Білім • Бүгін, 08:55

Биыл білім саласын не күтіп тұр?

14 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы жыл оқыту жүйесінде «Білімді ұлт» ұлттық жобасының тәмамдалаты­ны­мен маңызды болғалы тұр. Аталған жобаны 2021–2025 жылдары барлық деңгейде (мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық, жоғары, қосымша және инклюзивті білім) сапасын арттыруды көздейтін ауқымды жоспарлар жиынтығы деуге келер. Саланы алда не күтіп тұрғанын сол «Білімді ұлт» жобасынан болжауға болатындай. Осыдан өзге қандай мақсат, нендей меже көзделген? Діттеген мұратқа жеткізетін нақты міндеттер қайсы? Бағамдап көрейік.

Биыл білім саласын не күтіп тұр?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Балабақшалар лицензияланады

«Білімді ұлт» ұлттық жобасындағы бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «қаражат балаға» қағи­даты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады. Нәтижесінде, биыл 2 жас­тан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды 95%-ға, 3 жас­тан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, осы жылы бірқатар меже белгі­ленген. Атап айтқанда, барлық өңірде «Ақша – балаға» қағидатымен жолдамаларды есепке алудың, берудің, кезекке қоюдың бірыңғай базасын енгізу, мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісін 388 бірлікке дейін кеңейту, 260 мемлекеттік балабақшаны жаңарту, «Тілге бойлау» қазақ тіліне ену жобасымен 500 мың баланы қамту, сонымен қатар балабақшалардың қызметін лицензиялауды енгізу көзделген.

 

1300 ауыл мектебі жаңарады

Сапалы білім беруге бағыт­тал­ған «Білімді ұлт» ұлт­тық жо­­басының екінші міндеті – орта білімнің сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қала­лық және ауылдық мектеп­тер арасындағы оқыту сапа­сы­­ның алшақтығын азайтуға (PISA) негіз­делген. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданбақ.

Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қам­та­масыз ету. Оқушы орын­дары­ның тапшылығын қысқарту үшін биыл 1000 мектеп салу жос­пар­лан­ған. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесін 0,1%-ға дейін қысқарту көзделген. Аталған ұлттық жоба негізінде осы жылы шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасау қарастырылған.

Министрліктің бізге берген ақпаратына қарағанда, жоға­ры­дағы міндеттерге қоса 2025 жылы 329 мың оқушыға жаңа орын ашу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ар­найы психологиялық-педаго­гикалық қолдаумен және ерте түзетумен 100% қамту, мектептерде интернет жылдамдығын 100%-ға арттыру, қосымша білім­мен қамтуды 90-ға дейін ұл­ғайту, 1000 заманауи физика, химия, биология, роботтехника, STEAM пәндік кабинеттерін сатып алу жоспарланған. Сон­дай-ақ 1300 ауыл мектебін жа­ңар­ту жобасы да биыл бас­талады.

 

Жұмысшы мамандықтары жылы

Қолжетімді, сапалы техника­лық және кәсіптік біліммен қам­та­масыз ету «Білімді ұлт» ұлттық жобасының төртінші міндеті саналады. Осы жылы жастардың 100%-ы қажетті ма­мандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім­мен қамта­ма­сыз етіледі. Бұл 9 сыныпты бітірушілерге қатысты бол­мақ. Бүгінде тех­­никалық және кәсіптік біліммен қамту көр­сет­кіші 90%-ды құрайды. Осы оқу жылында мемлекеттік тап­сырысқа 143 мың студент қабыл­данды. Қамтуды ұлғайту нәти­же­сінде NEET санатындағы жас­тар үлесін төмендету жоспар­­ланған.

Білім жүйесінің бұл бағы­тын­да биыл айтулы жыл болатын секілді. Себебі бұған дейін де айтылғандай, биыл Пре­зиденттің бастамасымен Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Осыған орай министрлік осы жылы тех­никалық және кәсіптік бі­лімге қарастырылатын мақ­сат­ты тапсырысты 10 мың орынға ұлғайтпақ. Қазір 30 мың студент түлектердің тәжіри­бе жинау мен жұмысқа орналасуын ұйымдастыратын кәсіп­орын­дардың өтінімдері бо­­йын­ша оқиды. Биыл олардың жалпы саны 40 мың адамға дейін артады. Сонымен қатар Үкі­­­­мет мемлекеттік білім беру тапсы­ры­сының құнын 2 есеге арттыруды, шағын бизнес қаражаты есебінен 120 колледждің мате­риал­дық-техникалық базасын жарақтандыру және нығайтуды, колледж базасында 50 шағын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Қазір колледждерде студенттер практикадан өтетін 40 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Келесі жылы тағы 10 шағын кә­сіп­орын ашылады.

Негізі Жұмысшы маман­дық­тары жылындағы мін­деттер межесі мұнымен бітпек емес. Өйткені жұмысшы мамандарды колледж­дер дайын­дай­тын­дық­тан, дәл осы техникалық және кәсіптік білім саласына салмақ түскелі тұр. Оқу-ағарту ми­нистрлігі жұмысшы маман­дық­тарының беделін арттыруды, «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидаты бойынша еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеуді мақсат етіп отыр. Бұл ретте белсенді кәсіптік бағдар беру жұмысын, жұмысшы кадр­ларды даярлау ісін жетілдіру, техникалық және кәсіптік білім­нің тартымдылығын арттыру, жұмыс берушілердің жұмысшы кадрларды даярлауға және қол­дауға қатысуын кеңейту, жұ­мыс­шы кәсіптерінің имиджін ілгері­лету, жұмысшылардың құқық­тарын қорғауды күшей­ту, жұмысшы жастардың әлеу­меттік белсенділігін арттыру міндеті тұр. Бұл бастамалар еңбекке деген құрметті қалып­тас­тыруға, жоғары білікті кадр­лар даярлауға, ел экономикасын дамытудағы жұмысшы ма­ман­­дықтарының рөлін нығай­туға бағытталмақ.