
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Кітап соңындағы түсініктемеде мәтінді ертеректе Садық Қасиманов Абай елінің тұрғыны Қорымжан Жігітековтің аузынан жазып алған делініпті. Қорымжан ұлы ақынның атшысы екен. Бірақ туыстық жағынан Базарәліге жақын. Сол жылдары Абай мен Базарәлі арасында түсініспеушілік туып, тобықты жұрты екіұдай күйге түседі.
Бір күні Базарәлі шонжар руласы Қорымжанға сәлем айтады. «Менің сүйегімді жасытып, туысымды қорлап, Абайдың қорасының шетінде отырмасын, көшіп келсін. Егер де жаумен бірге жау болам десе, отырсын. Онда тірі болам деп ойламасын!» депті.
Бұл хабарды естіген Қорымжан бір жағынан Базарәліден қорқып, екінші жақтан ағайынға шет болмайын деп, Абай бір жаққа кете қалған сәтті пайдаланып, бір түнде қашып көшеді.
Қорымжан бұдан бұрын ауылдасы Ақберді дегеннің бір атын сұрап мініп, онымен тоқтамай шауып, ақыры әбден болдыртып, өлтіріп алған екен. Яғни Ақбердіге бір ат қарыз. Қорекең кетерінде артымда сөз қалмасын деп оған астындағы атын беріп кетеді. Бірақ асығып жүріп «атымның құнын алдым» деп, қолхат алуды ұмытады.
Арада тағы бір жыл өтеді. Екі ауыл арасында араздық тіпті өрши түседі. «Бұл оқиғаның дәл ортасында жүрдім. Тіпті Абайға қолымнан келер қастығымды аямадым», деген екен Қорымжан. Ақырында Базарәлі айдалып кетеді.
Тағы бірер жыл өткен соң, тобықты елінде сиез ашылады. Ол тұс – ел ішіндегі билер беделі әлі жойылмаған заман. Қара халық бір-бірінен көрген қорлық-зорлығын ортаға тастап, кесім тыңдап, жұрт абыр-сабыр. Жиынның бас алқасы – Абай. Маңайына жұрт жақсыларын жинап, дүкен құрып отыр.
Бір заманда Қорымжанға «Билер шақырып жатыр, үстіңнен арыз түсті» деген хабар жетеді. Барса, шарт жүгініп Ақберді отыр. «Не болды?». «Сен атымды өлтіріп, құнын төлемей кеткенсің». Қорымжанда өзін ақтап алатын дәлел жоқ. Кезінде қолхат алмаған. Жыпылықтап Абайға қарайды.
Қорымжан кетерінде аттың құнын төлегенін Абай біледі екен. Ақбердіге «Ұятың қайда?» деп ұрсып дауды тоқтатады да, аздан соң қолына қағаз-қалам алып бірдеңе жазады. Ол екі шумақ өлең екен. Көпшілікке оқып береді.
Құйрығы – шаян, беті – адам,
Байқамай сенбе құрбыға.
Сырты – жылмаң, іші – арам,
Кез болар қайда сорлыға, –
деп бір тоқтайды да, Қорымжанға қарап:
Досыңа достық – қарыз біл,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі – өкініш,
Ойланып алмақ сабыр сол, – депті.