Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ хандығы феномені: тарих және тағылым» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиында: «Ұлы Далада күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған алып мемлекеттер болған. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан – сол бабалардың заңды мұрагері», деген болатын. Ұлытауда айтылған сол сөзден бастап елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығын өз дәрежесінде атап өту шарасына дайындықтар қызу басталып, жекелеген ғылыми институттар мен бірлестіктер Қазақ хандығының тарихына қатысты көптеген тың деректерге қол жеткізіп, ұлттық қалыптасуымыз бен даму үдерісіне қатысты тиянақты ізденістер жүргізіп келеді.
«Қайнар» академиясы мен Философия, саясаттану және дінтану институты ұйымдастырған бұл конференцияның мақсаты азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру болып табылды. Жиын барысында Қытай, Франция, Португалия, Словакия, Өзбекстан және Қырғызстан секілді алыс-жақын шет елдерден келген тарихшы ғалымдар мен еліміздің белгілі көрнекті ғалымдары Қазақ хандығының құрылуы мен тарихи дамуының өзекті мәселелерін талқылады. Ғылыми кеңеске академик Әбдімәлік Нысанбаев, көрнекті археолог ғалым Уахит Шалекенов, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Кәрімбек Құрманалиев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқаров және Қайнар академиясының ректоры, профессор Еренғайып Омаров қатысып, өз баяндамаларында әр мәселенің түйінді тұстарын ғылыми тұрғыдан негіздеп, жаңа көзқарас деңгейінен талдады.
Келелі жиынның пленарлық мәжілісінде қозғалған Қазақ хандығының тарихы мен оның қалыптасу, даму дәуірлерін қамтитын, хандық тұсындағы философиялық пайымдау дәстүрі, моңғол-түрік империясына қатынасы, Жібек жолы бойындағы өңірлердің дамуы, сол кезеңдегі әскери қоғам мен осы мәселелердің зерттелу проблемаларын ортаға салған тақырыптар ғылыми тұлғалардан бөлек, осы конференцияға қатысқан ізденуші жас ғалымдардың да зор қызығушылығы мен ынтасын арттырды.
Конференция аясында Қайнар академиясының ректоры, профессор Еренғайып Омаров жазған «Қазақ өркениетінің негізі» атты көлемді ғылыми еңбектің тұсауы кесілді. Онда сөз алған ғалымдар аталмыш кітапта қазақ өркениетінің тұмса табиғаты айқын ашылып, тарих тұрғысынан оның өсіп-өркендеуін Орта Азия және Еуразия өркениетімен байланыстыра зерттелгендігін атап өтті.
Халықаралық ғылыми-теориялық конференция отырысында ғалымдар Қазақ хандығына қатысты кейбір мәселелерді ортаға салып, ғылыми пікірталас өткізді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген
Айтжан МҰРЗАНОВ.