Қаржы • Бүгін, 09:20

Балаға арналған қаржы

39 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Су жаңа жылдың тұңғыш әрі бірегей жаңалығы – «Келешек» жобасының іске қосылуы. Мұны Мем­лекет басшысының өзі «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заңға қол қойып, растады. Жүйеге 5-18 жас аралығындағы балалар қатысады.

Балаға арналған қаржы

Бұл өзі не жүйе? Тәртібі қан­­дай? Қысқа-нұсқа таныс­ты­райық.

Әуелі мемлекеттен бас­тапқы білім беру капиталы (ББК) ретінде 235 920 (60 АЕК) тең­ге біржолғы төлем түседі. Әлеу­меттік осал топ балалары­на 471 840 теңге есептеледі. Бірақ шот бала 5 жас­та кезінде (6 жас­қа толып кетпей тұрып) ашы­луы керек. Сонымен қатар қол­да­ныстағы білім беру жи­нақтаушы сақтандыру шарты­ның болуы да ескеріледі. Бала 18 жасқа толған соң жинақ жүйесіндегі сақтандыру компаниясынан жинақталған қаражат пен Ұлттық қорда жинақталған барлық жинақты біріктіріп, таңдаған жоғары оқу орнының оқу ақысын төлей алады.

Жүйеге қатысу үшін екінші деңгейлі банк пен сақтандыру компаниясына барып, білім беру жинақтаушы сақтанды­ру шартын жасасу қажет. Бұл ретте ата-ана жи­нағынан бөлек, мемлекет­тен жыл сайынғы сый­а­қы және сақтандыру ұйымы­нан кепіл­дендірілген инвести­циялық кіріс есептеледі. Шарт жасасу үшін ата-ананың жеке басын куә­ландыратын құжат және баланың туу туралы куәлігі ұсынылады. Ескеретін жайт – мақаланың басында айтылған мемлекеттік бастапқы білім беру капиталы тек ақша салынып отырған және 2025 жылы 5 жасқа толған балалардың есепшотына түседі. Ал есепшотқа жыл сайын ата-ана тарапынан ең кемі 94 368 теңге (24 АЕК) түсуге тиіс. Егер жыл сайын толтырылмаса, мемлекет қаржыны қайтарып алады. Сондай-ақ бала азаматтығын ауыстырса немесе басқа елге қоныс аударса да қаражат кері қайтарылады.

Жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы мөлшерлемесі – 5%. Халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін – 7%. Жүйенің негізгі мақсаты – әртүрлі көзден (ата-ана, сақтан­дыру компаниясы, мемлекет) түсетін қаражатты бірыңғай жинақ­таушы жүйесіне жинақтау және әр бала жоғары оқу орнына түсу жасына қарай жоғары білім алуды қолжетімді ету.

«Келешек» салымдары бо­йын­ша екінші деңгейлі банк­­тер 11%-дан төмен емес мөл­шерлемемен сыйақы беруге тиіс. Егер бала грантқа оқуға түссе онда жиналған қаржыны екінші жоғары білім алу; баспана сатып алу немесе жөндеу; қаржыны ҚР үшінші тұлғасына аудару; жинақтауды жалғастыру; ақ­шаны шешіп алу (білімі туралы құжатты ұсына отырып) мақ­сатын­да жаратуға құқылы.

Бағдарлама 2025 жылдың 1 нау­рызында іске қосылады.