Аймақтар • 17 Қаңтар, 2025

Алматы облысында қылмысты азайтудың жол картасы әзірленді

253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың төрағалығымен өткен кеңесте қылмыстың алдын алу және криминогендік жағдайды жақсарту бойынша жаңа жол картасы бекітілді, деп жазады Egemen.kz.

Алматы облысында қылмысты азайтудың жол картасы әзірленді

Фото: gov.kz

Жол картасында өңірдегі қылмыс санын биыл 10 пайызға, 2026 жылы 15 пайызға төмендету көзделген. 

Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыстар, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар санын қысқарту, сондай-ақ жол апаты салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер санын 2025 жылы 25 пайызға, 2026 жылы 30% азайту жоспарланған. 

Кеңеске қатысушылар осы мақсатта атқарылатын істерді пысықтады. 

Оның ішінде криминогендік аймақтарды анықтап, талдау жүргізу, рейд шараларын көбейту, ескертпе қағаздарды даярлау, «Заң керуені» акциясын тұрақты өткізу сынды жұмыстар бар. 

«Сондай-ақ, бұрын сотталғандар үшін жеке оңалту жоспарларын іске асыру, қайталама қылмыстардың алдын алу, әлеуметтік кәсіпкерлікті пайдалану және мемлекеттік сатып алу шеңберінде мердігерлермен меморандумдар жасасу арқылы жұмысқа орналастыру, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайдағы отбасылармен жұмыс қамтылады.Заманауи технологияларды енгізу арқылы жедел желілер, телеграм-боттар, халықпен жедел өзара іс-қимыл жасауға арналған мобильді қосымшалар қолдану.  Қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр», делінген облыс прокуратурасының хабарламасында. 

Қосымша бейнебақылау камераларын орнату да жол картасына енгізілген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде әкімдік «Sergek» қоғамдық және жол қауіпсіздігінің зияткерлік жүйесін енгізу жобасын іске асырып жатыр. Жоба аясында Алматы облысы бойынша 9 мың қоғамдық қауіпсіздік камерасы мен 325 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жоспарланған.

Аймақтағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың істері, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын түбегейлі қайта реттеледі.