Қоғам • 14 Қаңтар, 2025

Талдау мектебінің төртінші маусымы

464 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптада Астанада Талдау мектебінің төртінші кезеңіндегі оқыту жұмыстары басталды. Биыл жаңа кезеңге қабылдау өте жоғары деңгейде жүргізілді. Бір орынға 12 адамнан келді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қалыптасқан дәстүрге сәйкес тыңдаушыларды төртінші кезеңнің ашылуымен құттықтап, дәріс оқыды. Аталған қоғамдық жоба аясында қатысушыларға белгілі отандық және шетелдік сарапшылар, халықаралық, сондай-ақ ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері де дәріс оқиды.

Талдау мектебінің төртінші маусымы

Сенат спикері жобаға қатысу­шыларға ілтипат білдіре келіп, Талдау мектебі – жаңа білім меңгеруге арналған орын ғана емес, сонымен қатар нетворкингке, сараптамалық байланыс орнатуға, идея­лармен алмасуға, бірегей жоба­ларды бірлесіп әзірлеуге, өзекті мәселелерді шешу жолдарын табу­ға, түрлі талдамалық, әлеумет­тік және өзге де жобаларды ұйым­дастыруға арналған алаң екенін айтты.

Сондай-ақ палата төрағасы атап өткендей, бұл қоғамдық жоба мемлекеттік қызметте, бизнесте, халықаралық ұйымдарда және басқа да салаларда жұмыс істейтін жас мамандардың талдамалық дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.

Биыл оқу бағдарламасы «Data-driven decision-making» та­қы­ры­бы­на арналып отыр. Қа­ты­су­шы­ларды оқыту сыни ойлау дағ­дылары мен талдау әдістері, аналитика және Big Data, стратегиялық жоспарлау және статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу, Data Governance & AI, ана­ли­тикалық материалдарды дайын­дау қырлары және халық­аралық стандарттар, «Data-driven decision-making» және мәтінмен жұмыс істеу сияқты 7 негізгі модуль бойынша жүргізіледі.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев аналитикалық қарым-қабілеті жоғары мамандар­дың жаңа толқынын даярлаудың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі таңда кез келген шешім көптеген факторды ескеруді талап ететіні белгілі. Сондықтан аналитика мемлекеттік органдар мен бизнес үшін стратегиялық тетікке айналып отыр. Мұндай жағдайда аналитикалық қабілеттер мен заманауи цифрлық мүмкіндіктердің үйлесім табуы ереше мәнге ие. Талдау мектебі – осы стратегиялық міндетті іске асыруға қосылған үлес. Биыл да қатысушыларды әдеттегідей өз салаларында мол тәжірибесі бар белгілі отандық және шетелдік сарапшылар оқытады», деді М.Әшімбаев.

Айта кетейік, төртінші кезеңге қатысуға 700-ге жуық өтінім келіп түсті. Байқау комиссиясының өтінімдерді қарау нәтижесінде жобаға қатысуға 60 адам мүмкіндік алды. Олар – аналитикалық құры­лымдарда, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттарында, басқа да түрлі салаларда тәжірибесі бар және PhD ғылыми дәрежесіне ие мамандар.

М.Әшімбаев өз дәрісінде тал­дама­лық жұмыстың тұжырым­дамалық қырларына назар аудар­ды. Талқылау барысында мем­лекеттік басқару ісінде цифрлық құралдарды қолдануға және шешімдер қабылдауға қатысты кейстер талданып, трендтер сарапталды.

«Талдау мектебінің идеологиясы сыни ойлауға, жаңа шешімдер табуға және еліміздің қуатты әрі инновациялық дамуына ықпал ететін бейстандарт стратегияларды құруға қабілетті мамандардың жаңа буынын қалыптастыруды көздейді», деп Сенат төрағасы қарым-қабілетті арттыру жолын­дағы жеке тәжірибесімен бөлісті.

Талдау мектебіндегі дәрістер­дің бір ерекшелігі – топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту. Бұл soft skill-ді жетілдіру үшін қаты­сушыларға арнайы шақырыл­ған тәлім­герлер – нақты сала бо­йын­ша са­рап­шылар, ерікті негізде қатысатын мемлекеттік құры­лым­­дардың, ғылыми және халық­ара­лық ұйымдардың өкіл­дері қол­дау көрсетеді. Сондай-ақ қатысу­шы­лар білім беру инклю­зия­сы, ген­дерлік даму, баламалы энер­гети­­ка, еңбек көші-қоны сияқты же­ті бағыт бойынша бірлескен жо­­ба­­лар да­йындау үшін топтарға бөлінді.

Төртінші кезеңнің алғашқы күнінде Sinovation Venture жасанды интеллект институтының президенті, доктор Кай-Фу Ли дәріс жүргізді. Ал стратегиялық және дағдарыстық коммуникация­лар жөніндегі сарапшы Ербол Исмаилов командалық білім беру, тың тәсілдерді терең меңгеру жөнінде фасилитациялық сессия өткізді.

Алдағы сегіз аптада Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад, «Пиши, сокращай» кітабының авторы Максим Ильяхов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың дәрістері жоспарланған. Спикерлердің қатарында мемлекеттік органдар мен халықаралық ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері де бар. Нақты айтқанда, Қазақстан Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов, «Отбасы банктің» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова дәріс оқиды.

Тағы бір айта кетер жайт, сабақ­тар биылғы 1 наурызға дейін әр сенбі сайын өтеді. Кезең қоры­тындысы бойынша қаты­су­шылардың талдау материал­дарының жинағы шығарылады. Ол Парламент депутаттарына және салалық мемлекеттік органдарға ұсыным ретінде жіберіледі.

Сарапшылардың бейне дәрістері Талдау мектебінің ресми YouTube арнасына жарияланып отырады – https://www.youtube.com/@SchoolofAnalytics. Сон­дай-ақ аталған YouTube арнада Мектептің алдыңғы үш кезеңіндегі дәрістер де қолжетімді.