Жеңіс оңай келген жоқ. Жеңіс аға ұрпақтың ержүрек батырлығымен, ерлік жігерімен келді. Жеңіс тылда еңбек еткен әрбір азаматтың маңдай терімен келді. Жыл өткен сайын кешегі соғыс зардабы алыстағанымен, сол бір сұрапыл жылдар халық жадында мәңгілік сақталып қалмақ. Өйткені, елімізде соғыс оты айналып өтпеген отбасы жоқ десе де болады.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 253 соғыс ардагері мен 12 соғыс жесірі, 2334 теңестірілгендер және 8311 тыл еңбеккері тұрады. Ал Жеңістің 70 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қамқорлық және денсаулық» атты автокеруен жолға шықты. Басты мақсат – «Жеңіске тағзым!» атты акция аясында жанқиярлық ерліктерімен Жеңіске үлес қосқан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құрметтеу, хал-жағдайларын біліп, денсаулығына көңіл бөлу. Әрбір соғыс және тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, оларға кешенді түрде медициналық көмек көрсету, шипажай, емдеу орындарына жолдамалар беру, тұрғын үйлерін жөндеу жұмыстарына қатысты өзекті жағдайларды анықтау. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда ауруханада емдеу.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
15 жасында мұғалім болған...
Біз балалығымызды ересектікке айырбастадық, дейді қарт ұстаз,
Өзек өртер өкініш
Ел газеті «Егемен Қазақстанның» биылғы жылғы №1 санында 1943 жылғы ақпанда Сталинград қаласындағы трактор зауытын қайта қалпына келтіру жұмысына республикамыздан 88 қазақ қызы аттанғаны жазылған еді. «Жеңіс жаңғырықтары» атты бұл мақалаға орай осы 88 қыздың бірі, бүгінде Алматы облысы, Көксу ауданы, Балпық би ауылында тұратын Жанархан Диқанбаева апайдың балалары бірден редакцияға телефон соғып, хабарласқан соң біз кейуананың үйіне бардық.
«Әке-шешемнен ерте айырылып, ағайымның қолында өстім. 1943 жылдың көктемінде 16 жасқа толғанымда Жаркент өңіріндегі Еңбекші кеңшарынан бірнеше қызбен бірге Көктал аудандық комиссариатына шақыртылдым. Бірден тізімдеп, сол күні Сарыөзек стансасынан пойызға отырғызып, Ресейдің Кемеров облысы, Старокузнецк қаласына ФЗО-ға оқуға алып кетті. Маған сол жерде сылақшының оқуын оқытып, үйретті. Не керек, темірден шеге кестіріп, сылақ сылатып мамандығымызға әбден машықтандырған соң, эшелонға тиеп, Сталинград қаласына апарды. Сталинградтың іші астан-кестеңі шығып, бомба түскен жерлер опырылып шұңқыр болып, күл-қоқыс таудай үйіліп жатыр екен. Бізді қала шетіндегі Красноармейск зауытының орнын тазалауға апарды. Құлаған ғимараттың кірпішін іріктеп, өзге қоқысын бөлек сұрыптап жүріп арасынан адам сүйегін де ұшыраттық. Есіміз шыға қорқып, көз жасымызға ие болмаған кездеріміз қаншама. Тапсырма бойынша мәйіттердің жан қалталарынан құжаттарын шығарып алып, тиісті орынға өткіземіз. Сол қиындыққа шыдамай және шошынып қаншама қыз қыршынынан қиылды. Әйтеуір Құдай сақтап ажалдан аман қалдық.
1946 жылы менімен бірге барған қыздарды елге қайтарды. Іздеушім жоқ болғандықтан, мені Мариуполь қаласындағы Азовстальстрой тресінің орнын тазалауға жіберді. Сол қалада 1946-1950 жылдары қара жұмыс істеп күнелтіп жүріп, тағдырдың жазуымен 1949 жылы әскери міндетін өтеп жүрген қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол неміс тұтқындарын күзететін. 1950 жылы жұбайым қызмет бабымен Красноярск өлкесіне ауыстырылды. Көп кешікпей сол жерден елге оралдық. Қайтар жолда құжаттарымды ұрлатып алдым. Қазір сол құжаттарымның жоқ болғандығынан, соғыс ардагерлеріне теңестірілу құқығынан да айырылғанмын», – деді Жанархан Диқанбаева.
Негізі, Сталинград қаласындағы «Азовстрой» зауытының бастығына сол қаладағы №1 лагерь бөлімі бастығының «Красноярскіге қызметі ауыстырылған ішкі әскер саласының жұмыскері Кенжебек Диқанбаевтың әйелі, яғни сізде дайындаушы болып жұмыс істейтін Евгения (Жанархан-Женя-Евгения) Копаеваның еңбекақысын 28.Х. 1950 жылдан қалдырмай есептеп беруіңізді сұраймын», деп жазған тілдей қағаз қолда бар. Сондай-ақ, Жданов қалалық АХАЖ бөлімінен Кенжебек Диқанбаев пен Жанархан Копаеваға 1957 жылдың 26 наурызында №069882 неке туралы куәлік жазылып, әйеліне ерінің тегі берілген. Балалары ержетіп, анасы туралы қандай да бір дерек табылып қалар ма деген үмітпен Ресей қалаларының мұрағаттары мен зауыттарына сұраулы хаттарды жазғанымен, тек шығарыпсалма жауаптар ғана келіпті.
Жанархан Диқанбаева елге оралған соң 1953-1978 жылдары Алакөл ауданындағы Бірлік және Октябрдің 40 жылдығы ауылдарында бастауыш мектептерде еден жуушы болып жұмыс істеген. 1978 жылы «Еңбек ардагері», 2010 жылы «1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Бар болғаны сол.
Сөйтіп, тағдыр тәлкегіне түскен жан еріксіз жат жерге жіберіліп, қабырғасын қайыстыра қара жұмыс істегенімен, өкініштісі сол, еңбегін растайтын еш құжаты жоқ. Еңбек майданында қалаларды тездетіп қалпына келтіруге шөкімдей болса да септігі тигенімен, Жеңіс күні мерекесінде бір ауыз жылы сөз, құттықтау ести алмайтыны өкінішті, әрине.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Көксу ауданы,
Балпық би ауылы.
Фотогалерея жасалады
Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық әскери бөлімдерінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен олардың әскери қызметші немерелерінің фотогалереясы жасалады.
Оған қоса «Мәңгі есімізде» – «Память вечна» атты акция басталды. Аталған акция соғыстың бар сұмдығын өз көздерімен көрген және сол жылдардың оқиғаларын аға ұрпақтың әңгімелерінен естіп, білген қазақстандық бірнеше буынның басын қосады.
Еліміз Қарулы Күштерінде Жеңістің 70 жылдығына орай Қарулы Күштердің – өңірлік қолбасшылықтарының әскери қызметшілері мен олардың отбасыларындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суреттері басып шығарылған фотогалерея жасалады. Аталған суреттер арнайы баннерлерге басылып, әскери бөлімдерде орнатылатын болады.
Фотогалереяға майданда қаза тапқан, соғыстан кейінгі уақытта қайтыс болған, қазір арамызда жүрген ардагерлердің де суреттерін ұсынуға болады. Ардагердің суреті түрлі-түсті немесе ақ-қара, мүмкіндігінше жақсы сапада, 1930-жылдардан бүгінгі таңға дейінгі аралықта түсірілген болуы тиіс.
Аталған баннерлер ардагерлер мен қазіргі әскери қызметшілердің фотогалереясынан тұратын мозаика түрінде ресімделеді. Әрбір суреттің астында ардагер мен әскери қызметшінің аты-жөні жазылады.
Дайындалған баннер Астана қаласында әскери қызметшілердің қатысуымен салтанатты түрде назарға ұсынылады. Аталған іс-шара Отан қорғаушылар алаңында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімімен бірге өтеді. Баннерлердің ресми тұсаукесерінен кейін олардың көшірмелері әскери бөлімдерге жіберілетін болады.
«Егемен-ақпарат».