Көрме • 15 Қаңтар, 2025

Ұлттық қолөнерді ұнатады

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Брюссельдегі әйгілі «Espace Intermediare» галереясында Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің қолөнер шеберлері мен дизайнерлерінің көрмесі ашылды. Көрмеге түрлі әшекей бұйымдар, тері мен жүннен жасалған киімдерден бөлек, пайдаланылған материалдарды өңдеу арқылы жасалған өнімдер де қойылған.

Ұлттық қолөнерді ұнатады

Сурет: 24.kz

Келушілер қолданылған материалдар қалай қайта өң­делетінімен таныса алады.

«Біз мұндай іс-шараны жыл са­йы­н өткізбекпіз. Басты мақсатымыз – Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды мәдениет, қолөнер арқылы таныстыру. Келешекте игі істі барлық дизайнерімізді шақырып, өткізіп тұрсақ дейміз», дейді «Мәде­ниет керуені» Орталық Азия шығарма­шылық орталығының директоры Елена Ван Харитонова.

Киім дизайнері Оксана Ян Қа­зақстанда туып-өскен. Бельгияда тұрғанына жиырма жылдан асты. Қазақстанға кезекті сапарында түйе жүнінен жасалған көрпелерді көріп, оны қайта өңдеп, этностильде әдемі пальто тігіп шығаруды ойлаған. Бүгінде мұндай үрдіс Франция, Бельгия және Голландия дизайнерлері арасында да қалыптасып келеді. 

«Мен бұл көрпені көргенде оны түрлендіріп, басқа өнім шығару ойы­ма келді. Өйткені 2017 жылдан бері пайдаланылған материалдарды өңдеу арқылы жасалатын киім брендім бар. Түйе жүні жылу реттегіштік пен суды басатын қасиетке ие екені белгілі. Оның үстіне бүгінде Еуропада қоршаған ортаны қорғауға көп көңіл бөлініп жатқандықтан, шикізатты қайта өңдеу өзекті», дейді дизайнер Оксана Ян.

Ал зергергерлік бұйымдар ди­зайнері Камила Фьоринтини көрмеге күмістен жасаған қазақтың ою-өрнегі бар әшекей бұйымдарын алып келген. Бұл бұйымдар еуропалықтардың талғамына сай өзгертіліп жасалған. Сондай-ақ ерлерге арналған білезіктер мен мойынтұмарлар да ұсынылды.

Көрмеге қойылған қолөнер бұ­йым­дары мен әшекейлерінен Ұлы даланың күш-қуатын сезуге болады. «Еуропалықтарды қызықтыратын да осы ерекшелік», – дейді дизайнерлер.

Айта кетейік, қазақстандық қолөнер шеберлерінің көрмесі 19 қаңтарға дейін жалғасады.

 

Маржан ҚУАТҚЫЗЫ,

журналист