Қоғам • 15 Қаңтар, 2025

Қатерлі дерт: балалар суицидімен қалай күресеміз

202 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде «суицид» деп аталатын қауіпті феномен қорқынышты деңгейіне жетті. Өкінішке қарай, мұндай қадамға баратындардың көпшілігі - 18-ге толмаған жастар. Бұл  деректердің  ар жағында қаншама адам тағдыры, отбасы қайғысы, елдің болашағы сияқты мәселелер тұр. Сондықтан осындай теріс оқиғалардың себептерін зерттеп, салдарының алдын алу міндеті күн тәртібінен түспей келеді.

Қатерлі дерт: балалар суицидімен қалай күресеміз

Коллаж: Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсаудың себептері адамның өмірдің мәнін жоғалтуына байланысты деп санайды. Жан-дүние құлазып, кеудесі бос қалғандай аңырып қалған адам үрей мен өзін-өзі кіналауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі. Осындай түпсіз терең шыңыраудан шығудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, жаңылыс қадамға баратындар жиі кездеседі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, өзіне-өзі қол жұмсау фактілері тұрғысынан Қазақстан әлем бойынша алдыңғы қатардан көрінген. Соның ішінде бұл «дерт» жасөспірімдер арасында жиі тарап жүр. Ал статистикалық мәліметтерде көрсетілетін сандар жыл сайын тек өсіп келеді.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сәйкес, Қазақстандағы өңірлер бойынша суицидтік жағдай Жамбыл облысында 3-тен 13-ке дейін, Алматыда 12-ден 16-ға дейін, Қостанайда 6-дан 8-ге дейін, Солтүстік Қазақстанда 2-ден 5-ке дейін өскен. Түркістан облысында да суицидке қатысты 36 оқиға тіркелген. Дәл осындай жағдай Ақтөбеде 16-дан 18-ге дейін, Атырау облысында 8-ден 14-ке дейін артқан.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі қоғам назарынан тыс қалмауы керек. Мәселен, 2024 жылғы статистикалық деректер бойынша балалар арасындағы суицидтің орташа межесі 15-17 жасты құраған екен. Бұл қатарға 11-13 жасқа жеткен жасөспірімдер де кіріп жатқаны алаңдатып отыр.

Балалар психологы Данияр Аренов Massaget.kz-ке берген сұхбатында көп жағдайда жасөспірім өмірінде болып жатқан ауыр жағдайдың шешімі жоқ деп ойлап, суицидке баратынын алға тартты.

«Мәселен, бала мектепке барады, сыныптастарының тарапынан буллингке тап болады. Ол бұдан құтылудың жолын іздеп, мектептегі мұғалімдерге жүгінеді, ал олар мәселені шешпейді, мән бермейді. Кейде тіпті «өзің кінәлісің» деп айтып жатады. Сонымен бала ешкімнен көмек сұрай алмай, тұйықталып қалады»,  дейді маман.

Одан бөлек, баланың қиындыққа шыдай алмай, суицид жасауға қадам басуы оның жүйке жүйесіне де байланысты болады. Психолог жүйке жүйесін «әлсіз» және «күшті» деп екіге бөлді. Жүйке жүйесі күшті бала буллингке төтеп бере алады, бүлік шығарады, ал әлсіз бала бәріне төзіп жүре береді, ақырында өмірден өтуге бел буады.

Данияр Аренов суицид жасауды жоспарлап жүрген жасөспірімнің бойынан бірнеше белгі байқалатынын алға тартты. Мысалы бала жабырқап жүреді, айналасына мән бермейді, бұған дейін қызыққан дүниелеріне назар аударуды доғарады, киімі мен сырт келбетіне қарамай кетуі мүмкін, көңіл-қошы мүлде болмайды.

«Ондай баланың бойынан түрлі белгілерді байқауға болады. Ата-ана баласынан біртүрлі қылықтарды байқаса, не болғанын анықтау үшін тікелей сұрау қажет. Ол сізбен бөліспеген жағдайда оның ғаламтордан не оқып, не іздеп жүргенін тексеруге болады. Ол үшін веб-браузердің тарихына көз жүгіртсе де болады. Кейде бала ата-анасына айтуға қорқатын бір жағдайға тап болуы да мүмкін. Яғни ұтыс тігіп, ақшасынан айырылып, оған қоса қарызданған болуы ықтимал, салдарынан бала мазасызданады, бұл да бірден байқалады. Ал егер бала буллингке тап болса, ол міндетті түрде байқалады. Бұндай белгілерді байқамау мүмкін емес. Балаларына қажетті мөлшерде көңіл бөлмейтін, балаларын дұрыс білмейтін ата-аналар да кездеседі, бұл да алаңдатарлық мәселе», деді балалар психологы.

Өтпелі кезеңде кез келген жасөспірім тұйық болып қалатыны рас. Данияр Ареновтің сөзінше, ата-ана перзентінің бойындағы өзгерістерді қабылдап, қауіпке алаңдамауы үшін арада «ашық сенім терезесін» құрғаны жөн. Осындай жағдайда бала еркін өмір сүреді, ал ата-ана өз кезегінде баласына қажет кезде қорған бола алады. 

«Қазақ отбасыларында ата-ана мен баланың қарым-қатынасы қандай? Ата-ана жұмыстан келіп, балаларынан «Сабағыңды оқыдың ба? Бағаларың жақсы ма? Кітап оқыдың ба? Үйді жинадың ба?» деп сұрайды, бірақ бұл тек іскерлік қарым-қатынас. Екі жақ мүлде әңгімелеспейді», деді ол.

Осы тұста психолог өтпелі кезеңдегі баламен қалай қарым-қатынас орнату керек екенін айтты.

«Мысалы, егер бала сізге келіп, мектепте сыныптасымен сөзге келіп қалғанын айтқанда, сіз оған «әрине, сен ешкіммен араласпайсың, үнемі үйде отырасың, смартфон қарап жатудан басқа ешнәрсе білмейсің» деп айтсаңыз, бала екінші рет сізге өміріндегі оқиғаны айтпайтын болады. Ал керісінше, бала сізге алаңдатқан мәселесін айтса, сіз «Неліктен бұлай болды? Бұған не себеп болды деп ойлайсың?» деп сұрасаңыз, ол сізге одан әрі ашылады. Бала ата-анасымен әңгімелесуге болатынын, олардың тыңдай алатынын түсінеді. Осылай бала мен ата-ананың арасында сенімді қарым-қатынас орнаған кезде бала басына қандай іс туса да бірінші кезекте ата-анасынан көмек, ақыл сұрайды», деп түсіндірді ол.

Бүгінде суицидтік мінез-құлық және қауіп факторлары бойынша зерттеулердің саны артып келеді. Өз-өзіне қол жұмсау деңгейі жоғары бірқатар елде бұл жаһандық қауіпті төмендетуде тиімді алдын алу бағдарламалары табысты нәтиже көрсетіп жатыр. Елімізде суицидтің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар тиімді болып, болашақ ұрпақтың, жастардың сана-сезіміне оң үлес қосса игі болар еді.

 

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше