Елде онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған бірегей препараттар шығарыла бастады. Онкологиялық аурулардың алдын алуға көмектесетін дәрі-дәрмектер екінші жағынан импортқа тәуелділікті азайтады. Осы ретте ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығында былтыр ПЭТ және КТ диагностикасына арналған үш жаңа радиофармпрепарат шығарылғанын айта кеткеніміз жөн. Оның ішінде 18F-FLT сүт безі, өкпе қатерлі ісігі, меланома, лимфопролиферативтік ауруларды ерте диагностикалауға арналса, 18F-FET мидағы ісікті анықтайды. Ал 68Ga-FAPI радиофармпрепараты асқазан-ішек жолдарындағы, өкпе, бауырда пайда болған қатерлі өскінді ерте кезеңде анықтауға арналған.
Былтыр ядролық медицина орталығында сүйек метастазын емдеуге арналған «Самарий 153Sm-Оксабифор» радиоизотопы енгізілді. Орталық мұндай препараттарды ПЭТ, БФЭКТ, КТ секілді жоғары дәлдіктегі диагностикалық процедураларды жүргізу үшін қолданады. Жыл ішінде еліміздің әр аймағынан келген 11 мың пациент Ядролық медицина орталығында диагностикадан өтті.
Былтыр ПІБ медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жанынан «KazToxBase» деп аталатын алғашқы халықаралық тренинг орталығы, сондай-ақ токсикологиялық ақпарат орталығы ашылды. Олардың жұмысы қанатқақты жоба шеңберінде үйлестіріледі. Бұл елдегі медицина қызметкерлерінің химиялық улану мәселелері жөніндегі құзыретін арттыруға, оларды әлемдік тәжірибе мен халықаралық стандарттар бойынша оқытуға мүмкіндік береді. Келесі қадам – елде химиялық заттар туралы ақпаратты жинау мен талдаудың негізгі құралы болатын KAZTOX бірыңғай ұлттық деректер базасын құру, интеграциялау. Бұл шара өз кезегінде төтенше жағдайларға жедел ден қойып, медициналық мекемелер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы үйлесімді жақсартуға мүмкіндік береді.
Елімізде алғаш рет Даун синдромын ана қаны арқылы жүктіліктің 10-аптасынан бастап 99% дәлдікпен анықтауға болатын тест енгізілді. Мұндай тесті енді Президент Іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасында тапсыруға болады. Медорталық аурухана – ұрықтың хромосом ауытқуын ерте кезеңде анықтайтын инновациялық тестіні енгізген елдегі алғашқы аурухана. Зерттеу жүргізуге тек ананың қан үлгісі қажет. Сол себепті процедура қауіпсіз, инвазиялық араласуды қажет етпейді. Бұл ана қанындағы ұрықтың жасушадан тыс ДНҚ-сын талдау технологиясына негізделген. Әдіс Даун синдромын (трисомия 21) ғана емес, 18 (Эдвардс синдромы), 13 (Патау синдромы) трисомия сияқты басқа да хромосом ауытқуларды, сондай-ақ жыныстық хромосоммен байланысты бұзылыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тесті енгізу пренаталдық диагностиканы дамытуда өте маңызды. Тәсіл генетикалық ауруларды анықтау мүмкіндігін жақсартып қана қоймай, хромосомдық ауытқулармен байланысты ауыр жағдайлардың санын азайтады, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені төмендетіп, медициналық көмек сапасын арттырады.
Сонымен қатар Президенттің Іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасы мен Ұлттық госпиталі JCI (Joint Commission International) аккредиттеуінен төрт рет өткен елдегі жалғыз көпсалалы медициналық мекеме атанып отыр. Бұл да болса орталықтағы медициналық қызметтердің жоғары деңгейде, халықаралық сапа стандарттарына сай екенін дәлелдеп тұр. Ұлттық нейрохирургия орталығы сияқты басқа денсаулық сақтау мекемелері де төрт рет аккредиттелгенімен, олар медицинаның бір бағытына ғана маманданғанын ескеру қажет. Негізі қазір елдегі тоғыз медициналық ұйым денсаулық сақтау саласында сапа мен қауіпсіздіктің әлемдік стандарты саналатын Joint Commission International (JCI) аккредитациясына ие. Мұндай мекемелердің көбейгені әуелі пациенттердің сенімін арттырса, екіншіден, медициналық туризмді дамытуға ықпал етеді.
Тағы бір атап өтерлік жағымды жаңалық, ПІБ медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы биологиялық қауіпсіздік саласындағы референс-зертхана мәртебесін алды. Ондағы зертханалардың сынақ нәтижелерін ILAC (Зертханаларды аккредиттеу жөніндегі халықаралық қауымдастық) жүйесіне кіретін 112 ел мойындайды. Демек енді кәсіпкерлер экспортқа шығаратын өнімдерінің қауіпсіздігін халықаралық дәрежеде растау үшін шетел аспайды.
Елдегі ең ірі медициналық мекемелердің бірі саналатын ПІБ медициналық орталығында жыл ішінде іске асқан жұмыстардың ауқымы кең. Олардың бірқатарын жоғарыда атап өттік. Орталықтағы тәжірибелі әрі жоғары технологиялық құралдарды меңгерген дәрігерлердің табысын, жетістігін жеке-жеке айтып тауыса алмаспыз. Мүмкіндігі мол медициналық орталықтың ұжымынан биыл да денсаулық сақтау саласында ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар күтеміз.