
Фристайл-могулдан сынға түскен саңлақ іріктеу кезеңінде 77,19 ұпаймен көш басына шыққан. Аяулым Әміренова 3-сатыға орнықты. Финалдық бәсекедегі мүмкіндігінде де Анастасия Городко өзінің тегеурінді екенін танытып, 79,79 ұпай олжалап көш бастады. Күміс медаль 76,29 ұпай иеленген жапон қызы Харуко Накаоға, қола медаль 75,05 ұпай жиған неміс қызы Ханна Уиске бұйырды. Өкінішке қарай іріктеу кезінде сәтті өнер көрсеткен Аяулым қорытындыда 5-орынды місе тұтты.
Анастасия жуырда ғана «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да топ жарған болатын. «Жаһандық жарыстан кейінгі қысқа уақыт ішінде қайта күш жинап, бабыма ендім. Универсиада ойындарынан медаль олжаласам деп келдім, жекелей сында мақсатыма жеттім, алда – жұптық сайыс, сол додада да Әнұранымызды шырқатсам деймін. Туриндегі тау сілеміндегі жарыс жолы өте жайлы, қолайлы болды. Алдағы әлем кубогінің кезеңінде, АҚШ-та, Канадада өтетін ғаламдық сайыста да жеңіске жеткім келеді. Келесі жылы осы Италия елі қысқы Олимпиада додасын өткізеді, сол төртжылдық аламанында да чемпион атанғым келеді», деді А.Городко.
Қысқы Универсиада додасында 57 елден 2000-ға тарта студент спортшылар бақ сынап жатыр. Олар 11 спорт түрінен 96 медаль жиынтығын бөліске салады. Турин топырағындағы қысқы спорт додасы 23 қаңтарда мәресіне жетеді.
Қысқы Универсиаданың кезекті медальдарын еншімізге шаңғышылар Денис Зинов пен Роман Құрбанов салды. Парашаңғышылар арасында 10 шақырымға жарысуда жерлестерімізге күміс пен қола медаль бұйырды. Денис қысқы Универсиаданың күміс, Роман қола жүлдегері атанды.
Туриндегі тартыста хоккейден ерлер командасы бірінші ойында Швеция хоккейшілерін 9:2 есебімен ойсырата ұтқан еді. Іріктеу кезеңіндегі екінші айқасты Оңтүстік Корея командасына қарсы өткізіп, 7:1 нәтижесімен айқын ұтты. А тобында тартысқа түсіп жатқан жігіттер енді Канада хоккейшілеріне қарсы айдынға шығады.
Өкінішке қарай, қыздар командасы жеңілістен көз ашар емес. Іріктеу кезеңінде алдымен Жапония қыздарына 10:0 есебімен жол берсе, екінші айналымда Чехия командасына 1:11 есебімен ойсырай жеңілді.