Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан түріктері этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері Қазақбай ҚАСЫМОВПЕН әңгіме
– Құрметті Қазақбай Таштемірұлы, қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық келісім Елбасы Жолдауларында айқын көрініс тапқан болашақ «Мәңгілік Елдің» кілті екендігі жайында өте орынды айтылуда. Ал осы құндылықтардың қазіргі қайнар көзі кезінде Елбасымыз көрегендігімен құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы емес пе?
– Дәл солай. Бүгінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы көшінде келе жатқан Қазақ елінде, қазақтың қасиетті жерінде дәулетін жинап, ұрпағын жайған 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың, этностардың басын бірлікке топтастырып, бүгінгі өзара түсіністік пен құрмет сезімінің, жарастық пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын одан әрі жарастыра нығайтудағы ҚХА-ның жұмысын мен әрдайым мақтанышпен айта аламын.
Аса қадірменді Елбасымыз биылғы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады. Осы айтулы жыл – мызғымас бірлігі мен бұлжымас татулығын ту еткен, елімізде ең белді де беделді институттардың бірі – ҚХА-ның құрылғанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс, қарбалас келіп тұр.
Ассамблея жылы елімізде өтетін көп мерейтойлардың бірі емес, Елбасымыздың сөзімен айтар болсақ, той тойлайтын жыл емес, ой толғайтын жыл. Себебі, ортақ Отанымыздағы ұлт пен ұлыстардың, этностардың арасында қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын сақтап, дамудың нақты тетігіне айналған бұл ұйым – еліміздің қадірлі де қасиетті, өшпес құндылығы. Тәуелсіздігіміздің тірегі, сыйластық пен ынтымақтастықты көрсетудегі ел бірлігінің басты құралы және тұтқасы. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, оны қорғау үшін мемлекетімізді одан әрі нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлік қажет.
– Қой жылында халқымыз үшін аса қастерлі бірқатар мерейлі оқиғалар тоғысыпты. Олар да елдігімізді бекемдей түспей ме?
– Бірлік болмаса, қандай қуатты империя болса да күлі көкке ұшатынын тағылымы мол тарих болмысы адамзат баласына дәлелдеп берді. Сондықтан да ешбір байлықпен салыстыруға болмайтын, баға жетпес қазынамыз, 130-дан астам ұлт пен этностардың қасиетті мекені – еліміздегі бірлікті сақтау – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. 2015 жыл – біздің Отанымыз үшін тарихи белестерімізді атап өту жылы. Біздің тарихымыз – бұл бірліктің қайнар көзі. Өткенімізді бағалай отырып, біз келешегімізді болжай аламыз. ҚХА жылында: Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бұлар – еліміздің тарихында түбегейлі бетбұрыс жасаған жасампаз кезеңдер. Еліміздің тарихи қазынасы ғана емес, елдік рухымыздың бастауы, бірлігіміздің негізі, мемлекетіміздің айғағы, достығымыздың дәнекері.
– Ал енді дәл бүгінгі әлемдік қоғамдастық түгелдей қызығып отырған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған береке-бірлігіміз бір күнде орнай қалған жоқ қой. Осы жолдағы қиын күрес, қыруар еңбек, жасампаздық белестерін бір шолып өтсеңіз.
– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарына көз салсақ, Қазақстан күйреген империяның мұраға қалдырған экономикасын түзету жолындағы арпалыспен қатар шекарасын шегендеп, мемлекетімізді нығайтып, болашақ даму жолын айқындау мақсатында әлемдік үрдістерді ескере отырып, ешкімге ұқсамайтын, ешкім қайталамайтын Қазақстан жолын салуға үлгілі жоспарлар жасады. Таңдап алған жолымыздың дұрыстығын өткен жылдар тәжірибесі айқындап берді. Президенттік басқару елімізді әлемдік экономикалық дағдарыстан абыроймен алып шықты. Нарықтық экономика құрылымының тетіктері түгенделіп қалыптасты, мәдениетіміз гүлденіп, экономикамыз дамыды. ТМД елдері мен басқаларына біз үлгі-өнеге болдық.
1995 жылы құрылған ҚХА-ның І сесссиясында Елбасымыз тарихи баяндама жасады. «Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді. Тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын ғана тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған Қазақстан отбасына керек екендігін еске саламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп жыламағанын қалаймын», деген Елбасымыздың сөздері сол кездегі ең өзекті, ең маңызды мәселе ретінде әрбір қазақстандықтың жүрегінің төрінен орын тапты. Арада 20 жыл өтті. Осы Ассамблея аясында елімізде этносаяси, рухани-саяси және ұлттық реформалардың дұрыс жүргізілуіне байланысты қалыптасқан ұлтаралық татулықтың тұрақтылығы әлем сахнасында Қазақстан халқының беделін арттырды. Осындай жетістігіміз бүгінде идеологиялық бренд ретінде орнығып, бүкіл әлемге бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің Назарбаев моделі деген атпен белгілі болды. ҚХА-ның бағындыратын биіктері мен алатын асулары болашақта жалғасын әлі де табады.
– ҚХА атқарған жұмыстар, осынау бірегей институттың теңдесі жоқ мерей-мәртебесі жайында не айтасыз?
– Ассамблея аясында этносаралық қатынастарды зерттеудің толық заңнамалық базасы құрылды. ҚХА-ға конституциялық орган ретінде мемлекеттік мәртебе берілді. Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын алды. Мәжіліске сайланған 9 халық қалаулылары әрбір ұлыс пен этнос өкілдерінің жоғын жоқтаумен қатар, барша халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігі жолында Парламент қабырғасында табысты қызмет атқаруда. ҚХА туралы заң қабылданып, Ассамблея құрылымы мен қызметінің қоғамда алатын орны мен рөлі заңнамалық негізде іске асып, қамтамасыз етілуде.
Халықпен бірге мұқият талқыланып, Елбасы мақұлдаған Ел бірлігі доктринасы бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтудың бір ел, бір тағдыр, тегі басқа, теңдігі бір ұлт рухының дамуы сияқты қағидаларын айқындап берді. Осы қол жеткен татулық пен бірлігімізді жалғастыру үшін бүгінде елімізде 820 этномәдени бірлестік жұмыс істеп, актив саны 67 мыңнан астам адамды қамтиды. Ассамблея аясында еліміздің барлық аймақтарында 1035 қоғамдық келісім кеңесі табысты жұмыс істеуде. Еліміздің ең басты құндылықтары – татулық пен тұрақтылықты ұрпақ жадына сіңірудің негізгі тетігі ретінде «Аналар кеңесі» жұмысын бастады. ҚХА-ның қызметі мен мемлекеттік ел бірлігі саясатын, қоғамдық келісім мен бейбітшілікті насихаттаудың негізгі қуатты құралы – жүйелі ақпараттық жұмыс жолға қойылды.
– Ассамблеяның ел ішіндегі, бүкіл әлемдегі танымалдығы қандай деңгейде?
– Ассамблея қабырғасындағы іс-шараларға, маңызды оқиғаларға байланысты 40-тан астам медиа-жоспар жасалып, жүзеге асырылды. Әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық-Дружба» журналы, төрт телеарна, бес телебағдарлама, сегіз радиобағдарлама, тоғыз республикалық басылым, жүзден астам электронды ақпарат құралдары және басқалары жұмыс істейді. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі кеңесте журналистер мен сарапшылар қызмет атқаруда. Қоғамдық келісімнің Назарбаев моделін зерттеу үшін әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қытай, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина, Армения елдерінен сарапшылар, ғалымдар мен дипломаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері алпыстан астам рет өтініш білдірді.
Шетелдік көршілеріміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қыранның көрегенділігіндей алыстан көздейтін алғырлығының арқасында салиқалы саясатын мойындап қана қоймай, Елбасымыздың өз қолымен құрған бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендіктерін паш етіп отыр.
Халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналған Елбасы төрағалық ететін осынау конституциялық орган жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза: «Ассамблеяның қағидаты мен бағыт-бағдары Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс қағидатына толық сәйкес келеді», деп өзінің орайлы пікірін білдіруі де ғанибет. Егеменді елімізде мәртебесі жоғары қаншама қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік институттар бар. Олармен де санасамыз, оларды да құрметтейміз. Дегенмен де, солардың бәрінің ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше.
–
Олай болса, Ассамблея жылының басты ақиқаттары неде деп білесіз?
– Қоғамды біртұтас ағзаға баласақ, ол қоғамға қан жүгіртетін алуан түрлі қан тамырлары сынды барлық салаларды біріктіретін, бәрінің жолын бір арнаға салып, бір ағысқа бағыттайтын бір жүрек бар. Ол жүректің есімі – бірлік. Елімізде бірлік пен татулық, қоғамдық келісім мен бейбітшілік болса, Мәңгілік Қазақ елі өркениетті, дәулетті ұлыстар қатарында болып, «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында әлем сахнасында ұлттық мемлекет ретінде салтанат құратын болады. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында елімізде қоғамдық келісім мен татулықтың, бірліктің мәнін түсіндіруге көңіл бөлініп, ерекше екпін беріледі. Осы тұрғыдан ресми түрде жарияланған 2015 жыл ҚХА институтының мерейтойы – жеке мерекесі емес, ең алдымен, құнды қазынамыз:
Ел бірлігінің жылы,
Татулық пен бейбітшілік жылы.
Бүгінде жасампаз жетістіктеріміздің бастауында тұрған Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігінің берік кепілі – Елбасымыздың салған қоғамдық келісім моделінің жылы. Осы қазыналы жылдың күні кеше сүйіншілеген тағы бір жарқын жаңалығын қуана айтпай тұра алмаймын. Ел Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін тағайындағаны жүрек тебірентер ғанибет жағдай болды. Әлбетте, мұның да бірлікті нығайтуға, тірлікті көктете түсуге қызмет етері сөзсіз. Сол үшін де Нұрағамызға тағы да мың мәрте алғыс.
Бүгінде береке-бірлігі мен ынтымағы жарасып, әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы көшінде келе жатқан, ардан, намыстан жаралған ел иесі, жер иесі, мемлекет құраушы жасампаз қазақ халқының абыз даналығымен үйлескен 2015 жыл – Ассамблея жылы Тәуелсіз мемлекетімізді жаңа жетістіктерге жеткізіп, елімізге жағымды жаңалықтар мен абыройлы жеңістер әкелсін, ардақты отандастар!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.