Аймақтар • 17 Қаңтар, 2025

Көптен күткен қоныстой

597 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдықорғанның «Береке» қалашығындағы үйлер халыққа біртіндеп беріліп жатыр. Былтыр 25 пәтердің кілті табысталса, жақында 30 үй иесін тапты. Одан бөлек, Жаркент қаласындағы кезекте тұрған тұрғындар да қоныс тойы­н тойлап жатыр. Жалпы, өңірде биыл 122 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған, оның 105-і осы жылы пайдалануға беріледі.

Көптен күткен қоныстой

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес өткен жылы «Береке» коттедж қала­шығындағы құрылыс сапасына байланыс­ты өзекті мәселелерді шешу бағытында бірқатар жұмыс жүргізілді. Соның нәти­жесінде жұрт тілегі орындалды.

«Береке қалашығы облыс әкімінің жеке бақылауында тұр. Ай сайын арнайы тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бұрынғы қателіктерге қайта жол беруге болмайды. Кезекте тұрған көпбалалы аналар тиесілі үйіне кіріп жатыр. Бәрі заңның аясында, құрылыс жұмыстарын білікті мамандар қадағалап отыр. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, қалашықтың тынысы кеңейеді», деді Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл.

Қалашықта құрылысы аяқталмаған, сапасында кемшіліктері барларын қоса алғанда проблемалық 204 коттедж болған. Ескертулер түзетілгеннен кейін 25 коттедж өткен жылдың соңында кезекте тұрған азаматтарға берілді. Енді міне, 30 отбасыға үй кілттері табысталды. Тағы 42-сін бірінші тоқсанның соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 107-сі кезең-кезеңімен енгізіледі.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы облыс көлемінде халықты қолжетімді баспанамен қам­тамасыз етудің барлық шаралары қабыл­данып жатыр. Өткен жылы өңірде тұрғын үй салу және сатып алу есебінен 2 708 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Облыс орта­лығына келсек, былтыр кезекте тұрғандар қатарынан 1 283 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, биыл тағы 1 400-ден астам отбасын қамту жоспарланып отыр.

«Тұрғын үй кезегінде 10 жылдан аса тұрдым. Осы сәтті ұзақ күттік. Отба­сы­мызды қуанышқа кенелткен азамат­тардың бәріне шын жүректен алғыс айтамын. Бұрын көзге қораш көрінетін үйлерге тіршілік қайта оралып, өзім қатар­лы келін­шектер мәз-мейрам болып жүр», дейді жеті баланың анасы Гүлнұр Нұрым­бетова.

Панфилов ауданының Жаркент қаласында да 80 пәтерлі тұрғын үй пайда­лануға берілді. Жаңа пәтерлерді әлеуметтік осал топ санатымен кезекте тұрғандар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, басқа да санаттағы азаматтар алды, сөйтіп, кезекте тұрған 700-ге жуық адам баспаналы болды.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 100 денсаулық сақтау нысаны, 10 мәдениет нысаны, 8 білім беру нысаны, 3 спорт нысаны, 1 оңалту орталығы салынады, солардың 105-і биыл іске қосылады деп жоспарланған.

«Биыл Алакөл және Панфилов аудандарында 900 орынды 2 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алакөл ауданы Лепсі ауылында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Сондай-ақ жаңа мәдениет үйлері Ақсу ауданының Матай, Арасан, Есболатов ауылдарында, Көксу ауданының Жарлыөзек ауылында іске қосылады. Олардың екеуі спорт залдарымен бірік­тірілген нысандар болмақ. Денсаулық сақтау саласында 39 фельдшерлік-аку­шерлік, 20 медициналық пункт, сондай-ақ 4 жедел жәрдем стансасы, ҚАЖК-нің 1 медициналық қызметі нысаны са­лына­ды», делінген облыстық құрылыс басқармасының хабарламасында.

Биыл әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, инженерлік-коммуникациялық желілер, өрт сөндіру депосы, ауыл ша­р­уашылығы объектілері, жалпы алғанда түрлі саладағы 298 нысанның құрылысы жоспарланған. Облыс құрылғалы бері жөндеу мен жаңа құрылыс жүргізудің нәтижесінде нысандарды жаңарту 50%-ға жетті. Соның ішінде өткен жылы өңірде 171 нысан салынып, пайдалануға берілді.

 

Жетісу облысы