Білім • 17 Қаңтар, 2025

Қазақстанда білім беру туризмі дамып келеді

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда еліміз 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісім жасаған, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда білім беру туризмі дамып келеді

Фото: yu.edu.kz

Шетелдік серіктестік жоғары оқу орындарында білім алу үшін 2 090 грант бөлінді

Елімізде Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 серіктес жоғары оқу орындары бар. Биыл осы бағытта 11 келісімді іске асыру жоспарланған. 

«Бүгінгі таңда мыңдаған студент 34 мамандық бойынша білім алады.  Оның ішінде педагогикалық, инженерлік-техникалық және жасанды интеллект сияқты негізгі бағыттар бар. Бұл мақсаттарға мемлекеттік білім беру гранттары (бірлескен білім беру бағдарламалары және қос диплом бағдарламалары) және мемлекеттің қолдауымен оларға жағдай жасау арқылы инвесторлардың қаражаты бөлінеді. Шетелдік серіктес ЖОО-ларды іріктеу жекелеген салалардағы кадрлық қажеттілікке және өңірлердің сұраныстарына негізделеді», делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық атом өнеркәсібі, «жасыл» сутекті әзірлеу, Қазақстанда баламасы жоқ су қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты аса сұранысқа ие және тапшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауға бағытталған.

Президент тапсырмасын орындау шеңберінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында мұнай инженериясы, электр энергетикасы және компьютерлік инженерия бағдарламалары бойынша британдық Heriot Watt университетінің филиалы ашылған.

Химия және химиялық технологиялар саласында кадрлар даярлау үшін М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің, Педагогикалық кадрларды даярлау мақсатында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында Гази университетінің (Түркия) филиалдары білім беруде.

Бейжің тіл және мәдениет университетінің (ҚХР) филиалы Астана халықаралық университеті базасында, Квинс университетінің филиалы (Ирландия) Нархоз университеті базасында жұмыс істейді.

2025 жылға дейінгі жоғары білім беруді интернационалдандыру стратегиясы шеңберінде шетелдік азаматтарға, соның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ диаспорасының өкілдеріне арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылды.

«2024-2025 оқу жылында шетелдік азаматтарға арналған стипендиялық бағдарлама бойынша Қазақстанның 37 ЖОО-да 550 білім алушы қабылданды (бакалавриат - 490, магистратура - 50, докторантура - 10). Стипендиялық бағдарлама тегін білім алуды және ай сайынғы стипендияны қамтиды», делінген министрлік мәліметінде. 

12 727 ел азаматы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алды

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 30 жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясы техникалық, инженерлік, медициналық және педагогикалық бағыттарға қайта бағытталды.

Осы жылдар ішінде стипендия 12 727 ел азаматына әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берді. Оның ішінде 55% гуманитарлық, 36% инженерлік-техникалық, 7% медициналық, 2% мәдениет және өнер бағыты бойынша білім алған.

Түлектер әлемнің 30-дан астам елінде 400-ден астам жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында оқып, тағылымдамадан өткен.

2024 жылы бағдарлама түлектері 213 мың медициналық ота жасап, 145 мың білім алушы мен студенттерді оқытып, мыңнан астам ғылыми еңбектерін жариялады.

2024 жылы ЖОО контингентіндегі шетелдік студенттердің үлесі 15%-ды құрады, әлемнің 23 елінен 97 университеттермен 245 қос диплом бағдарламасы іске асырылды.

Шетелдік студенттер саны 93 елден 31 400 адамды құрады, бұл 2023 жылғы 82 елден 26 800 студентке қарағанда 4 600 адамға көп.

Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқытушылық қызметке 1600-ден астам шетелдік сарапшы тартылды.

2024 жылғы білім беру бағдарламаларының нәтижесінде QS World University Rankings 2024 әлемнің үздік университеттерінің халықаралық рейтингіне 21 қазақстандық ЖОО кірді.

«Университет пәндерін оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында еліміздің ғылыми ұйымдары мен ЖОО-на халықаралық дерекқорларға тегін қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Google компаниясымен бірлесіп еліміздің 15 жоғары оқу орнының 5000 студентіне арналған жасанды интеллект бойынша курстар іске қосылды.

Coursera онлайн білім беру платформасы жобасы аясында қазақстандық студенттерге 40 мың лицензия бөлініп, 93 жоғары оқу орнынан 153 мың сертификат берілген.

Корея мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен білім беру және мамандарды бірлесіп даярлау бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілген.