Қоғам • 17 Қаңтар, 2025

Тірі жетімнің несібесі кемімесін...

568 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауында: «Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады», деп мәлімдеді. Бұл ретте бүгінде бауыр еті баласынан безген «көкек әкелер» мен «көкек аналардың» тірі жетім атанған перзенттері үшін алиментті уақтылы және толық мөлшерде төлеу мәселесі өзекті.

Тірі жетімнің несібесі кемімесін...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Себебі елімізде зайыбымен ажырасып, заң бойынша алимент төлеуге тиіс болған азаматтар қатары жылдан-жылға көбейіп барады. Әділет министрлігінің мәліметіне қарағанда, олардың саны 2022 жылы – 256 мың, 2023 жылы 273 мың болса, былтыр үш тоқсанда 322 мыңға жеткен. Оның ішінде «көкек әкелер» саны – 311 мың, «көкек аналар» саны – 11 мың. Ал туған перзенті үшін алимент төлеуден жалтарып жүргендер саны – 31 мың. Тірі жетімдердің алашағының жалпы сомасы – 31 млрд теңге.

Алимент төлемей, берешекке батып жүргендердің бәрі бірдей жұмыссыз немесе айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген кедей адамдар емес. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдары жуырда жүргізген тексеріс барысында қасақана алимент төлемей жүрген «көкек әке» баласына 4,7 млн теңге қарызы бола тұра, букмекер кеңсесінде құмар ойын ойнауға 33,9 млн теңге ақша жұмсағанын әшкереледі. Арсыздық пен азғындықтың шарықтау шегі осы болар. Бұл борышкер Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жақында Шығыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған баласына алимент төлеуден бас тартып, 2 млн теңгеден аса берешегін өтемеген «көкек әке» сот үкімімен 9 айға бас бостандығынан айы­рылып, темір тордың арғы жағына тоғытылды. Өкінішке қарай, мұндай мысал аз емес. 2022 жылы республика бо­йынша қасақана алимент төлемеушілердің 4 065-і – әкімшілік жазаға, 260-ы қылмыстық жазаға тартылған. Алдыңғы жылы осы көрсеткіштер сәйкесінше 6 733 және 269 болған. Ал өткен жылы тоғыз айда алимент төлеуден бас тартқан 3 484 адам – әкімшілік жазаға, 291 адам қылмыстық жазаға кесілген.

Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов жуырда Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда үш айдан аса «көкек ата-анасынан» қар­жылай көмек алмаған балаларға жәр­дем­десу мақсатында салық емес түсім­дерден қалыптастырылатын Мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынған еді. Алай­да бұл ұсыныс қолдау таппады. Себе­бі Үкімет аталған қорды құрып, оның қа­ражатынан алимент төлеу борышкерлер санының тіпті ұлғайып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін деп санайды. Өйткені алимент төлеушілер мемлекет кез келген жағдайда балаларын асырап-бағуға қам­қорлық жасайтынына сенімді болады. Мұның өзі еліміздегі жалған неке бұзу санын көбейтіп жіберуі де ықтимал. Бұ­ған қоса АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Лат­вия, Испания, Бахрейн Король­дігі, Поль­ша, Франция, Аустрия, Шве­ция, Гер­мания, Финляндия және басқа мем­лекет­тердің тәжірибесін талдау али­мент қорын құру мемлекеттік бюд­жет­­тен қар­­жы бөлуді талап ететінін көрсет­ті. Біз­­дің елде Бюджет кодексінің 11-ба­бы­ның 2-тармағына сәйкес салықтық емес түсімдер кірістердің жалпы көлеміне әсер ететін бюджеттің құрамдас бөлігі болып саналады. Сондықтан салықтық емес түсімдер есебінен алимент қорын құру республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің кемуіне әкеледі.

Баласы үшін алиментті уақтылы төлемеумен қатар, оның сомасын әртүрлі айла-шарғымен азайтып жүргендер де бар. Мәселен, «көкек ата-аналардың» біра­зы әдейі ең төменгі жалақыны өздерінің айлық табысы ретінде көрсетеді. Оның мөлшері биыл – 85 мың теңге. Мұндай жалақыдан бір балаға төленетін алимент – 22 мың теңге ғана. Бұл сома баланың қажеттіліктерін өтеуге жетпейді. Себебі еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге. Тағы бір кереғарлық – отбасында бірнеше бала болуы алимент сомасының барабар ұлғаюына әкелмейді. Өйткені қолданыстағы заңнама үш және одан да көп бала үшін төленетін алимент мөлшерін оны төлеушінің айлық табысының жартысы деңгейінде шектейді. Салдарынан көптеген тірі жетім қаржы тапшылығынан мұқтаждық көріп жүр.

Әділет министрлігі жүргізген талдау қо­ры­тындысында 400 мыңдай тірі же­тім­нің 18,4 пайызы – 13-тен 20 мың тең­геге дейін, 18,5 пайызы – 20-дан 43 мың тең­геге дейін, 16 пайызы – 43-тен 130 мың тең­­геге дейін, 7 пайызы 130 мың теңгеден және одан жо­ғары алимент алатыны анық­тал­ды. 48 мыңға жуық борышкер али­мент­ті ең тө­­менгі жалақыдан төлейтін болып шықты.

Шынтуайтында, алимент төлеудің кеңес заманындағы заңнамасына негіз­делген қазіргі жүйеде балалардың жас ерекшеліктері мен өзгермелі эконо­ми­калық жағдайлары ескерілмеген. Бұл балалардың әлеуметтік тұрғыдан әл­жуаз болуына және толыққанды өсіп-жетілуі үшін қажетті ресурстармен қамтылмауына әкеліп соғып отыр. Нақ­ты айтқанда, елімізде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс­ке сәйкес сот шешімімен тірі жетім­дердің ата-аналарының жалақысы мен өзге де табысының жалпы сомасынан ай сайын 1 балаға – төрттен бір, 2 балаға – үштен бір, 3 және одан да көп балаға жартысы мөлшерінде алимент өндіріп алынады. Бұл тәжірибе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елде­рінде қолданылады. Ал АҚШ, Кана­да, Аустралия және Батыс Еуропа елдерінде тірі жетімдерді әлеуметтік қолдау, негізінен, мемлекеттік бюджеттен және борышкерлерден өндіріп алу есебінен қаржыландырылады. Сонымен қатар әр елдің төлем мөлшеріне, өтінішті қарау мерзіміне, неке ұзақтығына және басқа жағдайларға қатысты өзіндік ерек­шелігі бар. Мысалы, Германияда алимент белгілеу кезінде саралау тәсілі қол­данылады. Төлем мөлшері баланың жасы мен ата-анасының табысына қа­рай айқындалады. Төлеушінің кірісіне қара­­мастан, алименттің ең аз мөлшері 5 жас­қа дейін – 480 еуро, 6 жастан 11 жасқа дейін – 551 еуро, 12 жастан 17 жасқа дейін – 645 еуро, 18 жастан бастап 689 еуро болып белгіленген. Біздің елде алименттің ең төменгі мөлшері заңнамалық түрде айқындалмаған. Соның салдарынан алимент төлеушілер төлемді азайту үшін өздерінің нақты кірістерін жасыруды «дәстүрге» айналдырып алды.

Еліміздегі бағаның ұдайы өсуін және өзгермелі экономикалық жағдайды ескерсек, алимент төлеу тәртібі мен мөлшерін қайта қарау мәселесі пісіп-жетілді. Осыған орай таяуда Парламент Сенатының алимент мәселесін көтеріп жүрген депутаты Жанна Асанова жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Сот әкімшілігінің, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өкілдері енді. Олар отбасы жағдайын, балалар санын және олардың нақты қажеттіліктерін назарға ала отырып, алименттің неғұрлым әділ де икемді мөлшерін белгілеуге, алимент төлеушінің табыс мөлшерін қасақана төмендетуге жәрдемдесетін жұмыс берушілер үшін әкімшілік жауаптылық енгізуге бағытталған заңнамалық түзе­тулерді пысықтайды. Мысалы, Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің пікіріне қарағанда, алимент мөлшері кемінде ең төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас, яғни 43 407 теңге болуы қажет. Сондай-ақ сот орындаушыларына борышкердің банк есепшоттары туралы мәліметтерді сұрауға мүмкіндік беру және жұмыс берушілерге алимент төлеушілердің нақты жалақысының мөлшерін хабарлауды міндеттеу сияқты ұсыныстар қаралады. Түйіндей айтқанда, Әділетті Қазақстанда тірі жетімдердің несібесін кемітуге жол берілмеуге тиіс.

«Қазіргі уақытта борышкерді іздес­тіру талапкердің, яғни алимент алу­шының тіркелген мекенжайы бойынша жүргізіледі. Бұл ақылға қонымсыз және тиімсіз, себебі алимент алушы басқа өңірде немесе тіпті басқа елде тұруы мүмкін. Мысалы, борышкер Түркістан облысында тұрса, іздестіру Маңғыстау облысында жүргізіледі, өйткені алимент алушы Маңғыстау облысында тұрады. Осылайша, қарыз алушыларды табу іс жүзінде мүмкін емес», деді Д.Зәкиева.