18 Маусым, 2015

Аудандық аурухана cуға кетейін деп тұр

303 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Біз жақында аудан орталығы – Көктөбе ауылына барып қайттық. Мұндағы мақсатымыз аудандық аурухананың төменгі қабатына су толып кетуіне орай түскен хабарға байланысты осы жайды өз көзімізбен көру еді. Жалпы, бұл аурухана 2009 жылдың 16 желтоқсанында елімізде қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бо­йынша жаңадан салынып, тапсырылған болатын. Жобасы өте ауқымды, екі ауданның халқына қызмет жасайтындай-ақ аурухана құрылысы сол кезде-ақ таңқаларлық еді. Үнемдеу, шақтау, ауданда тұратын халық санына орай құрылыс жобасын жасамағандар «асыра сілтеп», әрі тарт, бері тартпен әйтеуір, зәулім аурухана үйін тұрғызып беріп кетті. Сол кездің өзінде ескі аурухана басшылығы жаңа аурухана салынатын орынның жерін әбден тексеріп, гидрогеологиялық барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізіп барып құрылыс бастауларын өтінген. Құрылысты Ж.Оздоев басқаратын «Ақмола-Қапшағайқұрылыс» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Ырың-жырыңмен басталған құрылыс бірде тоқтап, бірде жылжып, ақыры берілген еді. Өкінішке орай, «Ақмола-Қапшағайқұрылыс» ЖШС-ның қайда кеткенін бүгінде ешкім білмейді, ал, олар тұрғызған аудандық аурухана қазір су астында қалды. Мәселенің мәнісіне келсек, ауруха­на­ның төменгі жерасты қаба­тындағы кәріз жүйелері суды толықтай жинап шығара алмайды. Төменгі қабатқа ауа бармайды. Аурухана салынған Ертіс өзенінің жағасы сазды-батпақты жер болғандықтан көктемде жерасты суы көтеріледі. Бұл жайды «Іргетас ПВ» ЖШС-нің тәуелсіз сараптамасы да қорытындылап берді. Біз де төменгі қабаттарға түсіп көрдік, су деңгейінің қаншалықты көтерілгенін сылақтары түскен аурухана қабырғаларынан-ақ көрініп тұр. Түгел аралап шығу мүмкін емес, өйткені, төменгі жертөле ішін су басып кетіпті. Бұған дейін келгенімізде, тіпті, 2010 жылдың соңына қарай аурухананың ішкі шаруашылық жұмыстарына арналған бөлмелерінде қабырғалардың жарыла бастағанын жаздық. Ал тәуелсіз тексерулер нәтижесінде құрылыстық ережелер өрескел бұзылғаны анықталған. Жалпы, аудандық аурухана құрылысына тапсырыс берген облыстық құрылыс басқармасы болғандықтан, бара-бара салған құрылыстары апатты жағдайға әкелуінен сескенген басқарма «Ақмола Қапшағайқұрылыс» ЖШС мердігер компаниясын сотқа да берді. Соттың барысында аудандық аурухана құрылысында іргетас топырағы қолайсыз жерге тұрғызылған, соның салдарынан қабырғаларда, олардың біріккен аралықтарында бұзылулар, жарылулар, ажыраулар пайда болғаны айтылды. Мердігер компания болса, соттың шешімімен келіспеді. – Астана қаласының прокура­тура­сына сот шешімінің орындалуы жөнінде жүгінгенбіз, сол бойы жауапсыз қалды. Неліктен бұлай, түсініксіз, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Байболат Қазбеков. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев дренаждық қосалқы жүйелерді жөндеуге берілетін жобалық-сметалық құжаттарды жасау үшін 5,4 миллион теңге көлемінде қаржы бөлдірді. Ал, аудандық әкімдік, аудандық құрылыс бөлімі аурухана төменгі қабатынан шығатын жерасты суын болдырмау үшін арнайы гидрогеологиялық зерттеу жасау керектігін ұсынуда. Мәселенің мәнісі, «Гидрогеология» ЖШС жүргізетін зерттеу жұмыстарына жұмсалатын бұл 2,8 миллион теңгемен кім қаржыландырады деген сұрақ тудырады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ма, «Гидрогеология» ЖШС немесе құрылыс басқармасы ма? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлан Қасымов құрылысты бақылау, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары басқармасы жерасты суларын бұру дренаждық қосалқы жүйелерін құрудың жобалық негіздемесіне және зерттеу жасау үшін 5,4 миллион теңге бөлді дейді. Басқармалар тіпті, қайсы қаражат қайда, қалай, кімге, неге бөлінгендерінен де хабарсыз сияқты. Яғни, жоғарыда жазып өткеніміздей, енді ғана жасалайын деп отырған гидрогеологиялық бұл аса қажетті зерттеулер аурухана құрылысы басталмай тұрып жүргізілуі керек еді. Тіпті, жерасты суы жайында айтылған аудан орталығының тұрғындарының, аурухана басшылығының қауіптің алдын алу ескертпелеріне сол кезде 2009 жылы ешкім назарға алған да жоқ. Назар салғанда аурухана құрылысын сол кезде-ақ тоқтатып тастауға болар еді. Бұл, әрине, аурухана құрылысына тапсырыс берген облыстық құрылыс басқармасының қателігі деуге болар. Облыстық құрылысты бақылау, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары басқармасы бастығы Дәулет Мұстафиннің айтуынша, бүгінгі күні аурухананың төменгі жертөле қабатының суға толуы үлкен проблемалы мәселе көрінеді, жерасты суларының көтерілуіне байланысты жертөле қабатын, аралық галереяны түгел су басуда. Мәселенің мәнісін анықтау үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша көшпелі мәжіліс те өткізіліпті. Жылда осы. Жылда көктем келеді. Жылда су басады. Жылда су деңгейі көтеріліп келеді. Жылда жаңбыр, қар жауады. Бір нақты дұрыс шешім шығаратын уақыт жеткен сияқты. – Қайта, ауданға биыл жаңадан әкім Бекзия Ысқақова келгелі аурухананың жағдайына көңіл бөліне бастады. Дереу дабыл қағып, басқарма басшыларын шақырды. Енді түбі бір нәтижесі болар деп үміттенеміз, – дейді Байболат Қазбеков. Бұл жерде мәселе, жер қозғалса да қозғала қоймайтын шенеуніктердің бір-біріне сілтеуінде емес, мәселе адам факторында ғой. Бүйте берсе іргесі шіріген, жаңадан салынды деген аурухана ғимараты құламасына кім кепіл? Біресе жатақхана, біресе тұрғын үйлер құлап жатқан соң, қазір бұған сенім жоқ. Біз көргенде іргесі сөгіле бастаған қабырғалар, жарықтар, жарықшақтар барған сайын ұлғая береді. Жарайды, біз қорқынышты болса да, бір сәт қана аурухананың төменгі қабаттарын аралап көріп шықтық. Бірақ, мұнда күні-түні дәрігерлер еңбек етуде, науқастар жатыр. Балалар, қарттар, екіқабат әйелдер дегендей. Жаман айтпай жақсы жоқ. Апат айтып келмейді. – Басында біз де қатты қорқатынбыз. Қазір жарылған, ажырап бара жатқан қабырғаларға, жарықшақтарға да үйреніп кеттік. Біздерге адам емдеу керек, – дейді ауыл дәрігерлері. Бас құрылысшы Дәулет Мұстафинның айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасымен бірлесіп, гидрогеологиялық зерттеулер өткізу туралы тапсырма беріліпті. Онсыз да түсінікті жағдай, бұл жерге құрылыс салуға болмайтыны кезінде ескертілді. Енді зерттеу жүргіздің не, жүргізбедің не – бәрібір. Зерттеу жүргізбей-ақ бұл жағдайды Көктөбенің қарапайым тұрғыны жақсы біліп отыр. Қазір енді «Ақмола-Қапшағайқұрылыс» ЖШС-ін табу мүмкін емес, тіпті, бұл серіктестік жабылып қалыпты деген де ақпарат бар. Қайран қыруар қаражат желге ұшқандай. Жіптің ұшын табу қиын. Кезінде осы аурухана салынсын деп бастама көтерген, сол кездегі облыстан сайланған депутаттар қазір аурухананың қандай күйде қалғанын біле ме екен? Халықтың аманаты жерде қалды. Ал, апатты жағдайдың аз-ақ алдында тұрған аудандық аурухананың сапасына облыстық құрылыс басқармасы 10 жылға дейін жауапты делінген кепілдік құжаты бар. Олай болса, жауаптылар жауапкершілікке тартылғаны жөн болар деп ойлаймыз. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Май ауданы.