жанының ғадауаты

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Тарихи санаға төңкеріс жаса­ған ұлттық жа­зу­­шымыз Ілияс Есен­бер­лин қылышынан қан тамған қы­зыл империя заманының өзін­де халқымыздың мыңжылдық та­ри­хының жарымынан астамын қаузап хат­қа түсіргенде, өт­кеннің баянымен бірге әлгіндей құбылысты қатар өрге­нін көре­міз. Кескілескен соғыс пен күй­реген қалаларды, гүлденген немесе құла­ған мемлекеттердің басындағы оқи­ға­ларды тізбелеп кетпейді. Үш кітап­тан тұратын тарау-тарау «Алтын Орда» три­логиясының әр бөлімін бір неме­се бірнеше сюжетпен байытып, жан біті­реді. Ескі уәзінге үрлеп жан салады. Сөй­теді де, оқырманын ойландырып қояды.

«Алтын Орданың» бірінші кітабы Бату ханның өлімінен бас­­талады. Жазушы мұнда сара­­йының сыртына шығып, өлер алдында бой жасап жүрген Бату­дың ішкі толғанысы мен кө­кейінен тірілген өткен өмірін су­реттеп қана қоймайды. Төбе ба­сында шоқиған ханның жадынан Алтын Орда ләшкерлері­нің жорығын жүздіруімен қатар, арасында оны аспанда қалық­та­ған кереге қанат қыранмен «айқастырып» қояды. Жер дү­ние­нің жарымын бағындырып, ­уысында ұстаған алапат Жошы ұлысы билеушісінің жанында бесінші не алтыншы ұлы Барақ бар. Сарай сыртына сер­уен­ге осы баласын ғана алып шы­ғуына үл­кен мән үстейді. Бұл Барақ – ­Бату өмірінің мәні. Неге десеңіз, туға­лы ат үстінде жортуылда жүр­ген Бату – өмірінде жаны елжі­реп ғашық болмаған адам. Ақыл-есі кемдігінен, сана-сезімінің тө­мендігінен емес, әрине. Әкесі Жошы ерте көз жұмып, Бату ерте есей­генімен, жорыққа да жастай ат­танып, таққа да бұрын отыра­ды. Қыз қуып, жігітшілік дәурен сүре қоймаған. Есін жия ел қамына кіріскен ханзада бәй­бі­­шесі мен тоқалын өмірлік жар ретін­де танығанымен, өліп-өшіп сүйіп алмаған. Тіпті сүйіспеншілік се­зімдер туралы естіп-білгені­мен, басынан өткермеген хан Ауропаны (Еуропа) жағалап елге қайтып келе жатқанын­да, орта ­жастан аса тұңғыш рет жат­жұрт­тық перизатқа есі кете ғашық болады. Елге әкеліп, кіші тоқалдық­қа алады. Басқа балаларына аса сүйіспеншілікпен қа­рамаған хан осы тоқалынан туған Барағын жанындай жақсы көріп, әкелік махаббатты сезіне бастамай ма? Өмірінің соңына қарай бой жасап жүргенінде төбе басына бес жасар осы ұлын қоса алып шығып отырады. Бір күні көк жүзінде қалықтап ұш­қан қыран осы баласын іліп әке­тіп, көзінен таса қылады. Күн сайын өткен өмірін елестетіп осылай отырғанда төбесінде айнала ұшатын бүркіт – кезінде өзі аңға салған атақты қыраны, бір аңшылықта бөріні ханнан бұрын өлтіріп қойып, Бату ызаланып, қамшымен сабағанда ұстатпай ұшып кетеді. Содан бері неше жылдан бері аңдысып жүріп, ақы­ры аяулы баласын алып тын­ған қыран – туасы табиғаттың төлі десек те, Батудың қолымен баулығаны еді ғой. Құс емес, Бату ханға қатысты ғаламның жаны десе жарайды қыранды. Демек осындай өкінішпен өлген хан өмірі баянды болмағаны – кімді де болса ойландыруға тиіс. Ақырында қазасы да осы құстан келеді.

«Алтын Орданың» екінші кітабы бұдан өткен хикаятпен басталады. Онда Тоқтай дүние салғанда оның баласы, Алтын Орданың ханы Елбасмышқа Бату­дың шөбересі Өзбек пен Құт­лық-Темір көңіл айта келеді. Дәм татып, құран оқып отырған Өзбек кенет Құтлықтың оқыс қимылдағанын сезгенінше болмайды, алдына кісі басының домалап түскенін көріп шошып кетеді. Сол бойда Өзбек те жал­ма-жан қимылдап, қылышымен қасындағы Елбасмыштың ба­сын қағып түсіргені аздай, енді оның бассыз денесін кескілей жөне­ле­ді. Кейін Өзбек жансыз денеге неге сонша өшіккені туралы ой­ландырады оқыр­ман­ды. Ақырында бала күнінде Елбас­мышпен ойнап жүріп, Өзбек торға түскен торғайдың басын жұлып лақ­тырып тастаған­да, денесі анадайға дейін ұшып барып, шидің ішіне сіңіп жоғалға­нын еске салады. Осы оқиға бір­ге өскен екі баланың санасына өшпестей із салғаны сонша, жорықта бассыз денені өші қалғандай шабатын. Бұл енді торғай ғой, кішкене құс. Сонда да әлгіндей үрей туғызғаны кісі баласын ойландырмай қоя ма? Жоғарыдағы кек пен мы­на үрейдің санаға түсірер психо­логиялық салмағы мен салдары туралы мамандар тарқатып айтса, түгесілмес әңгіме... Ал автордың құсты негізге алғаны жеке тақырып.