
Олар: жерлесіміз Елдос Сметов, әзербайжандық Хидаят Гейдаров, грузин Лаша Бекаури. Осы үш оғланның ішінен Халықаралық дзюдо федерациясының сарапшылары үздікті анықтайды. Салтанатты марапаттау рәсімі 1-2 ақпан күндері Парижде өтетін биылғы алғашқы маңызды дода Grand Slam бәсекесінде табыс етіледі.
Елдос Париж жазғы Олимпия ойындарында 60 кг салмақта топ жарса, 2021 жылы Токио төрінде өткен төртжылдық аламанында қола медаль еншіледі, 2016 жылы Рио жазғы Олимпиадасының финалында сүрініп, күміс жүлдені олжалады. Әзербайжандық Хидаят Гейдаров Париж жазғы Олимпиадасында 73 кг салмақта топ жарып, тұңғыш рет Олимпиада медалін иеленді. Ал 24 жастағы грузин Лаша Бекауридің бұл екінші аламаны. 2021 жылы Токиода, былтыр Парижде 90 кг салмақ дәрежесінде барлық қарсыласын алып та, шалып та аударып тастап, алтын медаль еншіледі.