05 Ақпан, 2015

Азық-түлік қауіпсіздігі – көкейкесті мәселе

506 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
IMG_9851-1Тамақ өнеркәсібінде 15 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан «Шаров В.Нжеке кәсіпкерлігі Қызылжар өңіріне жақсы танымал. Кәсіпорын өндіретін шұжық өнімдері мен жартылай фаб­рикаттар тағамы үлкен сұранысқа ие. Біз өндіріс орнының директоры Виктор ШАРОВПЕН тілдесіп, сапалы өнім шығару тәжірибесімен танысқан едік. – Бүгінде талғамы жоғары тұтынушылардың талабын орындау оңай емес. Мұны айтып отырғаным, бастапқыда қызық болды. Яғни алғаш құрылып, өнімдерімізді шығара бастағанда көптеген қиындықтарға тап келдік. Шұжық өнімдері барлық стандарттарға жауап беретініне қарамастан өтпей, тығырыққа тірелдік. Өйткені, ол кездері Қазақстанның біз сияқты кәсіпкерлері аяқтарынан енді тұрып жатқан кез. Әлі де көрші Ресейге экономикалық тәуелділік басым болатын. Адамдардың психологиясын қойсаңшы, арзанына ұмтылатын. «Біреудің қаңсығы өзгеге таңсық». Тіпті, өніміміздің жоғары сапалы, жасанды қоспалардан тазалығы жөнінде қанша жарнамаласақ та, көпке дейін тұтынушылар қатары көбеймей қойғаны әлі күнге есімде.  – Қазір кез келген сауда орындарынан, дүкендерден «Шаров» жеке кәсіпкерлігінің өнімдерін молынан кезіктіруге болады. Жұртшылық та жапа-тармағай сатып алып жатыр. Мұндай сұранымға қалай жеттіңіздер? – Жоғарыда тоқталғанымдай, шағын және орта бизнесті қа­лып­тастыру мен дамытудың басты жолы – адал еңбек ету, көпшілікке сапасы жоғары, стандарттарға жауап беретін азық-түлік тағамдарын ұсыну. Бүгінде ет, сүт, басқадай азық-түлік өнімдерін өндіретін қа­лың бәсекелестік арасынан озып шығу оңай емес. Әсіресе, бұл саланың алдыңғы шебінде жүр­ген біз үшін үлкен сын. Үне­мі тынымсыз ізденісті, іскер ұйым­дастырушылықты, озық технологияларды қолдануды қажет етеді. Осыдан бірер жыл бұрын өн­дірісті кеңейтіп, шұжықтың жа­ңа түрін шығаруды қолға ал­дық. Ол «шикілей қақталған шұжық» деп аталады. Мемлекеттік стандарттардың барлық талап­тарына сәйкестендіріле шыға­рыл­ғандықтан, ең бастысы, таза ши­кізаттан өндірілгендіктен, пет­ропавлдықтар дастарқанынан үзілмейді десе де болады. – Осы жерден сөзіңізді бөлейін. Сонда несімен, қандай қасиетімен ерекшеленеді? Әлде бағасы қол­жетімді ме? – Бүгінгі тұтынушыны арзан бағамен алдай алмайсың. Біз өн­ді­ретін шұжық өнімдері мен жартылай фабрикат тағамдары өзіндік жасалу технологиясымен, табиғи құнарлылығымен айрықшаланады. Еш­қандай жасанды қоспасыз, таби­ғи жасалады. «Шикілей қақталған шұжықты» жасау үшін көп іздендік. Нәтижесінде көрші елдерге де жө­нелтетін жағдайға жеттік.  – Виктор Николаевич, сіздің «таза шикізат» деген сөзіңізден шығады. «Егемен Қазақстан» газетінің 3 ақпандағы санында «Отан­дық өнімнің орны бөлек, отандастарым!» деген танымдық мақала жарық көрді. Онда басылымның тілішісімен болған сұхбатта елімізге белгілі ғалым, Қазақ тамақтану академиясының президенті Төрегелді Шар­ма­новтың бөліскен ойлары, көл­денең тартқан проблемалары сіз­дің пікірірлеріңізбен үндес келіп отырған сыңайлы. – Төрегелді Шарманов секілді абыз академикті кім білмейді! Өзекті мәселелерді ортаға салып, отандастарына қайырылуының өзі азаматтық ұстанымының биіктігін аңғартады. Елбасымыз соңғы Жол­­­дау­ларында Қазақстан тұр­ғын­дарының ор­таша өмір жасы­ның ұзақтығын 80-ге жеткізу мүм­кіндіктерін атап көрсеткені мәлім. Бүгінде азық-түлік тапшылығымен қоса сапасы да өте күрмеулі мәселелердің бірі дер едім. Оның қауіпсіздігі қалай қорғалып отыр, қалай қамтамасыз етілген, адамдар қалай тамақтанады деген сауалдарға тиісті орындар жауап бере жатар. Мен сырттан әкелінетін азық-түлік құнарлылығына, жұғымдылығына қарағанда жергілікті жерлерде өндірілетін өнімдер әлдеқайда сапалы екеніне бәс тіге аламын. Бағаның қолжетімділігі жөнінен де бәсекелесе алады. Біз бүгінде шұжық өнімдері мен жартылай фабрикат тағамдарының 70-ке жуық түрін шығарамыз. Бірнеше аудандарда шикізат жинайтын бөлімшелеріміз бар. Мұның өзі отандық өнімдерге сұраныстың артып келе жатқанын айғақтаса керек. – Мақалада дұрыс тамақтану тәсілдерін қолдану аса қатерлі ауруларды 24 пайызға азайтатыны айтылған. – Бұл пікірге толық қосыламын. Бұл – мәселенің бір жағы. Мені көбіне дұрыс тамақтануға дейінгі үдеріс, яғни халықты, ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қандай дәре­жеде қамтып отырмыз деген мәселе қатты толғандырады. Сіз жалпы мазмұнын баяндап берген мақаладан ұққаным, жұрт әлі күнге дейін пайда мен зиянның парқын айыра алмайды. Көбіне арзан дүниелерді алуға бейім. Мұндай қарын тойдырушылық тоғышарлық психологиядан арылып, керісінше, ұрпақтың, ұлттың саулығын ойлайтын биік деңгейге көтерілуіміз керек. Өзіміздің өнімдерімізді жарнамалаудың жағы жетіспей жататынын тәжірибеден көріп жүрміз. Сыртқы безендірілуі көздің жауын алатын шетелдік өнімдер тез өтіп кетеді. Сол сияқты тамақтану мәдениетін қалыптастыруға да үлкен көңіл бөлмей болмайды. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Өзіміздікіне ештеңе жетпейді

Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған Гүлзейнеп Сәдірқызының академик Төрегелді Шармановпен «Отандық өнімнің орны бөлек, отандастарым!» тақырыбында жүргізген  сұхбатын оқып шықтым. Өте орынды және маңызды мәселе көтерілген екен. Қазіргі күнде дүкен сөрелерінде толып тұрған түрлі азық-түліктің көбі шетелден әкелінген және құрамында көптеген химиялық заттар көп. Сол себептен де осы күні осындай сапасыз тағамдарды қолданғандықтарымыздан да денсаулығымызға зиян келуде. Қазақта «Ауру – астан» деген нақыл сөз бар емес пе? Күнделікті пайдаланып жүрген тағамымыздың сапасына көңіл аударуымыз керек. Мен өзім ауылдық жерде тұрғандықтан, табиғи өнімдерді тұтынғанды дұрыс деп санаймын. Шетелден келген, құрамы мен қоспалары да белгісіз өнімдерден гөрі, елімізде жасалған, сапасы да жоғары, бағасы да тиімді өнімдерді неге пайдаланбасқа?.. Қазіргі күнде еліміз жылдан-жылға дамып, өркендеп келеді. Отанымызда сүт, шұжық, кондитер өнімдерін шығаратын зауыт-фабрикалар жұмыс жасау­да. Осы өндірістердің қуаты артып, елімізді толықтай қамтыса нұр үстіне нұр болар еді. Академик Төрегелді Шарманов  азық-түлік қауіпсіздігі тек отандық өнім арқылы қорғалады, адамның саулығын сақтау үшін отандық өндірісте шығарылған өз тағамдарымызды тұтыну қажет деп бекерден-бекер айтпаса керек.  Бәрі де еліміздің болашағы, ұлтымыздың саулығы үшін айтылып отыр. Өз өнімімізді қолдап, денсаулығымыздың қадірін біліп, еліміздің экономикасының артуына да үлес қосайық! Зейнеп МҰХАМБЕДИЯРОВА, ардагер ұстаз. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауылы.

Отандық өнімнің бәсі бөлек

Еліміздің бас басылымы қашанда елдік мәселелерді көтеріп келеді. Газеттің үстіміздегі жылғы 3 ақпандағы санында жарияланған журналист  Гүлзейнеп Сәдірқызының академик  Төрегелді Шармановпен «Отандық өнімнің орны бөлек, отандастарым!» деген сұхбаты көкейімде жүрген ойды дөп басты. Шыны керек, қазақтың ұлттық тағамдарына ештеңе жетпейді. Олардың адам ағзасына пайдасы зор екенін ата-бабаларымыз ұрпаққа ұлағаттап кетті емес пе. Алайда, кейінгі толқын жастардың арасында өзгелердің арзан азық-түлігіне құмарлық басымдау түсуде. Мен сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорынның басшысы ретінде сүт өнімдеріне қатысты мәселелерді бір адамдай білемін. Біз негізінен өз ауданымыздағы жекелерден, кәсіпкерлерден сүт жинап, содан өнімдер өндіреміз. Қазір алыс-жақыннан жеткі­зілген сүт өнімдері дүкен сөре­лерін, базарларды жайлап ал­ды. Сондықтан, отандық өнім өнді­рушілер өнімі өтіңкіремейді. Халық артын ойлап жатпастан арзанға ұмтылады. Стерильденген сүт өнімдері ұзақ сақталады, оған дау жоқ. Алайда, адам денсаулығын нығайтатындай қауқары шамалы. Ол денеңе дәрумен болып та жарытпайды, қуат бермейді. Сондықтан өзіміздің отандық фермерлер өндірген өнімдерді тұтыну пайдалы. Академик ағамыз айтқандай, ұзақ сақталатын сүт өнімдері кей жағдайда дерт тудыруы да мүмкін. Сондай-ақ, біз отандық өнімдерімізді тұтыну арқылы өз денсаулығымызды сақтаумен бірге, еліміздің экономикасын нығайтуға да септігіміз тиетінін ұғынатын кез жетті. Әр ұлттың өзінің ғасырлар бойы ата-бабасы ішіп-жеген азық-түлігін тұтынуы керектігін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп үлгерді. Біздің арзансынып алыс-жақын шетелден келген азық-түлікке  ұрынбағанымыз абзал. Бұған академик Төрегелді Шармановтың айтқан салиқалы ойлары мен парасатты пайымдары да дәлел болады. Бұл бір сәті түскен сұхбат, әдемі әдіптелген әңгіме болды деп ойлаймын. Мұның өзі біздің әрқайсымыздың отандық өнімге деген көзқарасымызды өзгертеді, құрметімізді арттыра түседі деп есептеймін. Қазақтың қазы-қартасы, шұбаты мен қымызы, құрт-ірімшігі, қаймақ-майы ешбір елде жоқ дегім келеді. Мал өнімдерінің сапасы көп жағдайда табиғи өңірлеріне байланысты  әртүрлі болатынын да білеміз. Қымыздың өзі әр өңірдегі өсімдік әлемімен, дайындалу сипаттарымен ерекшеленеді.  Ет те солай. Алысқа бармай  өз облысымызды алсақ, қой етінің дәмі әр ауданның табиғи жағдайына қарай әртүрлі.  Қара отқа жайылған  қой­дың еті дәмдірек болатынын көріп жүрміз. Сондай-ақ,  жайылымдық мал­дың еті бордақыға қойылған мал­дың етіне қарағанда жұғымды да, дәмді болатыны сөзсіз. Ақтөбе – тары дақылымен даңқы шыққан өңір. Бұл дақылдың да адам ағзасына дәрумендігі жоғары. Бұл дақылды да ұлттық брендімізге айналдыратын кез жетті. «Тары көже таң атқанша» деп аталарымыз тегін айтпаса керек. Ал, тарыны өңдеп, халыққа ұсыну жағы әлі де кемшін соғып жатқаны шын­дық.  Өңірде бұл бағытта бірен-саран кәсіпкерлердің талаптанып жат­қанынан да хабардармыз. Ең бастысы, отандық өнімдерімізді өзгелерге танытатын уақыт туды. Бұл  ұлттық ұстанымымыз болуы тиіс деп ойлаймын. Ал, академик Төрегелді Шармановпен сұхбат осы бағыттағы шаруаларға із ашатын бағалы бастама деу орынды болмақ. Самат САДУАНОВ, «Алғабас» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы.