Саясат • Бүгін, 09:35

Сенімді дамуға бағытталған бетбұрыс

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Инвестициялық штаб отырысында негізгі кәсіпорын­дарды жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инновациялық өндірістерді дамытуға бағытталған инвестициялар туралы келісімдердің негізгі талаптары қаралып, мақұлданды.

Сенімді дамуға бағытталған бетбұрыс

Сурет: primeminister.kz

Жиын барысында «Qarmet» АҚ-мен Инвестициялар туралы келісім мақұлданғаны мәлім болды. 2024 жылы компания өзінің инвестициялық міндеттемелерін орындау шеңберінде жоғары қайта бөлу кластерлерін құру үшін зауытты жаңғыртуға және инфрақұрылымды дамытуға 1,3 млрд доллар инвестициялады. Бұл ретте ұзақмерзімді стратегия шеңберінде кәсіпорын 2028 жылдың соңына дейін инвестициялық жобаларды іске асыруға 3,5 млрд доллар бағыттауды жоспарлап отыр. «Qarmet» АҚ зауытын жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды қадам болмақ.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС бағдарланған жоңқа және ламинатталған ағаш-жоңқа тақталарын шығаратын зауыт салу бойынша инвестициялар туралы келісім жасасу мақұлданды. Жобаны іске асыру өңдеу өнеркәсібін дамытудың мультипликативтік әсерін тудырады және экономикаға шамамен 82 млрд теңге инвестиция әкеледі.

Сондай-ақ Түркістан облысындағы Өгем өзенінде су электр стансалары каскады бар су құбырын салу жобасы мақұлданды. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 190 млрд теңгені құрайды. Жобаның мақсаты – Түркістан облысының 1 млн-ға жуық тұрғынын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Жоба сонымен қатар өңірдегі электр энергиясының тапшылығын жабуға, санитарлық-гигиеналық жағдайларды және жергілікті халықтың жалпы өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Бастамалар заманауи технологияларды енгізуге, жоғары ақы төленетін жұмыс орындарын құруға және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің сенімді дамуын көрсетеді.