Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) бағалауынша, 2024 жылы әуе тасымалының қауіпсіздігі кейінгі 5 жылдағы орташа деңгейден сәл жоғары. Дегенмен 2023 жылға қарағанда, былтыр апат саны өскен. Алдыңғы жылы әлемде 29 ұшақ апаты болса, былтыр мұның саны 42-ге жеткен.
IATA мәліметінше, әрбір миллион әуе рейсіндегі қайғылы жағдайлар коэффициенті орташа есеппен 1,21-ді құрайды, яғни бұл – 830 мың ұшақтың (немесе ұшудың) біреуі құлайды деген сөз. Жыл сайын жолаушылар ұшақтары шамамен 40 миллион рет көкке көтеріледі. Соның ішінде былтырғы 42 апат аз ба, көп пе? Басқаша айтқанда, бір адам әуе апатына түсу үшін кемінде 25,2 мың жыл бойы күн сайын ұшаққа отыруы керек екен.
Мамандар салыстырмалы түрде алғанда, ұшақтың автокөлікке қарағанда әлдеқайда қауіпсіз екенін айтады. Жалпы, қазіргі таңда әлем бойынша ұшақтар күн сайын 120 мың рейс жасап, 12 млн-дай адамды тасымалдайды. Яғни әр ұшақта орта есеппен 100 жолаушыдан болады деген сөз. Біз жоғарыда жылына 30-40 ұшақ құлайтынын айттық. Сол апаттарда жыл сайын әлем бойынша мыңға жетер-жетпес адам қаза табады екен.
Ал ІІМ-нің мәліметінше, бір жылдың ішінде біздің елімізде көлік апатынан 2,5-3 мың адам дүние салады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл жыл сайын кемінде 25-30 ұшақ құлағанмен парапар!
Тағы бір мәселе – Ақтаудағы апаттан кейін жұрт арасында ұшақтың артқы бөлігі қауіпсіз деген пікір қалыптасқаны белгілі. Шын мәнінде солай ма? 2012 жылы АҚШ пен Ұлыбританияның бірнеше телеарнасы қашықтан басқарылатын «Boeing 727» ұшағын Сонора шөліндегі кеуіп қалған көлдің орнына құлатып, оның қай бөлігі қауіпсіз екенін арнайы тексерістен өткізген еді. Сонда ұшақ салонының артқы жағында отырғызылған манекендердің мүлдем зақым алмағанына көздері жеткен.
Дегенмен мамандар әр апаттың өз ерекшелігі болатынын ескертеді. Егер ұшақ құлаған кезде құйрық жағы жерге бірінші соғылса, артындағы адамдар көбірек зақым алуы мүмкін. Сондай-ақ апат кезінде ұшақ өртке оранса, жолаушылардың тірі қалу мүмкіндігі әлдеқайда азаяды.
Тағы бір мысалға назар салсақ, әлемдік авиация тарихында қаза тапқан адамдар саны жағынан ең үлкен әуе апаты 1985 жылы Жапонияда болған. Токиодан ұшып шыққан «Boeing 747» ұшағы көп өтпей тауға соғылып, ішіндегі 524 адамның төртеуі ғана тірі қалған еді. Бір қызығы, олардың бәрі де ұшақтың ең артқы бөлігінде отырған болып шықты. Бұл деректер шын мәнінде ұшақ салонының артқы бөлігі қауіпсіз екенін көрсетсе керек.
Статистика мәліметтері әуе апаттарына негізінен адами фактор себеп болатынын айтады. Дегенмен кейінгі 10 жылда ең көп адам қазасы тіркелген ұшақ апаттары жердегі әуе қорғанысы күштерінің атып түсіруі салдарынан болған. Мәселен, 2014 жылы Донбасс аспанында 298 жолаушысы бар малайзиялық Boeing ұшағын ресейлік «Бук» зымыран-зениттік кешені атып құлатты деп мәлімделсе, 2020 жылы Иранның әуе күштері Украинаның жолаушылар ұшағын америкалық зымыран деп қателесіп атып түсіргені белгілі. Ақтау маңында құлаған әзербайжандық ұшаққа да Грозный аспанында оқ жарықшақтары тигені айтылып жатыр. Дегенмен апаттың ақ-қарасы «қара жәшікті» тексеру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін нақты белгілі болмақ...