
Полиция майоры Берқан Оралханұлы бұған дейін де бірнеше марапатқа ие болған. Соның бірі 2023 жылы І дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісін таққан. Бүгінгі марапаты тіптен ерекше, құнды. Республикада «Жыл үздігі» атанып отыр. Әріптестері де майордың мұндай атаққа әбден лайық екенін айтады. Криминалистика саласына 2012 жылы келіп, сол уақыттан бері аз қылмыстың беті ашылған жоқ.
– 2012 жылы Өскеменнің Стрелка шағын ауданын патрульдеп жүріп, бұрын-соңды сотты болған азаматты ұстадық. Ішкі түйсік дәл сол азаматтың тегін жүрмегенін сездірді ме, тоқтатып, тінттік. Әрине, заң аясында. Сонда әлгі азаматтың сөмкесінен оқтаулы тапанша шықты. Бәлкім, қандай да қылмыстың алдын алдым ба, басшылық бұл еңбегімді ескерусіз қалдырмады. Бұдан да басқа қылмыс іздері ашылды. Тіпті, бір ғана заттан із алып, аз уақыттың ішінде күдіктіні құрықтағанымыз бар, – дейді Берқан Оралханұлы.
Үздік полицей Күршiм ауданы, бүгінгі Барақ батыр ауылында дүниеге келген. Әуелде В.Бунтовских атындағы толық емес орта мектепте оқыған. Одан соң Құйған ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте білім алуын жалғастырып, 1997 жылы түлеп ұшқан. Сол жылдың күзінде Өскемендегі Д.Серiкбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне оқуға түсiп, оны 2003 жылы тәмамдаған. Сәл кейін құқықтану мамандығы бойынша Шығыс Қазақстан аймақтық университетінде екінші жоғары білімін алған. 2006 жылдың мамырында Қарулы күштер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеген. Әскер қатарында «БМП-да» бағыттаушы-оператор лауазымында жүріп, 2007 жылы кіші сержант әскери атағымен запасқа ауыстырылды. Сол жылы Өскемендегі ІІМ училищесінде қызметкерлерді алғашқы дайындау курстарынан өтті. Сөйтіп, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасқан. Алғашында Ұлан ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында қызмет атқарды. Тұңғыш офицерлік шенін 2012 жылы Өскемен қаласы полиция басқармасының жедел криминалистикалық бөлімшесінде криминалист лауазымында жүріп алған. Мұнда тоғыз жыл қызмет атқарып, Қарағанды қаласындағы Ішкі істер академиясында оқып, дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық және суық қаруға зерттеулер жүргізу куәліктерін алған. Сол жылдары өзі де ұстаздық етіп, бірнеше жас қызметкерді дайындады. Қазіргі уақытта олар өзімен бірге капитан шенінде қызмет атқарады. Айтқандай, «Тәлімгер» төсбелгісін де иеленген.
Ал полиция департаментінің жедел криминалистика басқарамасының криминалисі лауазымына 2021 жылы тағайындалған. Қазіргі уақытта ШҚО ПД ЖКБ-ның аға криминалисі лауазымында баллистикалық зерттеулермен және мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру бойынша жұмыс атқарады.
Айтып өткендей, криминалистика арқасында ашылған қылмыстар саны аз емес. Ол үшін Ішкі Істер министрінен және ШҚО ПД басшылығынан бірнеше рет марапат алған. Берқан Оралханұлы жұмыстан қолы қалт етсе, отбасына көңіл бөледі. Үлкен қызы жоғары білімін алып, еңбек жолына түскен. Ал кіші ұлы мектепте төртінші сыныпта оқиды. Сондай-ақ спортпен де шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады.
Шығыс Қазақстан облысы